«Халық қоғамдық негізде жиналып өткізген іс-шара қашанда шынайы, шынайы болғандықтан өте қызықты болады». Тарбағатай ауданы Шолақорда ауылының халқы ұйымдастырған волейбол жарысына келушілер осылай дейді.
Жуырда Шолақорда ауылының жастары облыс орталығы Өскеменде волейбол жарысын ұйымдастырды. Жарыс дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткізілді. Оған Тарбағатайдың 15 ауылынан сонша команда келіп қатысты. Командалар төрт топқа бөлінді. Таңғы сағат тоғызда басталған жарыс түнгі онда әрең аяқталды.
Жарыс нәтижесі бойынша Қабанбай ауылының жастары үздік шықты. Ал екінші орыннан қазіргі аудан орталығы – Ақжардың командасы көрінді. Үшінші орынды Шолақорданың өз жастары түйіндеді. Жарыста төртінші орын алған команда – Жетіралға да бәйге берілді.
Спорттық іс-шараны ұйымдастыруға бастамашы болғандардың бірі Жасұлан Садырбековтің айтуынша, спортзалдың жалақысы, жарыстың жүлдеқоры мен бағалы сыйлықтары – бәрін ауыл адамдары көтеріп алған.
– Тарбағатай ауданы ауылдары арасында мұндай жарыстар дәстүрлі түрде болып тұрады. Бұл ауданның бірлігін көрсетеді. Артымыздағы бауырларымызға салауатты өмір салтын ұстануды насихаттауға ұмтылғанымыздың көрінісі. Мұның астарында туған жерге деген патриоттық сезімді ояту мақсаты да жатыр, – деді Жасұлан Садырбеков.
Айта кету керек, Шолақорда ауылы Қарасу ауылдық округінің құрамындағы шағын ауыл. Көп адам біле бермейтін елдімекеннің береке-бірлігіне жарысқа келушілер дән риза екендіктерін айтып тарқасты. Енді бұл іс-шараның эстафетасын Тарбағатай ауданының тағы бір ауылы қабылдап алады.
Болат Ырысбеков
04.05.2023
686