Мәдениет

Шәкерімнің мүсінін қашаған алғашқы шебер Қарауылда тұрады

Шәкерімнің мүсінін қашаған алғашқы шебер Қарауылда тұрады

«Ел іші – өнер кеніші». Есімін жалпақ жұрт білмесе де, тәңір сыйлаған талантын өлтірмей, өз тірлігін жасап жүрген алтынсаусақ азаматтар бар. Олардың туындылары ел назарында жүргенімен, аттары көп атала бермейді. Нақтырақ айтсақ, атақ-даңққа қызықпайды да. Барлық күш-қуатын, ақыл-парасатын атын шығаруға емес, шығармашылығына арнайды. Жарнамасыз жұмыс жүрмейтін бүгінгі таңда мұндай адамдардың қатары сирек. Сондай азаматтардың бірі – Сәтбек Сиезханов.

Сәтбектің сәтті туындылары көп

Шәкерімнің мүсінін қашаған алғашқы шебер Қарауылда тұрады

Сәтбекке жоспарсыз жолықтық. Қарауыл ауылының шет жағындағы бір үйдің алдында істеліп жатқан мүсіндер, өткен-кеткен жүргіншілердің назарын өзіне бір аудартпай қомайды. Біз де өтіп бара жатып, аттың басын сәл іріктік. Бір жерге Қорқыттың қобызын, бір жерге қазақтың қасиетті қара домбырасын жасап қойған азамат аспанға қарай атылып тұрған арғымақтың мүсінін бар ынтасымен қашап тұр екен. Қасына келіп тұрған бізді сезбейді де. Аттың бас жағын байыппен істеп тұр. Қос жанары бір нүктеде. Жұмысқа деген ынтасына қызығып біраз тұрдық та, сәлем бердік. Селк етіп артына бұрылған ол аңтарылып аз тұрды да, жылы жымиып сәлемімізді алды. Жұмысына кедергі келтіргеніміз үшін кешірім сұрай тұрып, аз-кем әңгімеге тарттық.
– Мына істеп жатқан дүниелеріме, Қасқабұлақ ауылының азаматтары тапсырыс берген. Жиырма күндей уақытым кетті. Аманшылық болса, енді бірнеше күнде қолдарына тапсырамын, – дейді мүсінші.
Ол мүсін өнеріне қызықпас бұрын, сурет салуға ниеттенген екен. Ат жалын тартып мінген соң, Абай өңірінде мүсін өнерінің ақсап тұрғанын аңғарып, бағытын өзгерткен. Қазір оның қолынан шыққан сәтті туындылар Қарауыл ауылының ажарын ашып, терең тарихын айшықтап тұр. Айталық, аудан орталығына кіреберістегі Кеңгірбай бидің, орталық алаңдағы ән бұлбұлы Жәнібек Кәрменовтің бюсті, Ауған соғысының жауынгерлеріне қойған ескерткіш, сондай-ақ, біраз ұлттық нақыштағы мүсіндер – осы азаматтың қолтаңбасы. Жидебай қорығындағы қайта жөндеуден өткен Зере әже мен Ұлжан ананың кесенесінің жобасы да Сәтбектің сәтті туындысы.
– Мен аудандық өнер мектебінде мұғалім болып жұмыс істеймін. Біраз туындылар жұмыс бөлмемде тұр. Ал мұнда өз қолымнан шыққан дүниелер бар деп, – өз үйіндегі шеберханасына бастады.

