Сайлау-2023

ШҚО-да сайлауды бір сағат ерте бастаған учаске белгілі болды

Шығыс Қазақстандағы барлық 533 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды. Аталмыш учаскелердің түгелі талаптарға сәйкес қажетті жабдықтармен және ақпараттық материалдармен қамтамасыз етілген. Сайлау учаскелеріндегі жағдай бірқалыпты, заңбұзушылықтар тіркелген жоқ. Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жанар Алканова мәлім етті.

Оның айтуынша, 502 учаскеде мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштар бар екен. Ал нашар көретін сайлаушылар аудио метариалдар мен трафареттердің көмегіне жүгіне алады.

– Сайлау комиссияларының қаулыларымен тізімге енгізілген сайлаушылардың бәрі дауыс берсе, дауыс беру жұмыстары кез келген уақытта аяқталуы мүмкін тоғыз учаске анықталды. Бұл – Конституциялық заңның 38-бабының 3-тармағына сәйкес, емдеу мекемелері мен әскери бөлімдерде, сондай-ақ шалғай аудандарда орналасқан сайлау учаскелері, – деп хабарлады Ж.Алканова.

Белгілі болғандай, бір сайлау учаскесінде дауыс беру таңғы 6.00-ден басталыпты. Ол 27943 әскери бөлімінде орналасқан учаске екен.

– Тағы бір айта кетер жайт, сайлаушылардың өтініштері бойынша сайлаушы өзінің сол уақытта болатын орнын ауыстырған кезде дауыс беру құқығына мыңнан астам есептен шығару куәлігі беріледі. Есептен шығару куәліктерін беру 18 наурыз сағат 18.00-де аяқталған, – дейді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары.

Айта кетейік, учаскелердегі дауыс беру барысын саяси партиялар мен аккредитациядан өткен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, кандидаттардың сенім білдірген адамдары, сондай-ақ халықаралық байқаушылар бақылап отыр.

 Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button