Тағзым

Менің анам

АҚ БАТАСЫН АРНАҒАН АРДАҚТЫ ЖАН

Менің анам – Айнаш Дәукенқызы. Ол Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Сарыөлең ауылында қарапайым, көпбалалы отбасында жетінші бала болып, дүниеге келген. Нағашы атам мен нағашы апам – құрылысшылар еді.

1987 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Сарыөлең орта мектебін тәмамдап, бірден «Алтайсвинецстрой» құрылыс компаниясына жұмысқа орналасқан. Ол кезде арнайы немесе жоғары білім алу қиынға соғатын, әсіресе көпбалалы отбасынан шыққандар үшін. Мектеп бітірген соң, анам 17 жыл бойы табан аудармай еңбек етіп, ата-анасы мен бауырларына көмектескен.

Нағашы апам таяуда ғана 89 жасында өмірден өтті. Жасына қарамастан, соңғы жылдарға дейін отын-судың қамын өзі жасап, үйдің барлық тұрмыстық шаруаларын тындырды. Бізді де еңбекқорлыққа баулып, өмірден түйген тағылымды оқиғаларын айтып, тәрбиеледі.

«Ана көрген – тон пішер» дегендей, менің анам да нағашы апам секілді еңбекқор, өз ісіне адал жан. Саналы ғұмырын құрылыс саласына арнаған қарапайым еңбек адамы. Анамның айтуынша, өмірдегі ең үлкен жетістігі – балалары, яғни біз.

1989 жылы әкем Талғат Звентайұлымен отау құрып, отбасылық өмірге қадам басты. Әкем де – құрылысшы. 1990 жылы мен дүниеге келіп, ата-анамның тұңғыш перзенті атандым. Кейіннен бауырым Еркебұлан мен қарындасым Назерке өмірге келді. Ата-анамыз берген тәрбие, ақыл мен бағыт бізді осы күнге жеткізді.

Өз басым, «Жеткен әрбір жетістігім мен бағындырған белесімді анамның маған берген батасының нәтижесі» деп білемін. Үйдің үлкені болғандықтан, анам үнемі маған үлкен үміт артып, асқар тауымдай сенім білдіретін.

Анам – әрқашан тілекші, қолдаушы, ақ батасын беретін ардақты жан.

Бүгінде анам – асыл жар, аяулы ана, 7 немеренің ардақты әжесі.

                                                                 Алмат Ақышов

                                                                               Өскемен қаласының әкімі

 

 

АНАЛАРДЫ АЯЛАУ БОРЫШЫМЫЗ

 

Кез келген адам үшін  ең асылы – Ана.

Ана мейірімі ерекше мейірім, ананың балаға деген  махаббатында шек жоқ.

Мен анамды (Смағұлқызы Сақыпжамал) «Тәте» дейтінмін. Біздің Тарбағатайда шешелерін тәте дейді.

Тәтем 87 жасында дүние салды.  Немерелерінің үйленгендерін, 6  бірдей шөберелерін көрген бақытты ана.

Мен бір әке, бір шешеден жалғызбын. Әкем 1989 жылы 64 жасында дүниеден өтті. Сол кезде шешеміз 61 жаста еді. Әкемізден кейін 26 жыл өмір сүрді. Немерелерінің үйлену тойында ақ батасын беріп, Алладан амандық тіледі.  Сондықтан да,  өмірден өткенше өз қолымда болды. Ақырғы демі таусылғанша туған келіні Балжан екеуміз  қасында болдық.  Анам туыстардың арасында өте беделді еді. Келіндері (әкемнің інілерінің әйелдері) шешеміздің алдынан көлденең өтпейтін. Үнемі оларға өмірінің соңына дейін ақылшы болды. 8 наурыз мерекесі тәтеміздің сүйікті мерекесі болатын. Жас кезінде мереке күні достарымен бірігіп емен-жарқын мерекелейтін. Бүгінгі күні мен шешемді сағынсам, балаларым апаларын, шөберелері әжесін сағынады.

