Экономика

Шетелдіктер Шығыстың ауыл шаруашылығына инвестиция салуға әзір

Шетелдіктер Шығыстың ауыл шаруашылығына инвестиция салуға әзір

Өскеменде «АЛТАЙ АГРО INVEST-2015» халықаралық инвестициялық форумы өтті. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВ, Қазақстан, Ресей, Қытай, Франция, Чехия, Малайзия, Моңғолия, Бразилия, Канада, Үндістан, Швейцария, Израиль және БАЭ, барлығы 13 елден 70-тен астам инвесторлар мен дипломаттар, 100 ден астам арнайы шақырылған қонақтар қатысқан форум Шығыс Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін, инвестициялық тартымдылығын шетелдік, отандық инвесторларға паш етіп, облыс экономикасының өркендеуіне серпін берер бірнеше ірі жобаға миллиардтаған қаржы табуға мүмкіндік тудырды. 32 млрд. теңгеден астам қаржының ынтымақтастық туралы тоғыз меморандумына қол қойылды.

Аймақта балық пен құс, ет пен сүт өндіру қарқын алады

Шетелдіктер Шығыстың ауыл шаруашылығына инвестиция салуға әзір

Инвестициялық форумның пленарлық отырысының алдында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВКЕ ет комбинаттарын, тауарлы-сүт фермаларын, жылыжайлар салу, бордақылау алаңдарын, сүтті қайта өңдеу кәсіпорындарын құру, астық өсіру және өңдеу, ағаш өңдеу, балық, марал, ара шаруашылығын дамыту тәрізді ауыл шаруашылығының 15 бағыты бойынша 50-ден астам инвестициялық жобаларды көрсетіп, ұсынды. Олардың бәрі қаржы болса, бастап кетуге дайын тұрған, экономикалық жағынан аса тиімді делінген тың жобалар.
Облыста ғана емес, елімізде алғаш рет өткізілген халықаралық форумға аймақтағы «Астана -бизнес» агрохолдингі сияқты ірі агроөнеркәсіп кешендері бір емес бірнеше жоба алып келіп, инвесторларға ұсынды. Аталған холдинг қазір 600 сауын сиырға арналған тауарлы-сүт фермасын салып жатыр. 2018 жылы 2000, 2020 жылы 1200 бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермаларын салып, аймақтағы ең ірі сүт өндірушіге айналуды жоспарлап отыр. Осылайша тәулігіне сүт өндіру көлемін қазіргі 15 тоннадан 100 тоннаға жеткізбек. Шаруашылықтың Шығыста сүт кооперативтерін дамыту жобасы да қомақты қаржы салуды күтіп тұр. Холдинг басшысы Фарид Әбітаев барлығына 60-80 млн. теңге еуро керек, дейді. Осыншама қаржыға жүзеге асқан ол жобалардан түсетін табыс, келетін пайда тіпті көп. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВ Шығыстағы мұндай ірі жобалардың ел экономикасы үшін маңызына тоқталып, агросекторға салынған инвестицияның нәтижесінде соңғы он жылда экспорт төрт есе, өнім үш есе көбейгендігін атап көрсетті. Аймақтағы маңдайалды агроөнеркәсіп кешені бүгінгі күні облыстағы ең табысты шаруашылықтың бірі саналады. Агрохолдинг 2018 жылы іске қосылғалы отырған сүт өңдеу кәсіпорнын салуға да инвесторлар іздестіруде.