Өрмешілік – өнердің төресі

Шәкерімнің мүсінін қашаған алғашқы шебер Қарауылда тұрады

Қазақтың қасқалары мен жайсаңдары, ұлылары мен ұлықтарының көбі шебердің шағын шеберханасынан тұрақ тауыпты. Олардың біразының портреттері қылқаламмен салынып, қабырғаға ілініп тұрса, енді біразының қола, мыс бейнелері сөреде қаз-қатар болып тізіліп тұр. Бір қарасаң, шағын шеберхананы үлкен бір ұлттық мұражай деп қаласың. Бұл ұстаханада ағашпен темірден түйін түйген өнердің һәм өрмешіліктің де өнімдері бар. Соған қарап Сәтбек «жігітке жетпіс өнер де аз» деген мақалдың мәнін елге істеген ісімен түсіндіріп жүр ме дедік. Бүгінде екінің бірі істеп жатқан ұсталық өнеріне аса мән бермесек те, ұлттың ұлылығын ұлықтап тұрған өрме өнеріне назар аудармай қалмадық.
«Алты таспа бұзау тіспен» басталған қамшының өзек салынып өрілген түр-түрі тұр. Еліктің аяғымен, торы тобылғымен сапталған қамшының сабы да сап өнердің, аса зерделіліктің нышанын аңғартады. Он бір-он екі таспадан өрілген жүген-ноқта, өмілдірік-құйысқан да көз жауын алады. Ерекше қырағылықпен, зейінмен тілінген біркелкі таспалар Сәтпектің ұқыптылығын, қандай шебер екенін ұқтырып тұрғандай.
– Жалпы өрмешілік – өнердің төресі ғой. Жасаған дүниеңе бүкіл ұлттың болмысын, тағдырын сыйдыруға болады. Өрменің қандай күрделі түрі болса да, бір көрсем болды, әрі қарай өзім істей беремін. – дейді өрмеші.
Иә, неткен қағылездік. Бүгінде өрме түгілі, қарапайым жіпті қазықбау шалып байлай алмайтын қазақтар көп екені шындық. Көшпенді елдің көрнекті мәдениеті болған осы өнерді келесі ұрпаққа аман жеткізіп отырған Сәтбектің ісіне сүйісбеске амалың жоқ. Нақтап қарасаңыз, тарам-тарам таспадан құралған өрмешілік өнерде тарам-тарам қазақтың қилы-қилы тағдыры мен тарихы жатыр. Осыны ойлап, өрмешіге сүйсіне тұрып рақмет айттық.
Ол ат әбзелдерін жасауда ешкімге алақан жаймайды екен. Аттың таға-шегесінен бастап, ауыздық, айналсоқ, үзеңгілердің бәрі өз қолынан шығады. Қайыңнан шапқан ердің бірнешеуі тұр. «Ағашы табылса, құранды ерді шабу да қолдан келеді», – дейді ағаш шебері. Таңғалмадық. Себебі, шеберханасында тұрған ағаш астаулар мен тостағандардың сыры мен сыны оның ағаштан түйін түйетін ісмерлігін аңғартады. Тек бізді таңғалдырғаны – осыншама өнерді бойына тоғытқан жігіттің қарапайымдылығы болды. Сәкеңнің тағы бір өнері – аң терілерінен бас киім тігудің шебері. Қасқыр, түлкі терлерін баптап илеп, тымақтың түр-түрін шығарады. Тек тымақ қана емес, бабалардың жанына серік болған жанторсықты да жақсы тігеді. Етікшілік өнері тағы бар. Қысқасы, қазақ ұлтында қандай өнер болса, соның бәрі осы азаматтың бойынан табылатынын аңғардық.

Шәкіртсіз – ұстаз тұл

Сегіз қырлы, бір сырлы Сәтбек 1990 жылы Семейдегі Н.Крупская атындағы педагогикалық институтының «Көркемграфика» факультетін бітірген. Диплом жұмысына Шәкерімнің бюстін жасапты. Бұл Шәкерімге арналған алғашқы мүсін екенін айрықша атап өткеніміз ләзім. Бір жолда Шәкерімнің үш бюстін жасаған шебер бірін өзі бітірген институтқа, бірін Арқат орта мектебіне сыйға беріпті. Үшіншісі өзі жұмыс істеп жүрген өнер мектебінде тұр.
1992 жылдан бері балалар өнер мектебінде мүсін және өнер тарихы пәндерінен сабақ береді. Сәтбек – бойымдағы бар өнерді шәкірттеріме үйретіп кетсем деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген ұстаздардың бірі. Жыл сайын алдынан жүздеген шәкірттер өткенімен, ұлттық құндылықтары басым өнерді жалғастырып әкететін жастар аз. Сол аздаған шәкірттердің өзі ұстазының һәм Қарауыл халқының мақтанышы болып жүр. Айталық, Манарбек Дәулетжанов, Ақбота Сәтбекқызы сынды шәкірттері талай-талай аудандық, облыстық байқаулардың жүлдесін жеңіп алған. Ал мүсіншілік өнерді үйренем деушілер жоқ емес. Сәтбектен тәлім алған Айдын Сейітов есімді азамат бүгінде Алматы, Астана қалаларында жұмыс істеп жүр. Шәкіртінің жасаған дүниелеріне ұстазы дән риза.
– Жастар техниканың тілін жақсы меңгерген ғой. Қазір кейбір дүниелерді Айдыннан сұрап отырамын, – дейді ұстаз.
Біз өнер мектебіне арнайы барып, аралап көрдік. Онда да өнерге деген шынайы махаббаттан туындаған дүниелер басқа қолөнершілердің бұйымдарынан бөлек көрініп тұрды.
– Мектебіміз ашылғаннан бері Сәтбекпен бірге жұмыс істеп келеміз. Ол шәкірт тәрбиелеп қана жатқан жоқ, ауданды абаттандыруға да көп көмек жасап келеді. Өнерге дәл Сәкеңдей берілген адамдар аз, – дейді өнер мектебінің мұғалімі Серік Ораз.
Көргенін көңілге тоқи қоятын, естігенін ешқашан есінен шығармайтын құйма құлақ азаматпен аз ғана әңгімелессек те, жасаған дүниелері оның кім екенін толықтай көрсетіп тұрды. Осыншама көп өнердің иесі алақандай ауданда қоңырқалта тірлігін сүріп жатыр. Оған мүсінші өкінбейді де. Оған керегі – туған жерінде қазақтың өнері өлмесе болғаны.

Мұратхан Кенжеханұлы

Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button