Білім

Шәкірттері биіктен көрініп келеді

Шәкірттері биіктен көрініп келеді

Зырян қаласында бірыңғай мемлекеттік тілде ғана білім беретін жалғыз қазақ мектебі бар. Орналасқан жері қаланың бір жақ шетінде демесеңіз, іргетасы сонау 1971 жылы қаланған білім ұясының қазіргі жай-күйі көңіл көншітерлік. Іші-сырты мұнтаздай. Алғаш тәуелсіздік алған жылдары заман ағысына аралас мектеп боп ілескен білім ордасы 2003 жылдан бастап бірыңғай қазақ мектебі мәртебесін алған.
Зырянда болған іссапар барысында осы елдегі қаракөз бауырларымыздың көзінің қарашығындай болған қасиетті шаңыраққа бас сұқпай кетуді әбес санадық.
– Иә, мектебіміз қаланың бір шетіне орналасқаны рас. Бірақ алғашқы жылдардағыдай емес, қазір оқушылар да, ата-аналар да бұл жағдайға үйренді. Қала ішінде жолаушылар тасымалдайтын автобус үздіксіз жүріп тұрады. Сосын, біраз ата-аналар балаларының болашағын ескеріп, үйлерін мектепке жақын жерлерге айырбастап немесе осы маңнан үй сатып ап жатқандар да бар, – деп әңгімесін бастаған Әлия Жұмағұлова өзінің осы мектептегі бастауыш сыныптар бойынша оқу ісінің меңгерушісі екендігін айта кетті. – Алғаш аралас, кейін бірыңғай қазақ мектебі болып ашылған жылдары оқушылардың мектепке келіп-қайтулары біраз жайсыздықтар туғызған. Ол кезде бұл жаққа тура қатынайтын автобус маршруты қарастырылмағандықтан оқушылар бір автобустан түсіп, екіншісіне мініп дегендей жол қиыншылығын көрген. Ол жағдай ел арасында да, баспасөз беттерінде де айтылып, жазылған болатын. Қазір бұл мәселе аудан әкімдігінің жіті бақылауына алынып, түбегейлі шешілген.
Оқушылардың білім ұяларына бір автобустан түсіп, бір автобусқа ауысып мініп, әбден машақат көріп келген мәселесінің күн тәртібінен түбегейлі түскендігін есітіп, біз де қуанып қалдық. Мектеп орталық жылу жүйесімен толық қамтылғандықтан қаһарлы қыстың анау-мынау аяздарына «былқ» ете қоймайтын көрінеді. Ғимараттың ішкі-сыртқы тазалығы мен күтіміне қарап. – Шіркін, еліміздегі кез келген білім ошағы осылай жұтынып тұрса, – деген ойға қаласың. Сынып бөлмелерінен бөлек оқушылар асханасы, түрлі мәдени шаралар өткізілетін мәжіліс және спортзалдарының қай-қайсысы болмасын бүгінгі күн талабына сай жабдықталған. Көрген адамның назарын аудартады. «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» – дегендей, осындай бөлмелері кең әрі жарық, құстың ұясындай жылы сыныптарда бүгінгі күні еліміздің келешегі саналатын бес жүзге жуық қазақ баласы алаңсыз білім алуда. Жалпы, мектеп бастапқы архитектуралық жоба бойынша 870 балаға арналып салынған. Сондықтан – Зыряндағы жалғыз қазақ мектебі тар екен, онда оқушылар сыймай, бір партада балалар үштен отырады екен – деген алыпқашпа сөз, әлдекімге әлдене деп әңгіме айтпаса, ішкен асы бойына сіңбейтін әлдебіреулердің бос әңгімесі болып шықты. Оқушылар сыймай жатқанды қойып, мектеп әкімшілігі ғимараттың кеңдігін пайдаланып 75 балаға арналған шағын орталық ашып қойыпты. Онда қазір үш жастан бес жасқа дейінгі бүлдіршіндер аптасына бес күн тегін тәлім-тәрбие алуда. Осы орталықтан тәлім алғандар болашақта осы мектептің бірінші сыныбынан бастап оқуын жалғастыра беретін болады.