Өмір деген осы ғой, ерте ме, кеш пе сені қимасыңнан айырады. Сағынамыз, айтқан сөздерін, жасаған істерін үнемі айтып отырамыз. Шешеміз керемет ісмер адам еді, жастайынан іс тігу, сырмақ сыру, текемет бастырумен айналысқанын өз көзімізбен көріп өстік. Біраз сырмақтары дәл қазір Облыстық этнографиялық музейінде сақтаулы, көзі тірісінде апарып өткізгенбіз.

Ананы қадірлеу, ана махаббатының өте ыстық екенін сезіну әр адам үшін парыз. Ананы көзі тірісінде алақанға салып аялау кез келген ұл мен қыздың борышы. Ана саған  өмір сыйлады, жарық дүниеге әкелді.

«Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, Ананың қарызынан құтыла алмайсың» – деген сөз содан қалған болуы керек.

 

                                                                       Түсіпхан Түсіпбеков

                                                                                  қоғам қайраткері

САҒЫНЫШ ӘЛДИІ

 

Анадан артық жан бар ма?!. Анам Ғалия Ыбырайымқызы тоқсанға толып, дүниеден озғанына да жеті жыл өтіпті. Бар ғұмырын ұлының ат жалын тартып мінгеніне, қыздарының бой жеткеніне дейінгі тірлігіне арнап, алаңдаумен өткен қайран шешемізді өткен шақпен еске аламыз. Жұма сайын бір ауыз аятымызды оқып, дұға бағыштап отырамыз. Сағыныш деген ұлы сезім жұдырықтай жүрегіңді әлдилейді.

Бұдан басқа шара бар ма?..

Анам байғұс өмірдің қызығын да, шыжығын да көрді. Атасы Омар Марқакөлдегі, Қожамбет ішіндегі белді болыстардың бірі еді. От ауызды, орақ тілді дегендей, сөзге шешен, әділ сөйлейтін, таңдайына өлең ұялаған, шежіреші жан болыпты. Ал, шешемнің әкесі, ұлы Ыбырайымды иманды болсын деді ме екен, ескіше оқытып, сауатын ашыпты. Кеңестік кезеңнің кесапатына қарамай Ыбырайым атамыз да өле-өлгенше сәждеден басын алмай молдалық құрып өтті. Ол да жырқұмар болды, өлең жазыпты. Атасы Омардың, әкесі Ыбырайымның, оның інілері Сәбит пен Нәбидің өлеңдерін жатқа айтып, жалпақ жұртқа жеткізген Ғалия шешем еді.

Ал, туған нағашысы айлап жол жүріп, Меккеге барған Жидебай қажы болатын. Ата-бабаларының қызыл қырғынның құрбаны болғанын шешем бала кезінде көріп, тауы шағылды. Нағашылары Қытай асты. Ал, атасы Омар «Ешкімге тізе батырмадық, ешкімнің ақысын жемедік, мына қоғамыңа да қарсы емеспіз, елден ажырамаймын, ешқайда қашпаймын» дегенмен, қуғын-сүргіннің көкесін көріпті.

Жиған-тергенін тәркілеп, атқамінер ұлдарын түрмеге тоғытса да сынбапты. Артынан соғысқа аттанып, ерлік көрсетіп, күнәләрін жуғандай аман-есен елге оралып, адал еңбек еткен. Ата-бабасын бай-кулакқа жатқызып, басынан сыйпамаған әкеммен екеуара әңгімеде «тағдырласпыз» деп отырушы еді жарықтық.

