Білім

Шәкірттері үздіктер қатарында

Шәкірттері үздіктер қатарында


Қазіргі жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен де өлшенетіні белгілі. Сондықтан еліміздің білім беру жүйесін халықаралық деңгейге шығару кезек күттірмейтін мәселе.

Ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезініп, ізденіспен, шығармашылықпен еңбек етіп, сол еңбегінің нәтижесін көріп жүрген ұстаздардың бірі – Абай атындағы орта мектеп-бақшаның математика пәнінің мұғалімі Жанар Байкенова. Оның еңбек жолындағы шығармашылық табыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Жанардың өзі де, шәкірттері де үлкен табыстарға қол жеткізді. Өзі сабақ беретін 5 «б» сыныбынан алты оқушы, 7 «а» сыныбынан бес оқушы, 6 «а» сыныбынан 11 оқушы былтырғы оқу жылында «Ақ бота» марафонына қатысып, жүлделі иеленген. Сол жетістіктерін биыл да қайталады ІІ Халықаралық қашықтық олимпиадасына қатысқан 5 сыныптан бес оқушы ІІ орын, 10 оқушы І орын, 7 сыныптан бес оқушы ІІ орынды иеленді. Математика пәнінен республикалық КИО олимпиадасына 15 оқушы қатысып, 12-сі ІІ турға өтсе, нәтижесінде Еркін Жайдар «Күміс жүлде» деген сертификат пен ІІ дәрежелі диплом, Еркебұлан Құрманбаев пен Ардақ Төкенов «Қола жүлде» сертификаты мен ІІІ дәрежелі диплом, 7 сыныптан алты оқушы қатысып, ІІ турда Серғали Ақнұр мен Аяжан Халықова «Қола жүлде» сертификаты мен ІІІ дәрежелі дипломды иеленді.

Тынымсыз еңбектің нәтижесі бағалаусыз қалған жоқ. Абай атындағы орта мектеп-бақшаның аудан бойынша рейтингіде І орын, облыста ІІІ орынға шықты. «Малахит» облыстық зияткерлік байқауына қатысқан оқушылары да жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан табылды. Өздерінің білім көрсеткіштерімен сыныптың, мектептің, қала берді ауданның намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүрген шәкірттерін Жанар Серікқажықызы мақтанышпен айта алады.
Мұғалімдер арасында математика пәні бойынша КИО-ға қатысып, 40 ұпайдың 35 ұпайын жинап, аудан бойынша «Ең үздік» көрсеткіш деген сертификат иегері атанды. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Кенгуру – математика барлығына» атты зияткерлік байқауына 5 сыныптан төрт оқушы қатысып, Кәріпжан Қыран мен Еркежан Серікова І орын, Бекарыс Ерсін мен Марзабат Төлеуғазы ІІ орын, 6 сыныптан алты оқушы қатысып, Айша Амангелдиева, Қайрат Жанелов І орын, Айым Аймаханова, Алмат Жанелов, Омар Қасенқанов ІІ орын дипломдарымен марапатталды. 6 сыныптың төрт оқушысы Семейдегі және Павлодардағы білім және иновация лицейіне қабылданды. Мектепішілік, аудандық көлемде өтетін іс-шараларға белсене араласып, ашық сабақтар өткізіп, баяндамалар оқып, өзінің іс-тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп жүрген Жанар Серікқажықызының еңбегі ұшан-теңіз. Білікті ұстаздың жаңа оқу жылында да толағай табысқа жетуіне тілектеспіз.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button