Сырт көзге бірден байқалатын тағы бір ерекшелік – мектеп оқушылары екі жылдан бері бірыңғай киім үлгісіне көшіпті. Қалада мектеп формаларын тігетін бір емес, бірнеше тігін цехтары бар. Ең бастысы, олардың тіккен киімдерінің фасоны, бұлдарының сапасы және т.б. ата-аналардың да, оқушылардың да көңілінен шығатындығында болса керек. Бағасы да соншалықты қымбат емес, 8-10 мың теңге төңірегінде. Ата-аналардың айтуынша, бірыңғай киім үлгісіне көшкендері отбасы бюджетіне көп-көрім септігін тигізген. Әйтпесе бағасы қысқа күнде қырық құбылып тұрған базар бағасымен бір баланы оқу маусымына әзірлеу анағұрлым қымбатқа түсетін көрінеді.
Осы мектепте таңның атысы, күннің батысы оқушыларды білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп жүрген ұстаздар қауымымен де жолығып аз-кем әңгімелескенбіз. Қанша дегенмен оқыған адамның аты оқыған. Аз ғана уақытта мұғалімдердің келешекте көтерілсе деген мәселелеріне, елімізде, оның ішінде білім саласында жүргізіліп жатқан қайсыбір сәтті-сәтсіз реформаларға деген көзқарастарына, облыс көлеміндегі соңғы жаңалықтардан хабардар екендіктеріне қанық болдық.
– Оқушыларды еңбекке баулу кабинетінде станоктан бастап, сабаққа керек-жарақтың бәрі бар. Балалардың еңбек пәніне деген, бір нәрсені білсем, үйренсем деген қызығушылықтары да жоғары, – дейді аталмыш пән мұғалімі, сол елге танымал ағаш шебері Аслан Қыдырханов. – Қанша дегенмен ер балалар емес пе, білмегендерін сұрап, өздерімен-өздері ақылдасып, үйге берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындап келуге тырысады. Бір әттеген-айы, осы еңбекке баулу пәніне бөлінген сағат 45-ақ минут, яғни, аптасына бір-ақ сағат деген сөз. Бұл – өте аз. Ол жерде ағаш кесіп, темір жонған соң шаң-тозаң болмай тұрмайды. Балалар жұмыс киімдерін ауыстырып киіп, сабақтан соң беті-қолдарын жуып, өздерін жөнге келтіргенге де уақыт керек. Бұл енді ауданның немесе облыстық білім басқармаларының шешімі емес. Мәселе, министрлікте, – дейді қынжылысын ортаға салған Аслан Базарбекұлы.
Ұстаздар қауымы бір кездері өздерінен тәлім-тәрбие алған, білім нәрімен сусындап әр жылдары, әр тарапқа қанат қағып ұшып кеткен түлектерімен, олардың спорт, өнер, білім саласындағы үлкенді-кішілі жетістіктері мен қабілеттерін мақтан тұтатындықтарын айтады.
Иә, Зыряндағы қазақ мектебінің ұстаздары өз шәкірттерінің жетістіктерімен мақтанса, мақтанғандай. Олай дейтініміз, тек қана соңғы үш жылдағы білім көрсеткіші бойынша осындағы жалғыз қазақ мектебі мұқым аудан бойынша жеке дара көш бастап келеді екен. Өткен 2015 оқу жылын жеті түлек тамамдаса, соның біреуі алтын белгі иегері болыпты. Биылғы сегіз түлектің арасында да ұстаздары мен ата-аналарының үмітін ақтап, ұлтымыздың мерейін үстем етуге әзірленіп жүргендері аз емес көрінеді.

Серік Құсанбаев
Зырян ауданы.

Осы айдарда

Back to top button