ШҚО-да 300-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелді
ШҚО-да жыл басынан бері 300-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген.
Қашықтан қол жеткізу қосымшаларын пайдалана отырып жасалған интернет-алаяқтық деркетері жиілеп кетті. Полиция департаменті қызметкерлерінің пікірінше, цифрлық технологияларды қолданатын алаяқтық – күрделі мәселенің бірі, деп хабарлайды Didar ақпарат.
– Жыл басынан бері облыста 300-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелді, – деп хабарлады Өскемен қаласы жергілікті полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұрлан Оразбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында. –Талдау көрсеткендей, олардың құрбандары – көбінесе зейнеткерлер, себебі олардың сеніміне кіру жеңілірек. Шығыс Қазақстандағы әр үшінші жәбірленуші қашықтан қол жеткізу қосымшалары арқылы алданған.
Қашықтан қол жеткізу қосымшалары компьютерлерді немесе смартфондарды алыстан басқаруға мүмкіндік береді. Бұлар – AnyDesk, Team Viewer, RustDesk сияқты бағдарламалар, оларды өз телефоныңызға жүктеуге болмайды.
Алаяқтар арнайы схема бойынша әрекет етеді.
– Олар азаматтарға кез келген банктің қызметкері болып қоңырау шалады, – дейді Нұрлан Мұратқалиұлы. – Бұдан әрі шот бойынша қандай да бір күмәнді операция жүргізіліп жатқанын айтады, бөтен біреу қаражатыңызды шешуге немесе атыңыздан несие алуға тырысып жатыр деп алдайды. Сондықтан қаражатты қауіпсіз шотқа аудару керектігін, ол үшін телефоныңызға немесе компьютеріңізге жоғарыда аталған қосымшаны орнату қажет екенін айтады. Жәбірленуші оны орнатады, осылайша алаяқтар телефондағы барлық банктік қосымшаларға қол жеткізеді. Әрі қарай олар барлық қаражатты өз шоттарына аударып, тіпті атыңыздан несие рәсімдеп те үлгереді.
Осыған байланысты полиция департаменті ұялы телефондарға немесе компьютерлерге күдікті біреулердің нұсқауымен ешқандай қосымшаларды орнатпау керектігін ескертеді. Сондай-ақ кез келген жеке деректерді, тіпті SMS кодтарын да жіберуге, айтуға болмайды.
Сонымен қатар банктердің қауіпсіздік қызметкерлері ешқашан өз клиенттеріне қоңырау шалмайтынын есте ұстаған жөн. Егер сізге осындай ұсыныспен белгісіз біреулер қоңырау шалса, дереу 102 нөміріне хабарлаңыз.