Жаңалықтар

ШҚО-да мемлекеттік қызметкерлер бақ сынасты

9 маусымда А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті мен ШҚО мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен “Дәстүрден тағылым” атты байқау өтті.

Аталмыш шара Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай ұйымдастырылған, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Байқау «Қазақ халқының мәдени мұрасы», «Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері», «Дәстүрлі халық мәдениеті – экранда» атты үш кезеңнен тұрды.

– Бүгін үш кезеңнен тұратын “Дәстүрден тағылым” атты байқауда ертеден келе жатқан, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлерге, ұлттық ойындарға баса назар аударылыпты. Ол біздің ізімізді жалғастырып келе жатқан жас мамандарға берілген тәрбие деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметкерлер күні қарсаңында осындай ауқымды шара өткізіп отырған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – дейді Катонқарағай ауданының ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Тұрсынхан Базарбаев.

Қиын да қызықты жарыста қызметкерлер алдымен өз өнерлерін ортағы салды. Бірі ән айтып, би билесе, тағы бірі өзі шығарған өлеңдерін оқып, күй тартты.

– Бүгінгі байқау мемлекеттік қызметкерлер арасында мәдени-тарихи құндылықтарды, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Биыл алғашқы рет өткізгенімізбен, алдағы уақытта жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Байқау нәтижесі бойынша 3-орында Өскемен қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Аида Омарова тұрақтаса, 2-орын Катонқарағай ауданының ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Тұрсынхан Базарбаевға бұйырды. Ал ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Назерке Есхатова жүлделі 1-орынға ие болды.

 

Осы айдарда

Back to top button