Міне, бір кітапқа жүк болар тарихты таразылап отыратын көзі қарақты қайран шешем. Адал еңбек етті. Әкем сельсовет болып, колхоз, сиыр, қой, жылқы фермаларын басқарса, шешем «Май зауытының директоры болдым» деп отыратын. Қазіргі мини-цехтар екен ғой. Кейін әкем жылқы бағып, шешем үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысты, немере-жиендерін аяқтандырды. Алты баласының балалары әке-шешелерін іздеп, ауылдағы қара шаңырақты шуға бөлегенде, тәтемнің «үй толы шерлі бала» деген сөзі есімнен кетпейді. Құлағымда Гүлнәр екеуі қосылып айтатын «Қараторғай» әні ауық-ауық жаңғырып тұрады. Әнді нәшіне келтіріп, жүрекке жеткізіп айтатын. Жоғарыда айтқан сағыныштың әлдиі осы ма екен, бәлкім…

Жалғыз ұл болғандықтан, әкемнің жылдығын бергеннен кейін Гүлнәр екеуіміз анамызды қолға алдық, ширек ғасыр бізбен бірге ғұмыр кешті. Анамыздың тілегімен түледік. «Мынау жалған дүние екен деп, жалған сөйлеп, жалған тірлік кешпеңдер» деп отырушы еді жарықтық. Осы сөзі де санамызда жаңғырып тұрады.

Сағыныштан туған ой осы…

                                                               Уәлихан Тоқпатаев,

                                                                  «Дидар» газетінің 2012-2022

                                                                  жылдардағы бас редакторы,

                                                              Қазақстанның Құрметті журналисі  

 

             АНАЛАР МЕЙІРІМІ

 

«Ана» сөзі жүрегіңе әр кез мейірім шуағын сыйлайды. Кім үшін де одан асқақ, одан мағыналы қастерлі сөз болмақ емес. Бала десе жаны нұрланып, нәрлене түсетін ананы ардақтау басты борыш.

Иә, өмір өкінішсіз өткен бе?! «Дүниеге әкелген анаң  бір жасыңда өмірден өткен» деген, үлкендер сөзі жүрек түбіндегі бір өксік ретінде сақталып келген еді. Өмірден өтер алдында «Мынау сенің анаң Бағыштың зираты» деп, ертіп барып, білген дұғасын қайырған әкенің рухына осы күнге дейін ризамын. Содан бері Тарбағатай ауданы, Жетіарал  ауылында кейіннен қоршалған зират басы менің іштегі  анаға деген сағыншымды басатын киелі орын болып келеді.

Тағдырдың қаталдығымен, қайырымы да қатар жүреді  екен. Бағыма екінші анам Мәйкен Садыққызы ағайым Әлкен екеумізді қанаттыға қақтырмай жеткізді. Өмірге іні-қарындастарымды әкеліп,  қанаттандырды, ұрпақ өсірді. Әкем Ақан Төлендіұлы екеуі қол ұстаса еңбек етіп, мемлекеттік «Құрмет» белгісі орденіне ие болды. «Батыр ана» атанып,  балаларына тәрбие берді, азаматтық өмірге аналық мейірім шуағымен тоғыз баланы  өз алдына үй етіп шығарды.

Әке-шешенің еңбек жолы таулы жер Асусайда болғандықтан, 5-7 сыныпты  шешемнің анасы Қамила Әукірқызының қолында оқыдым. Сегізінші сыныптан аудан орталығы Ақжардағы интернатта тұрғанда, «Қарны ашып қалмады ма?!» деп, сабақ үзілісінде шелпегі мен бауырсағын әкеліп тұратын қарт әженің еркесі болған кез сағынышпен еске түседі.

Мейірім ықыласпен тілекшім болған Аналар рухына  10 қазан 2024 жылы Халифа Алтай мешітінде ағайынның басын қосып, құран хатым бағыштадым.

Аналарымыз аман болсын!

Аналарымыздың шуағы мен  мейірімін тәуелсіз ел болашағында ардақтай берейік!

 

Сағынбек Ақанов,

Тарбағатай, ауданының,

Шығыс Қазақстан облысының

құрметті азаматы

 

               АҒА АМАНАТЫ

 

Анам Күләнда Бөкейқызы жайлы ойлағанымда бір оқиға жадымда  жаңғырықтай болып мәңгілікке қалған болатын.

