Тағзым

ШҚО-да сарбаздар интернационалист-жауынгерлер рухына тағзым етті

ШҚО-да ҚР Ұлттық ұланының ақпараттық-насихаттық тобының жұмысы басталды. Осы турдың аясында 13 шілде күні Өскемен қаласындағы интернационалист-жауынгерлерге арналған мемориалдық кешенде гүл шоғын қою рәсімі өтті.

Шараға жас сарбаздар, ардагерлер, Ұлттық ұлан ардагерлері қатысты, деп хабарлайды Didar ақпарат Altaynews сайтына сілтеме жасап.

Тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған шара бір минут үнсіздікпен басталды.

– Бүгін Ауған соғысында жауынгерлік борышын атқару барысында қаза тапқан интернационалист-жауынгерлерге арналған кешенге гүл шоғын қойып, еске алу рәсімін өткіздік. Өскемен қаласында орналасқан әскери бөлімдердің қызметкерлерімен, ардагерлерімен бірге осы шараны ұйымдастырып, сарбаздардың соғыс кезіндегі ерлігін еске алып, бір минут үнсіздік жарияладық. Тек Ауған соғысында қаза болған сарбаздар ғана емес, 1995 жылы тәжік-ауған шекарасының аумағында қаза тапқан әскерлерді еске алдық. Бұл шараны жас сарбаздарға үлгі болсын деген ниетте өткіздік. ҚР ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың тапсырмасы, Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының шешімі бойынша ақпараттық-насихаттық топ Шығыс Қазақстан өңірінде республикалық тур бастады. Республикалық тур аясында жоспар бойынша ішкі істер органдарының, Ұлттық ұланның, әскер қатарындағы қызметкерлердің имиджін нығайту, әскерге шақыруды насихаттау, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерімен кездесуді ұйымдастыру көзделген, – дейді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Халық Қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетов.

Шара барысында ардагерлер өкілі мен ниет білдірген жандар сөз алып, қаза тапқан сарбаздардың ерлігі жөнінде баяндады.

 

Осы айдарда

Back to top button