Чехиялық инвестор, «Бауэр Тэхникс» АҚ коммерциялық директоры Карел Ликарж өздерінің облыстың ауыл шаруашылығындағы, соның ішінде осындай сүт, ет өндірісін дамытуға арналған жобаларға инвестиция салуға, құрал-жабдықтар орнатып, технологиялық жарақтандыру жағынан қолдау көрсетуге ниетті екендігін білдірді. Чехиялық компания атап айтқанда, Үржардағы құс фабрикасын салуға қатысуды жоспарлап отыр. Қазір Украина мен Беларуссияның ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жатқан компания «Соңғы шешімді шығысқазақстандықтардан күтеміз» деп тапсырыс берушілер, жоба иелері оларды таңдап жатса қаржы бөлуге, құс фермасы құрылысын жүргізуге әзір отыр.
Жасыл орманға бай Шығыс Қазақстанда орман ағаштарын өңдеу өндірісі қалтарыста қалып, дамымай отыр. Тетігін тапса, өңір үшін мол табыс әкелетін ең тиімді сала екенін біздің бизнесмендер білгенмен оған заманауи технология, көп қаржы қажет. Сондықтан облысқа келген шетелдік инвесторларға ағаш өңдеу өндірісін ашуға бағытталған бірнеше жоба ұсынылды.
-Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшыларының айтуынша, облыста жыл сайын миллион текшеден астам орман ағаштарын қиюға рұқсат беріліп келеді. Жасыл орманның жанында отырғанымыз қалдықсыз технологияға, жасыл экономикаға негізделген, жоқтан бар жасап, игілікке жаратуға болатын брикетті отын өндірісін ашуға үлкен мүмкіндік береді, сондықтан осы жобаны қолға алып, инвесторлар іздестіріп жатырмыз. Тек Өскемен қаласында ғана ағаш өңдеумен айналысып жатқан 46 шағын кәсіпорын бар. Ағаш өңдеу өндірісінде 40 пайыздай қалдық қалады, орманның ішінің өзінде шіріп, қурап жатқан қаншама ағаш бар, соны брикетке айналдырсақ дейміз, – деген өскемендік «НурБильдинг» ЖШС өкілдерінің айтуынша, былтыр бұл жобаға британдықтар біраз қызығушылық танытып, облысқа келген сапарларында осы жобамен танысып кеткен де екен. Жоба осыдан екі жыл бұрын Өскемендегі Арматура зауыты ықшам ауданындағы бизнесті дамыту аймағына енгізілген. Құны – 170 млн. теңге. Өндірістің бірінші кезегін іске қосуға ең аз дегенде 60 млн. теңге көлемінде қаржы кетеді.
Өңіріміздегі өзендеріміз мен көлдеріміздің байлығын еселеп арттыруға тиісті жағдай жасамай, сол байлығымыз -балықты жағалаудағы жұрттың еңбек етіп, жұмыс табуына, бюджет қаржысын толтыруға дұрыстап жарата алмай келеміз. Бабын тапса айдынды балыққа толтырып, одан алуан түрлі өнімдер жасап, экспорттауға аймақта үлкен жағдай бар. Қалталы қонақтар облыста әлеуеті үлкен балық шаруашылығын өркендетуге арналған жобаларға айрықша қызығушылық танытты.
