Қоғам

Шөп шабу науқаны қызып тұр

Ерлан Бапанов,ТАРБАҒАТАЙ.

Тарбағатай ауданының шаруалары егіс алқабында күндіз-түні тыным таппай тер төгуде.

   Мысалы, Маңырақ ауылдық округі әкімдігінің дерегінше, төрт түлік мал басын өсіру мен асылдандыруға басымдық берілген. Алайда қыстық мал азығы қорын жылма-жыл дайындап отырмаса болмайды. Бұл жағынан ауылдық округке қарасты «Болатбек»,  «Саяхат», «Бастау», «Асхат», «Нұрдәулет», «Елмұрат», «Жасұлан», «Диас», «Нұржан», «Жұлдыз», «Бұлан», «Дархан», «Думан», «Ардагер»,  «Әділ» шаруа қожалықтарының арты 10, алды 25-30 гектардан арпа, сұлы, бидай егуді дәстүрлі түрде қолға алған.

«Жүздің үстінде ақбас тұқымды ірі қара, төрт үйір жылқы ұстап отырғаннан кейін оның жаздайғы бағымынан бөлек, қажетті жемшөп қорын жинауды бастап кеттік. Отыз гектарға жоңышқа еккенбіз. Бір мәрте шауып алдық. Екінші қайтара шауып алсақ деп су салып жүрміз. Малдың бабын тауып, жайылысты ауыстырып отырмаса болмайды. Қыста Айнабұлақ қыстағында, жазда Сарқырама жайлауында отырамыз. Техникасыз қол қысқа. Сондықтан «ГАЗ-53» жүк көлігі, трактор, рулонды орау техникасы, бүйе тарақ секілді қажеттілерді сатып алғанмын. Сондай-ақ жеті-сегіз гектарға картоп, арпа ектік. Іздеген, талпынған адамға ауылда жұмыс табылады. Науқандық жұмыстарға кейде кісі таппай қаласың. Бірақ бос жатқан жастар көп. Маңдай теріңді сылып тұрып, жаныңды қинамай табыс қайдан болсын?!», – дейді «Асхат» шаруа қожалығының жетекшісі Асхат Маратов.     

   Жиын-терін науқаны Жетіарал ауылдық округінде де қызып тұр.  Округ бойынша  128 шаруа қожалығы  ауылшаруашылық саласында еңбек етеді. «Егістік  жерлер өз мақсатына пайдаланылмаса немесе бос  тұрса, аудандық қорға алынатындығы туралы қожалықтарға ескертіліп тұрады. Биыл  1023 га егістік жер  игерілуде. Оның ішінде  15 га жерге  бидай, 15 га арпа, 47 га картоп, 6 га көкөніс, 940 га жерге жоңышқа егілді», – дейді Жетіарал ауылдық округі әкімдігінің ауылшаруашылық жөніндегі жетекші маманы Ербол Смағзамов.

Тарбағатай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, 2021 жылы аудан бойынша 16257 га жер игерілсе, 2022 жылы 16531 гектар суармалы егістік жер көлемдерін игеру жоспарланған. Оның ішінде 890 гектарға бидай, 1210 га  арпа, 65 га сұлы, 11 10 га көпжылдық шөптер, 100 га майлы дақыл, 15 га бұршақ, 250 га жүгері, 612 га картоп, 344 га көкөніс, 334 га бақшалық дақылдар, 11646 га өткен жылдардан келе жатқан көпжылдық шөптер егістігі орналасқан.

«Жаздың бір күні қысқа азық» деп жүрген мал ұстаушы шаруа қожалықтары мен жеке шаруалар шөп шабу науқанында қызу жұмыс жүргізіп жатыр. Алдағы қысқа малға қажетті азық дайындауда шаруалар ширақтық танытуда. Қалай болғанда да, жаздың қолайлы кездерін пайдаланып, барынша қамданып қалуда.

Осы айдарда

Back to top button