Білім

Шәкірттерінің бәрі өнерлі

Шәкірттерінің бәрі өнерлі
Қосымша білім беру ісіне қазіргі таңда ерекше мән беріліп отырғаны шындық. Осы орайда Көкпекті ауданындағы балалар өнер мектебінің жеткіншектерді өнерге баулудағы орны ерекше. Көкпектіге барған сапарымызда осынау тәрбие ошағының тыныс-тіршілігімен жақын танысқан едік.

Қазіргі кезде кез келген ата-ана баласының өнерлі болып өскенін қалайтыны шындық. Өйткені мына заманда «өнерліге өріс кең» екенін әрбір ата-ана жақсы түсінеді. Көкпекті ауданындағы балаларға арналған осынау өнер мектебі болашақ әншілер мен бишілердің, күйшілер мен қолөнер шеберлерінің шыңдалып шығар киелі ордасына айналған. Балалар өнер мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шарипа Таныбаеваның айтуынша, бұл мектепте бүгінде барлығы 641 бала өнердің әртүрлі бағыты бойынша өз шығармашылығын ұштауда екен. Олардың 328-і Көкпекті ауылындағы өнер мектебіне, 313 бала аталған өнер мектебінің Самар ауылындағы бөлімінде домбыра, фортепьяно, аккордеон сыныптары, сурет, тігін, сәнді-қолданбалы өнер, музыкалық театр, бейнелеу өнері, хореография, вокал сынды үйірмелерге баратын көрінеді. Барлығы 38 үйірме бар. Балалар өнер мектебінде 29 педагог жұмыс істейді. Олардың 14-і жоғары білімді, 13-і орта білімді болса, екеуі жоғары санатты, 9-ы бірінші санатты, жетеуі екінші санатты мамандар. Соңғы кездері өнер мектебіне жас мамандар да көптеп келуде. Бүгінде мұнда 11 жас маман бар.
– Бізде бұрын саз мектебі бөлек, шығармашылық үйі бөлек болатын. Шығармашылық үйінің 80 жылға жуық тарихы бар болса, ал саз мектебінің 58 жылдай тарихы бар. Бірақ қазір екеуінің бірігіп, балалар өнер мектебі болып қайта құрылғанына бес жыл болды, – дейді Шарипа Таныбаева.
Айтуынша, «Рухани жаңғыру» бойынша әр педагогтың өзінің жеке бағдарламасы бар. Ол бағдарламаны әр педагог кәдімгідей қорғайтын көрінеді. Бір әттеген-айы, өнер мектебіне қобызшы, шертер, жетіген сынды ұлттық аспаптарда ойнайтын мамандар жетіспейді екен. Өнер мектебіндегілер алдағы уақытта халық аспаптар ансамблін ашуды ойластырып отыр.
Балалар өнер мектебіндегі жас мамандардың бірі – Айдана Есболова. Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінің вокал бөлімін тәмамдаған Айдана бүгінде оннан аса балаға ән салудың қыр-сырын терең үйретуде. Жас маман болса да, Айдананың жетістіктері көп көрінеді. Үстіміздегі жылы оның Оразкен Арман, Қайырлы Ернұр, Дилназ Юсупова сынды шәкірттері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген «Ұлы дала дарыны» атты халықаралық өнер және білім байқауына қатысып, эстрадалық вокал бөлімі бойынша жүлдегер атанып, қола медальға ие болыпты. Сондай-ақ бір шәкірті «Шығыс таланттары» байқауында да бас жүлдеге ие болыпты. Айдананың тәрбиеленушілері интернет байқауларға да жиі қатысады екен.
Ал Бақытгүл Шекенова осы өнер мектебінде домбырадан сабақ береді. Оның С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітіріп, өнерлі шәкірттерді даярлағалы бері де 26 жылдың жүзі болыпты.
– Осы жылдардың ішінде алдымнан талай бала өтті. Музыка мектебін бітіріп, өнер жолын әрі қарай қуып, консерватория бітірген, музыка колледжін тәмамдағандары көп. Кейбіреулері басқа салада жүр. Жалпы, алдыма келген әр баланың домбыраға деген ықыласы өте жақсы. Домбыра деген ұлтымыздың рухани байлығы ғой. Домбырасыз қазақ қазақ емес. Жалпы, дарынсыз бала болмайды. Тек сол дарынды танып, қолдай білу керек, – дейді Бақытгүл.
Айтуынша, Бақытгүлдің шәкірттерінің арасында өзге ұлт өкілдері де бар екен. Мысалы, өткен жылы домбыра сыныбын Ясмин Гусейнова атты әзербайжан қызы бітіріпті.