Сол инвестордың бірі қытайлық бизнесмен – Ли Фен мырза. Көкпекті ауданының Құлынжон ауылында бекіре, карп балықтарын өсіріп, өңдеумен айналысып жатқан «Кузмич» ЖШС басшысы Владислав Гриценко балық түрлері мен олардың қорын молайтып, балық өнімдері көлемін арттыру мақсатында қытайлық инвестормен өзара байланыс орнатып, келісімге келіп отыр. Орыс тілінде сарнап тұрған қытайлық «Kutun Tiandb» фирмасының иесі Ли Фен Шығысқа бір емес, бірнеше рет келгенін, көкпектілік «Кузмич» ЖШС-мен бірлесіп жұмыс істеп, балық өсіруге қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, шаруашылықты дамытуға қаржы салуға ниетті екенін айтты. Өңделген балықтың бір бөлігі Қытайға сатылмақ.
Күршім ауданы, Мальковое ауылындағы «Уылдырық шашу шаруашылығы» ЖШС басшысы Талғат Исмаилов қаржы табылып жатса, шаруашылықта майшабақтарды өндіру арқылы балық көлемін молайтуға арналған ірі жоба жасалынып, жүзеге асырылғалы отырғанын айтты. Бүкіл Қазақстандағы жалғыз-жарым бұл уылдырық шашу шаруашылығы тоқтаусыз жұмыс істеп, Ертістің балығын көбейтіп, қазынаға айналдыруға үлес қосуы, бұрынғы тірлігі тікелей осы шаруашылықпен байланысқан ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы үшін осындағы уылдырықты өсіріп, өндіретін шаруашылық кешенін қайта жарақтандырып, айналым қорына ақша салу қажет. Уылдырықтан шабақ өндіруге арналған инкубаторларға, бірнеше гектарды алып жатқан тоғандарға, 118 хауыз шаруашылығына құрал-жабдықтар, түрлі техникалар қажет. Мұның бәріне 150 млн. теңге қаражат кетеді.
Осы Күршім ауданындағы бұрынғы май зауыты қайтадан қалпына келтіріліп, «Көкше» қожалығының «Аққайнар» сүт өңдеу зауыты ашылғалы жатыр. Жоба иесі Әлия Әбдірахманова қазір «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша сегіз пайыздық өсіммен алынған жеңілдетілген несиеге құрал-жабдықтар сатып алып жатқанын, тоғыз түрлі сүт өнімін шығаруды жоспарлап отырған шағын зауытты іске қосып, жұмысын жүргізуге инвестициялық қаржы қажеттігін жеткізді.
Инвесторларға ұсынылған осындай кіші-гірім жобалармен бірге аудандардың, облыстың болашағы үшін айрықша маңызды делінген ірі жобалар да жетерлік. Көкпектідегі «Елім-ай – Көкпекті» ЖШС-нің, Үржардағы, Аягөздегі ет комбинаты жобаларына, Тарбағатай мен Бесқарағай, Зайсан аудандарындағы 50 мың гектар суармалы жерлерді игеру жобаларына салиқалы, сенімді инвесторлар іздестіріліп келеді. Көрме кезінде өзіміздің «КазАгро», «КазАгроқаржы» сияқты даму институттарымыз бен шетелдік бизнесмендер әр жобаның иесімен жүздесіп, кеңесіп, қаржы салудың, технологияларды енгізудің жолдарын, басқа да жайттарды талдады. Қазақстанға шетел инвесторларын, шетел инвестициясын тартуға орай жасалып жатқан қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктер, жеңілдіктер, соңғы өзгерістер туралы естіп білді.

