Жаңалықтар

ШҚО-дағы әскери бөлімде мүсінші офицер қызмет етеді

Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімінде өз ісінің үздік маманы әрі он қолынан өнер тамған мүсінші Рай Оразбеков еңбек етеді. Жуықта ол Бауыржан Момышұлы мен Қабанбай батырдың мүсіндерін жасап шықты.

Қазіргі қарбалас заманда әр адамның демін шығарып, бос уақытында айналысатын сүйікті ісі болады. Біреулер кітап оқыса, біреулер өнермен немесе спортпен шұғылданады. Әр адамның бойына берілген дарыны мен талантының дамуына қарай, бос уақытын арнайтын ісі де әр түрлі болуы мүмкін.

Соңғы жылдары Өскемен гарнизонындағы оқу-жаттығу полигонының  бастығы капитан  Рай Оразбеков қолөнер шебері ретінде  қалың жұртқа танымал бола бастады. Ол әскери адам, бірақ жауапкершілік пен тиянақтылықты талап ететін бұл жұмысы оған бос уақытында мүсін жасауға еш кедергісін келтірмейді. Керісінше, ол өзінің сүйікті ісін сүйікті жұмысымен байланыстырып, өзін мүсінші ретінде дамытуға көп мүмкіндіктер алуда.

Рай Оразбеков Зайсан қаласының тумасы. Мектеп жасынан-ақ, сурет салуға деген бейімі бар еді.  Ол Алматы қаласындағы  Құрлық  әскерлерінің Әскери институтының курсанты атанған шағында да  бойындағы өнерін жоғалтпады. Керісінше дамытып,  сурет салудан бөлек, мүсін жасауға машықтанды. 2019 жылы ол Гвардейск гарнизонының 30212 әскери бөлімінен Өскемен қаласындағы 27943 әскери бөліміне ауысып келеді. Осы кезде оның бойындағы талантынын әскери бөлім басшылығы байқап, оған дарынын дамытуға, талантын өшірмей, одан әрі жандандыруға мүмкіндік береді.

  • Менің бұл өнерімді басшылық байқады да маған ұзақ сақталатын қатты заттардан мүсін жасап көруімді ұсынады. Әскери бөлім Қасым Қайсенов есімімен аталған соң, маған қазақ батырының бюстін тұрғызып көру ұсынылды. Бұл менің өмірімдегі аса үлкен жауапкершілікке толы сәттердің бірі болды. Бір апта болмай мен Қасым Қайсеновтің бір емес, екі мүсінін жасап шығардым. Салыстырмалы тұрғыда бір мүсінге бір-екі ай  уақыт жұмсалады, – деп атап өтті Рай Оразбеков.

Бір аптада жасалған батырдың екі мүсіні де әскери бөлім төрінен орын тапты. Біреуі  гарнизондағы даңқты жауынгер атындағы музейге қойылса, екіншісі  әскери бөлімнің кіре берісіндегі аллеядан тұрақ тапты. Сонымен қатар, мүсіншінің тағы бір туындысы Өскемендегі әскери қалашықта саябақ бой көтерді. Бүгінде бұл әскери отбасының мүсіні тамсанып, жанына жақындап естелікке суретке түсетін маңызды нысанға айналды.

27943 әскери бөлімі полигонының бастығы бұдан кейін де бірқатар ілкімді істердің себепшісі атанады. Өткен жылы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жанында әскери кафедра ашылады. Осыған орай, Рай Оразбеков Қабанбай батырдың бюстін жасап шығарды. Капитан бұл туындысын да  созбаққа салмады.  Небары бір апта өтпей дайын болады.

  • Райдың қолөнерден бөлек, әскери салада атқарған жемісті істері жетерлік. Оқу-жаттығу полигоны бастығы қазіргі күнде қауырт жұмысының  қызу қарқынында  қолөнермен айналысуды бір шетке ысырып қойған. «Әскери  қызмет мен үшін бірінші орында, –  дейді ол. Он саусағынан өнер тамған шебер жайында өңірдегі  қолбасшылықта  жағымды пікірде.

Алмас қылыш қын түбінде жатпайтындай, Рай бойындағы өнер әскери салада да бүрін  жарып, қанат жайып келеді.  Ол өз отбасында  үш баланың ардақты әкесі.

Осы айдарда

Back to top button