– Ясминді домбыра сыныбына атасы қолынан жетелеп әкелді. Ол кісі «Балам, сен Қазақстанда тұрасың, осы елдің нанын жеп, суын ішіп отырсың. Ендеше сен де қазақтың жанын түсін, қара домбырасын қадірле», – деп Ясминге жиі айтатын. Басында өзге ұлттың баласы қалай домбыраны үйреніп кетеді екен деп ойлағаным рас. Бірақ, бекер күмәнданыппын. Ясминім домбыраны тез меңгеріп кетті. Домбыраға деген ынтасы, құштарлығы керемет болды. Тіпті кейін Польшаға дейін барып, концерт қойды, – дейді Бақытгүл Шекенова.
Ал Ғалия Оразғалиева домбырадан ғана емес, бұл мектепте балаларға тоқымадан да дәріс береді екен. Ол Шымкент қаласындағы Өнер институтын тәмамдаған.
– Тоқыма – менің хоббиім. Кәсіби домбырашы болғаныммен, тоқымамен 10-11 жасымнан бастап айналысамын. Өйткені қазақ «Ана көрген тон пішер» дейді ғой. Анам өте өнерлі адам еді. Тоқыма деген адам жанын тыныштандырады, жаныңа жайлылық сыйлайды. Мүмкін тоқыманың да пайдасы бар болар, мен өте сабырлы адаммын, – дейді ол.
Шәкірттерінің бәрі өнерлі
Ғалияның шәкірттерінің бірінің бізбен тоқыған бұйымдарын да көрдік. Тамаша. Ғалияның айтуынша, тоқыма тоқитын бала математикаға да жүйрік болуы керек екен. Тоқыма үйірмесі ашылған екі жылдың ішінде Ғалияның шәкірттері де талай биікті бағындырып үлгеріпті. «Генофонд Евразии – Астана», «Игрушки своими руками» секілді байқауларда шәкірттері үздік атанып, бірінші орынға ие болыпты.
Өнер мектебінің жүгін өрге сүйреуде педагог-ұйымдастырушы Даурия Ахметжанованың да еңбегі орасан.
– Мен педагог-ұйымдастырушы болып бірінші жыл ғана жұмыс істеп жүрмін. Бірақ өте көп жұмыстар атқардым деп ойлаймын. Мектепішілік қана емес, аудандық іс-шаралардың сапалы өтуіне атсалыстым. Сурет, «Үкілі домбыра», «Би әлемі» байқауларын өткіздім. Домбыра, ән-күй ансамбльдері арасында сайыс ұйымдастырдым, – дейді Даурия Ахметжанова. Даурияның өзі 2006 жылы Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыка колледжін бітіріпті. Аягөз қаласындағы К.Бозтаев мектебінде бес жыл жұмыс істеген. Ол өзіне балалармен жұмыс істеудің ұнайтынын айтады. «Дарынды балаларды көргенде, тіпті қанаттанып кетемін» дейді ол. «Ұлы дала дарыны» халықаралық байқауына вокалдан Мұрат Бақдәулет деген шәкірті қатысып, бас жүлдені жеңіп алыпты. Сондай-ақ осы байқауда шәкірттері Бекзат Талғатбекұлы мен Дина Ақылбаева бірінші дәрежелі дипломмен марапатталған екен.
Осынау өнер мектебіндегі сәндік-қолданбалы өнер кабинетінің меңгерушісі Сәния Жарқымбаевамен де тілдестік. Бүгінде мұнда келетін төрт топ, яғни 40 бала бар. Балалардың қолынан шыққан жұмсақ ойыншықтар, құрақ көрпешелер, шынында да, көздің жауын алады. Сәния Сабырқызы оқушыларға тіпті киіз басуды да үйретеді екен.
Тағы бір айта кетерлік жаңалық – үстіміздегі жылдың наурыз айында осы өнер мектебінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақындар сыныбы ашылыпты. Оны аудандық Мәдениет үйінің қызметкері, айтыскер ақын Ақап Маратұлы жүргізеді. Енді көкпектілік ақындар облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, жүлдеге ие болып жатса, еш таңданудың керегі жоқ.
Десе де, бағанадан мақтаған өнер мектебінің проблемалары да жоқ емес. Мектеп ұжымы өзіміздің жеке ғимаратымыз болса деп армандайды. Қазіргі таңда Көкпектідегі балалар өнер мектебі әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ғимаратының екінші қабатын жалға алып отырған көрінеді. Бірлігі жарасқан ұжым алдағы уақытта бұл мәселенің де оң шешіліп қалатынына сенімді. Біз де бұған тілектеспіз.

Мейрамтай Иманғали
Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button