Инвестициялық тартымды өңір

«Алтай Агро Invest-2015» халықаралық инвестициялық форумының пленарлық мәжілісі облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен өтті.
Өңірдің аграрлық-индустриялық әлеуетіне ерекше тоқталған облыс басшысы Шығыс Қазақстанның шетелдік инвесторлар үшін тиімді тұстарын атады.
– Біздегі ауылшаруашылық өнімінің 60 пайызын мал шаруашылығы береді. Сүт, күнбағыс майы, бал және панты, ет және картоп өндіру бойынша аймақ республика бойынша көшбасшы орындардан көрініп келеді. Ауыл шаруашылығына жарамды 22,7 млн гектар жердің 200 мың гектары суармалы. Ауылшаруашылық өнімдерді қайта өңдеу саласын дамыту бағытында инвесторларға 50 мың гектар суармалы жер ұсынуға дайынбыз. Облыстың географиялық орналасу жағдайы да үлкен мүмкіндіктер береді. Өйткені, бір жағымызда Қытайдың, бір жағымызда Ресейдің нарығы тиіп тұр, – деді облыс басшысы.
Бұл салаға облыс көлемінде үш жылда 104 млрд. теңге инвестиция салынған болса, соның 78 млрд теңгесі инвесторлардан бөлінген. Өңірде сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бойынша кешенді бағдарлама жүзеге асып жатқанын айтқан аймақ басшысы келер жылдың соңына дейін тауарлы-сүт фермаларындағы сауын сиырлардың саны 13 мыңға жететінін атап көрсетті. Бұдан бөлек аграрлық саланы дамыту бағытында тың технологиялар арқылы малдың азық қорын нығайту, суармалы жерлерді тиімді игеру сынды мәселелерге басымдық берілуде.
Бүгінде облыста өндірілетін еттің тек 24 пайызы, сүттің 36 пайызы ғана қайта өңдеуден өтеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Үржар ауданында жылына 30 мың тонна құс етін өндіретін фабриканың жобасы ұсынылып отыр. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 40 мың гектар алқап та бөлінген. Оның 4,6 мың гектары суармалы.
Ал Семей қаласы мен Аягөз, Көкпекті аудандарында ет өңдеу комбинаттарын салу жобалары Ресей, Қытай, Иран және Таяу Шығыс нарығына шығу мүмкіндігімен тартымды.
Облыста Қазақстандағы ағаш қорының 44 пайызы шоғырланған. Мұндай қор жылына бір млн. текше метр ағаш өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Осы әлеует игерілмеуі салдарынан елімізге жылына 500 млн. доллардың ағаш өнімдері импортталуда.
Зайсан, Алакөл, Сасықкөл, Марқакөл, Ертіс өзені сияқты су қорларының болуы 100 балық шаруашылығы су қоймаларында балық өңдеу саласын дамытуға мүмкіндік береді.
– Бүгін сіздерге ұсынатын жобалар сіздердің бизнестеріңізді, ал біздің экономикалық әлеуетімізді дамытуға бірдей бағытталған. Қазақстанда тиімді инвестициялық жағдай жасалған және ұдайы жетілдіріліп отыратынын естеріңізге салғым келеді, – деді аймақ басшысы.
Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВ аталған саланың Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуында маңызды рөл атқаратынын атады.
– Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылдық аймақтарда тұрады. Ауыл шаруашылығында азаматтардың экономикалық тұрғыдан белсенді бөлігінің шамамен 20%-ы жұмыспен қамтылған. Осыған байланысты, тәуелсіздігіміздің бірінші күнінен бастап агроөнеркәсіптік кешен экономиканың басым саласы ретінде айқындалды. Нарықтық үлгіге өтудің арқасында аграрлық сектор экономикалық тұрғыдан тартымды салаға айналды. Қазақстан қолайлы инвестициялық климат қалыптастыра білген 183 елдің ішінде 43-орында тұр. Қытай, Үндістан сияқты алпауыт елдерге жақын орналасуының арқасында үш миллиард халқы бар нарыққа еркін шыға алады. Жуықта ғана еліміздің ДСҰ-ға мүше болуы оның инвестициялық тартымдылығын арттыра түсті, – деді министр.
Министр инвесторлар алдында мемлекет ұсынатын Заң аясындағы инвестициялық жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдауларға да тоқталды.
