ШҚО-да мәжілісімендер шалғай аудандағы орманшылармен жүздесті
ШҚО-ға ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров пен Ұлықбек Тұмашинов келді.
Облыс орталығынан шалғайда жатқан шекаралық аймақ болып саналатын Зайсан ауданында ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров пен Ұлықбек Тұмашинов орманшылармен кездесті, деп хабарлайды Didar ақпарат.
– Қаншама жыл осы мекемеде қызмет атқарып жүреміз. Біздегі бірден бір мәселе ол өрт сөндіруге арналған техникалардың тозығы жеткендігі. Қазір техниканың озған, дамыған уақыты ғой. Бірақ біз әлі күнге дейін сол ескі құрал жабдықтармен жұмыс жасаймыз. Сіздерден осы мәселенің шешілуіне ықпал жасауларыңызды сұраймыз,- деді Орман өрт сөндіру станциясының басшысы Аманбек Жасаров.
Мамандардың айтуынша орман шаруашылығында жұмыс жасайтын техникалардың әбден тозығы жеткен. Сондай- ақ ондағы қызыметкерлердің жалақысы да мардымсыз.
– Мұндағы жұмыс уақытына қарамастан қызметкерлердің жалақысы өте аз. Олар күндіз түні қолайлы қолайсыз ауа райында да жұмыс істейді. Сондықтанда жалақы мәселесі реттелсе жақсы болар еді, – дейді Зайсан орманшылығы басшысының міндетін атқарушы Айдын Ескендіров.
ҚР Парламент Мәжілісі депутаты Ерлан Саиров орман саласында материалдық-техникалық базаны жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтып өтті.
– Бәріңізге белгілі жақында Абай облысында болған орман өрті осы салада түйткілді мәселелердің бар екендігін көрсетті. Өз кезегінде Мемлекет басшысы да саладағы кемшіліктерді анықтап жою қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар осы жылдың 1 шілдесінен бастап орманшылардың айлығы өсірілді. Ал материалдық-техникалық базаны жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп мәлімдеген болатын министрлік. Бұл мәселе бойынша мәжіліс депутатары тиісті министрліктің жұмысын назарда ұстайтын болады, – деді Ерлан Саиров.
Депутаттар енді 5-12 шілде аралығында Глубокое, Алтай, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай аудандарын аралап шығады. Олар аудандардағы «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған Жол картасының орындалуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесетін болады.