Жаңалықтар

ШҚТУ-да Вера Сухорукова атындағы аудитория ашылды

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Вера Сухорукова атындағы аудитория ашылды.

Ол 2000-шы жылдардың басында Өскемен қаласының әкімі болып, өңірдің дамуына зор үлес қосқан қоғам және мемлекет қайраткері. Вера Николаевна ШҚТУ-дың түлегі болды, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Салтанатты шараға облыс әкімі Ермек Көшербаев, университет ректоры Сәуле Рахметуллина қатысып, жылы лебіздерін білдірді.
Арнайы аудиторияда студенттер жобалық менеджментті, нақты іс-әрекет жоспарын жасауды, командада жауапкершілікті тиімді бөлуді, ресурстарды ұтымды пайдалануды және үздік нәтижелерге қол жеткізуді үйренеді.
Жоба авторы – Өскемен қаласы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы және Вера Николаевнаның жақын құрбысы Татьяна Цветкова.

– Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын біз Вера Николаевна екеуміз сол кездегі ең жаңа экономика факультетінің алғашқы студенттерінің бірі болдық, – деп еске алды Татьяна Цветкова. – Вера Николаевна әрқашан күрделі мәселелерді оңай шеше білуімен ерекшеленді. Мұны ол мемлекеттік қызметте де, жеке кәсіпкерлікте де талай көрсетті.
Аудиторияның ерекшелігі – шағын топтармен жұмыс істеу үшін жеңіл түрленетін арнаулы модульдік жиһаз, интерактивтік панель, сондай-ақ ол арқылы тапсырмаларды бөлуге және үдерістерді оңтайландыруға болатын арнаулы үш түсті, үлкен канбан-тақта.
Вера Сухорукова туралы, оның өмірбаянының негізгі тұстарын қамтитын, сондай-ақ сканерлеу арқылы қосымша ақпаратты табуға болатын QR кодтар орналастырылған түрлі-түсті стенд – жаңа студияның басты ерекшелігі.

Жаңа білім беру аудиториясын ашу «Казцинк» компаниясының қолдауымен жүзеге асты.

– Біз үшін бұл жобаға қатысу – үлкен мәртебе, – деді «Казцинктің» әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев. – Қиын-қыстау кезеңде қала басшысы қызметіне келген Вера Николаевна нағыз көшбасшының кез келген жағдайда өзін танытып, халықтың сүйіспеншілігі мен құрметіне бөлене алатынын талай рет көрсетті. Оның жетістігі әйелдердің отбасы мен білім беруден бизнес пен саясатқа дейінгі өмірдің әр түрлі салаларына қосқан үлесі кез келген заманауи елдің болашағын қалыптастыратынын дәлелдейді.

Айжанат Бақытқызы

 

Осы айдарда

Back to top button