Дипломатиялық корпус атынан Франция мен Ресейдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілері сөз алып, форум жұмысына сәттілік тіледі.
«ҚазАгро» ұлттық басқару холдингінің басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлелов холдинг қызметінің инвестиция тарту бағытына тоқталды. Оның айтуынша, келер жылдан бастап холдинг қаржыландыруға қолжетімділік, тікелей инвестиция тарту, аграрлық кешендегі инвестициялық климатты жақсарту принциптеріне сүйеніп жұмыс істемек.
– Бірінші бағыт бойынша қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар жетілдірілсе, тікелей инвестиция тарту бағытында инвестициялық қор құру жоспарланып отыр. Келер жылы қаржылық мүмкіндігі 50-60 млрд. теңгені құрайтын екі үлкен қор құру жоспарлануда. Бұл қорлар инвесторлардың ел аумағында тиімді жобаларды іздестіру барысында еркін жүріп-тұруына, жан-жақты байланыстардың жүйеленуіне себепкер болмақ. Ал үшінші бағыт бойынша ауылшаруашылық жобаларын сақтандырумен шұғылданатын компанияларының мүддесін қорғайтын «ҚазАгроГарант» қоры құрылады, – деді холдинг басшысы.
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин сөз алып, инвесторларға ұсынылып отырған ірі жобалар жөнінде мәлімет берді.
– Бүгінгі көрмеде назарларыңызға 52 жобаны ұсындық. Соның 34-і ауыл шаруашылығын дамытуға, бесеуі қайта өңдеу саласын дамытуға, сегізі орман өңдеуге, үшеуі балық өнеркәсібіне және үш жоба аграрлық туризмге бағытталған. Бұл жобаларды іске асыруға облыстың өндірістік әлеуеті жеткілікті. Облыс әкімдігі барлық жағынан қолдау білдіруге дайын, – деді Дүйсенғазы.Мусин.
Құс етін өңдеу, сүтті мал шаруашылығын дамыту, ет экспорты әлеуетін арттыру бағытындағы жобалардың сүйектілеріне жеке-жеке тоқталған облыс әкімінің орынбасары шетелдіктерді жайылымдық 10 млн гектар жерді игеруге шақырды.
Маңызды меморандумдарға қол қойылды
Ал «Астана-Бизнес» ЖШС директоры Фарид Абитаев Шығыс Қазақстанның технологиялық және географиялық мүмкіндіктерін Франциямен салыстыра отырып талдап берді.
– Шығыс Қазақстанда жылына 420-750 мм жауын-шашын түседі. Францияда бұл көрсеткіш 580 мм. Ал топырақ құрамындағы қарашірік үлесі біздің облыста 5,5 пайызға дейін жетеді. Жерінің құнарлылығымен ерекшеленетін Францияда бұл көрсеткіш төрт пайыздан аспайды. Шығыста мал өсірген адам азық қорына бола алаңдамаса да болады. Тек жоңышқаның өзін гектарына 30 тоннадан алуға болады, – деді ол.
Қазақстандағы су қорының 70 пайызы – Шығыста. Фарид Абитаев бұл деректі де тіліне тиек ете отырып, облыстың аграрлық саласына инвестиция салған кез кеген инвесторды табыс күтіп тұрғанын жеткізді. Оған өңірде батыстың озық технологиясын сәтті енгізе білген Опытное поле майлы дақылдар шаруашылығы мысал бола алады.
Аягөз ауданындағы «Еуразия Агро Холдинг» ЖШС-нің директоры Асқар Ыдырысов ет өңдеу комбинатының жобасын таныстырды. Оның айтуынша, аталмыш жоба арқылы қой өсіруде қордаланып қалған бірнеше мәселені шешуге болады. Біріншіден, Қыстаулар мен жайлаудағы құдық көздері қалыпқа келіп, иен қалған жайылымдар игеріледі. Италияндық технологияға негізделген өндіріс тізбегі еттен бастап сүйек ұнына дейінгі өнімдер шығарып, тері мен жүнді пайдаға жаратады. Жоба бойынша шопандарға жағдай жасау мәселесіне де заманауи тұрғыдан қадам жасалмақ.
Жиын барысында ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент басшылары, қытайлық «San Bao Shengjile» компаниясының өкілі Гао Чжинцзюню, чехиялық «Bauer Technics» компаниясының өкілі Карл Ликарж сөз алып, өз ұсыныстарын білдірді. Форум нәтижесінде жалпы құны 32 млрд теңге болатын тоғыз меморандумға қол қойылды. Меморандум аясындағы жобалар Аягөз, Ұлан, Үржар, Бесқарағай, Тарбағатай, Көкпекті, Абай және Зайсан аудандарын қамтиды.

Жанаргүл Мұқатай, Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button