ЖаңалықтарКәсіпкерлік

ШҚО-да үздік тауарлар мен өнімдер көрмесі өтеді

ШҚО-ның жетекші өндірушілері көрмеде өз тауарларын ұсынады.

21 маусымда Өскеменде жыл сайынғы «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы және «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өтеді, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Көрме барысында Шығыс Қазақстан облысының 67 жетекші өндірушілері өз тауарларын халыққа ұсынады.

Айта кетсек,  «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауын ШҚО кәсіпкерлер палатасы мен ШҚО әкімдігі ұйымдастырып отыр. Көрме жәрмеңке форматында өтеді. Байқаудың басты мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау, оларды тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға ынталандыру, отандық брендтерді ілгерілетуге ықпал ету және елімізде өндірістің дамуына серпін беру.

Байқауға қатысушылар – Қазақстан аумағында өнеркәсіптік, азық-түлік тауарларын, өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдерді өндіретін және өнім сапасының тұрақты жоғары деңгейін қамтамасыз ету және оны жүйелі түрде жақсарту бойынша оң нәтижелері бар кәсіпорындар. Әр жылдары Шығыс Қазақстанның 6 кәсіпорны «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының жеңімпазы атанған болатын.

Қатысушылар дәстүрлі түрде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша ұсынылады. Әр номинацияда үш жеңімпаз анықталып, олар байқаудың республикалық кезеңінде үздік атану үшін бақ сынасады.

Сонымен қатар, алғаш рет 2023 жылы Қазақстанның барлық облыстарында Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде құрылған «Мен кәсіпкер» бағдарламасының компоненті болып табылатын «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасына қатысушылардың көрмелері өткізіледі. Басты мақсаты – қарапайым азаматтардың әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін арттыру, кәсіпкер әйелдерге олардың өнімдерін өткізу нарығын кеңейтуге жәрдемдесу.

Шығыс Қазақстанның әйелдер бизнес-қоғамдастығының 16 өкілі «БАБӨ» көрмесінде өз өнімдерін, соның ішінде шай, дәмдеуіштер, жент, құрт, қымыз, бал, балық өнімдері, сабын, киім-кешек, былғары мен жүннен жасалған бұйымдар және тағы басқа өнімдерді ұсынады.

Кәсіпкерлер палатасы БАҚ өкілдерін, ШҚО тұрғындары мен қонақтарын «ҚҮТ» және «БАБӨ» көрме-байқауына қатысуға шақырады. Кіру тегін.

Өтетін уақыты: 21 маусым, сағат 10:00-де.

Өтетін орны: Өскемен қаласындағы Борис Александров атындағы спорт сарайы.

Қосымша ақпарат алу үшін байланыс телефоны: 8-707-801-39-37 (+ WhatsApp), 8 (7232) 742-111 (Христина Дорошенко).

 

Осы айдарда

Back to top button