Әлі есімде, Оралханның фәни жалғаннан бақилыққа аттанған күні болатын. Сол күні ағайын-туыстарына көңілдерін  білдіріп амандасуға келген бір топ өкімет басшыларымен бірге көптеген өнер адамдары мен жазушылар болды. Үй толы адамдардың барлығына қарап отырып менің анам – Бөкейдің қарындасы Күләнда қарсы сауал тастады:

– Уа, ел ағалары! Оралханның жолдас-жоралары, сендерге қояр бір сұрағым бар. Сөздеріңнің байыбына ой жүгіртсем, сендер «Орашты Алматыға жерлейміз!»  дейтін сияқтысыңдар. Әкесі Бөкей, шешесі Күлия бұл өмірден өтер алдында арыздасу үстінде: «Жалғыз ұлдың арқасын елге, аяғын жерге тапсырамын. Мынау кіршең өмірдің жалғанында саған аманат, ақырет жалғанда өз қолыма қайтарасың» деген-ді.

«Сол саған аманат!»  деп тапсырып еді. Осы мәселені аруақ алдында мойныма қарыз етпей, қиянат күнәға қалмай, қалай реттесек болады?! – деп даусына аздаған діріл араласып  анам көпшілікке қарады.

Үй толы адамнан ешкім тіл қатпады. Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған. Дәл қазір барлығы шешемнің сауалына шешім айтуды, өзінен күткендей күйде. Сол күні шешем алыс жолдан келіп, келіндерімен қосылып жоқтау айтып, күйі төмендеңкіреп қалғанымен, ақылы мен айбары әлі қайтпаған кезі еді.

Үн-түнсіз қалпы үй ішіндегілерді түгелдей жасқа толы мұңлы жанарымен бір шолып өтті де, кенет қатқылдау үнмен сөйлеп кетті:

«Жақсы адамның өлімі де өнеге» – дейтін ескіде. Үкіметтің шешіміне, қала берді, мына көпшілік қауымның тілегіне қарсы келмейік… – деп, басын көтеріп, бойын тіктеп алды да, босаға жақта тұрған маған:

– Әй, ұлым, елдегі ағайынға хабарлас! Оралханды ауылға апармайтын болдық. Шыңғыстайдағы Бөкей мен Күлияның зиратынан екі уыс топырақ алдыр. Сол топырақты Оралханды жерлегенде  бас топырағы мен жамбас топырағы етіп өз қолыңмен саласың… – деді.

Қос жанарынан саулаған өксікке толы жасын төгіп-төгіп жіберіп дірілдеген әлсіз саусақтарымен күрең тартып тершіген самайынан аққан терін ақұлпа орамалының шетімен сүрте берді.

Үйдің іші тым-тырыс, жым-жырт. Барлығы түгелдей дерлік төмен қараған күйі үнсіз. Шешем бір тыныстап алды да жанындағылардың өз сөзін ұйып тыңдап отырғандарына көзі жетіп, басқа ешкім үндемеген соң отырған орнынан бір ырғалып түзеліп алды да:

– Ал, балам, елге телефон соқ, менің сәлемімді жеткіз. Орашты туған жері Шыңғыстайға жерлемесек те әкесі мен шешесінің зиратынан тым болмаса қос уыс топырақ бұйырсын! Оны Оралханды жерлегенге дейін Алматыға жеткізу сендерге аманат… – деді қатар тұрған Әлібек Асқаров екеуімізге қараған күйі.

…Оралханды жерлейтін күні ауылдан келген қос уыс топырақты оң жамбасы мен басына өз қолыммен салып шешемнің маған айтқан аманатын, ал шешемнің Бөкей мен Күлияның бұл дүниеден өтер алдында тапсырған өсиетін біз осылай орындадық.

Тоқтар Мағзұмов

ҚР Жазушылар одағының мүшесі,

Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button