Жаңалықтар

ШҚО-да жол апатынан үш адам мерт болды

Қарашаның 4-і күні сағат 11.20 шамасында Өскемен-Рахман қайнары автожолының 110-шы километрінде “Тойота камри” және “Митсубиси” маркалы екі көлік соқтығысып, жол апаты салдарынан үш жолаушы оқиға орнында көз жұмды, тағы үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков: “Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4-бөлігі, яғни көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүру немесе көлік құралдарын басқару ережелерін бұзуы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыруы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалды, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр”, – деп түсіндірді.

Осы ретте Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті ауа райының қолайсыздығына байланысты көлік тізгіндеген жүргізушілерге жолдағы қозғалысқа мұқият болып, жол жүру ережесін қатаң сақтауды ескертеді. Әсіресе, жылдамдықты шектен асырмай, арақашықтықты сақтап, шалт маневрлер жасамауды, алда кетіп бара жатқан көлікті басып озуға тырыспауды, жол бойындағы жаяу жүргіншілерге өте мұқият болуды, айналадағы жол жағдайын жіті қадағалауды еске салады.

Осы айдарда

Back to top button