Мәдениет

«Шолақ қол келіншек» көрерменге жол тартты

«Шолақ қол келіншек» көрерменге жол тартты


Мынау өмірде тағдырдың қанша тауқыметін тартсаң да, Алладан күдеріңді үзбе. «Аллаға сенсең, құстай ұшасың, адамға сенсең, мұрттай ұшасың» деген тәмсіл әсте тегін айтылмаған. Адамға дүние емес, ар, ұят, иман ғана жолдас болмақ. Облыстық драма театрының қазақ труппасының жаңа қойылымы «Шолақ қол келіншекті» тамашалап отырып, біз осындай ой түйдік. Әлем қазақтарының руханиятында өзіндік орны бар ақын, Ақыт қажы Үлімжіұлының бұл шығармасы көрермен қауымның көкейіндегісін дөп басты десек те болады.

Ақын Ақыт есімі Қазақстаннан гөрі Қытай, Моңғолия қазақтарына кеңінен танымал. Оның әдеби мұрасын бізден гөрі сырттағы қазақтар әлдеқайда жақсы біледі «Шолақ қол келіншек» дастанының желісі негізінде жазылған бұл пьеса, жалпы ақынның туындысы біздің облыста ғана емес, жалпы Қазақстанда алғаш рет сахналанып отырғанын ерекше айтқанымыз жөн. Сондықтан да мұны Ақыт Үлімжіұлының әдеби мұрасының тарихи отанындағы қалың қазағымен қауышуы деп айтсақ та артық болмас. Жалпы, Ақыт Үлімжіұлының шығармасы Шығыс Қазақстан облыстық театрының сахнасына қалай тап болды? Біз бұл туралы қойылымның қоюшы режиссері Сахан Акелеевтен сұраған болатынбыз.

– Биыл Ақыт атамыздың 150 жылдығы. Осы Ақыт Үлімжіұлының өмірі мен шығармашылығын 8-9 жылдан бері зерттеп, бүкіл еңбектерін жинақтап жүрген Гүлнар Омарова деген профессор қарындасымыз бар. Сол қарындасымыз Ақыт атамыздың Түркиядағы Мәстура деген қызының қолдауымен Ақыт атамыздың екі томдық кітабын шығарған екен. Оның ішінде ақынның қиссалары мен дастандары, өлеңдері еніпті. Ақынның жиырма төрт баласының бірі, әке жолын ұстап дін жолында ғана емес, әдебиет пен мәдениетке де ерекше үлес қосып жүрген ұлы Ғазез Ақытұлының да әкесі жайында зерттеп жазған кітаптары бар. Осы кісілер еліміздің Мәдениет министрлігіне Ақыт Үлімжіұлының 150 жылдығына орай бір туындысы ел театрларының бірінде сахналанса деген ұсыныспен шыққан екен. Министрліктегілер Шығыс Қазақстандағы Семей немесе Өскемендегі театрлардың бірі сахналасын деп облыс әкіміне хат жіберген. Бұл қойылымды сахналау бізге бұйырып тұрған болса керек. «Шолақ қол келіншектің» сценарийін оқыдым да, бірден қоямыз деген шешімге келдім. Оның үстіне діни дастанның сахналық нұсқасын жазған Шынай Рахметұлы пьесаның соңына «Осыны тірілткен адамға, осыны сахналаған адамға Алланың нұры жаусын» деп жазып қойыпты. Шынай Рахметұлы бүгінде сексенді алқымдап қалған кісі. Моңғолияның мемлекеттік сыйлығының иегері, өзі драматург, бір сөзбен айтқанда сол жақтағы қазақтардың беткеұстар қаймағы екен. Пьесаны аз ғана уақыттың ішінде дайындадық. Ерекше бір шешім, ерекше бір актерлік ансамбль болды. Ол жағын көрерменнің өзі айта жатар. Театр басшылығы «қойылымның илеуі қанбай жатса, мерзімін ұзартайық» деді. Бірақ «көштің жүре түзелетіні секілді» пьесаны жарыққа шығаруды жөн деп таптым, – дейді Сахан Акелеев.

«Шолақ қол келіншек» көрерменге жол тартты

«Біткен іске сыншы көп» дейді қазақ даналығы. Бірақ, біз сынаудан мүлдем аулақпыз. Өйткені, мұндай адамға берер ғибраты мол қойылымды көрерменнің көптен күткенін жақсы білеміз. Тәрбие мен тағылымға бай рухани қойылым жиналған қауымның санасына сәуле түсіріп, үлкен ой салды. Дүниенің құлына айналған Қарынбайдың бейнесі де әрқайсымызға таныс. Жарлыға қол ұшын созып, қайыр бергені үшін Ғазизадай арудың қолын шауып тастаған қаныпезердің өз жазасын алуы да әділетті. Ақыт Үлімжіұлының жақұт шығармасының сәтті шығуы үшін актерлер құрамы да барын салыпты. Әсіресе, Мұңлық ананың образын сомдаған Мадина Құмарованың ойыны көрермен қауымның көңілінен шықты.

– Театрда қызмет істеген 18 жылдың ішінде бірінші рет осындай ана образын сомдадым десем болады. Әрине, өнер адамының өзіне әрқашан көңілі толмайды ғой. Жанымды салып қанша дайындалсам да, рөлім өзіме әзірге әлі де шикі секілді көрінеді де тұрады. Бірақ кейіпкерімнің басынан өткізген тауқыметті тағдырын сезіндім. Мұңлық ананың бейнесі – өте күрделі образ. Ол қиыншылықты көп көрген, бәрінен айырылған ана. Өмірден баласы да, шалы да кеткен. Енді сол бір Алла деп, құдай деп шалынан қалған жұртта жалғыз өмір сүріп жатқан жайы бар. Бірақ та ішкі діңгегі өте мықты адам.
«Жалғыздық Аллаға ғана жарасқан, ал одан кейін маған» дейді ол пьесада. Өзіне құдайдың болысып, қолдап отырғанын анық көріп тұрған, өз-өзіне сенетін адам ғана осылай айтады деп ойлаймын. Осы кейіпкерімнен мен сабырлықты, жоққа да, барға да қанағат қылуды үйрендім, – дейді Мадина Құмарова.

Мадина осынау рөлді сомдау барысында көп ізденгенін айтады. Образдың нанымды шығуына Мадинаға Семей қаласында тұратын 93 жастағы әжесінің бейнесі көп көмектесіпті.

– «Әжемнің суреттерін жіберші, түрін көрейін, видеоға түсіріп жіберші, қылықтарын көрейін» деп әпкеме өтініш жасадым. Кәрілік деген әлі өз бойыңда болмағаннан кейін, әлі оған жетпегеннен кейін іздейсің ғой. Сол әжемнің қылықтарының бәрін осы сахнада жасап жүрмін қазір, – дейді ол жымиып.
Облыстық драма театрының белді актрисаларының бірі Мадина Құмарова Үржар ауданы Таскескен ауылында туып өсіпті. Еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дариға Тұранқұлқызының шәкірті. Мадина облыстық драма театрында 2000 жылдан бері еңбек етіп келеді екен.

Қойылымда Бектас рөлін сомдау жас актер Еркебұлан Какимовке бұйырыпты. Бектас – бай отбасынан шыққан дәулетті жігіт. Бірақ бір-ақ күнде барынан айырылып, қайыршылық халге түседі. Қандай жағдайды басынан кешсе де ол жүрегіндегі иманын жоғалтпайды, бір Алланың барына сенеді.

«Шолақ қол келіншек» көрерменге жол тартты

Сондай-ақ қойылымдағы сұлу да ақылды, инабатты да тәрбиелі келіншек Ғазизаның рөлін сомдаған актриса да өте сәтті таңдалған. Театрдың жас актрисасы Арай Маралбекованың бұл театрдағы алғашқы үлкен рөлі екен. Кейіпкерінің жасы отыздан асқан келіншек болса, Арайдың жасы небары жиырма үште ғана. Әлі тұрмысқа шықпаған актрисаға тағдырлы келіншектің бейнесін сомдау оңайға түспеген сияқты. Бірақ Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдап, театрға былтыр ғана келген Арай Маралбекова өзінің әлі де биік белестерді бағындыратынын дәлелдегендей. Ол бұған дейін «Жан дауа» психологиялық драмасында нашақор қыздың рөлін сомдапты.

Біз Ақыт образын ойнаған актер Қанат Ниязбековты да сөзге тартып, тілдестік.

– Мен бұл қойылымда шығарманың авторы ретінде ғана шығамын. Менікі баяндау ғана. Жалпы, маған Ақыт Үлімжіұлының есімі бұрыннан таныс. Осыдан бес-алты жыл бұрын Түркияның Кония қаласына барғанымызда сол жердің әкімі бізге кітап сыйлады. Сонда қолыма осы Ақыт Үлімжіұлының Түркияда басылған кітабының екінші томы түсіпті. Соның ішінде осы «Шолақ қол келіншек» дастаны да бар екен. Сол кезде оқыған болатынмын. Ақын Ақыт есімін біз білмегенімізбен, Қытайдан, Моңғолиядан келген қандастарымыз жақсы біледі. Мен талай рет арғы беттен келген біраз балаларды тоқтатып алып, сұрадым. «Ой, ол кісі құранды ең бірінші қазақ тіліне аударған адам ғой» дейді олар. Ал «Шолақ қол келіншекті» Ақыт атамыз небары отыз жасында жазыпты. «Отыз жыл ғұмыр кешіппіз. Уақыт болса өтіп барады. Артымызға не қалдырамыз?» дейді толғанып. Қандай керемет сөздер десеңізші. Ал қазіргі кезде отыз жастағы жастарды біз әлі бала деп қабылдаймыз ғой, – дейді Қанат Ниязбеков.

Қалай десек те, жаңа қойылым көрерменге жол тартты. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл қойылымның театр өнерін сүйетін қауым үшін орны мүлдем бөлек. Тарихымызды жаңғыртып, ізгілікке жол нұсқайтын мұндай дүниелердің өміршең болатынын біз де жақсы білеміз.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button