Білім

Шетелде тегін білім алудың амалдары қандай?

Шетелде тегін білім алудың амалдары қандай?


Бүгінде мектеп бітірушілердің басым бөлігі шетелде оқуды армандайтыны мәлім. Бірақ олардың сол сырт мемлекеттерде тегін білім алу үшін не істеу керектігін білмей жататыны және рас. Біз осы мәселенің жауабын іздеп көрген едік.

Тіл емтихандарын үздік тапсырсаң

Шетелде тегін білім алудың жолдары көп. Егер талапкер «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға түсе алмаса, басқа амалдарын қарастырып көруге болады. Бүгінде жастардың дені IELTS пен TOEFL тіл емтихандарын тапсырып, Америка, Канада, Германия, Түркия сияқты елдерде білім алуға мүмкіндік алып отыр. Ал өзге мемлекетте тегін оқудың бұдан басқа қандай жолы бар?

АҚШ-тағы университетке оқуға түсу үшін талапкер ауызша, жазбаша екі емтихан тапсырады. Оның жауабы екі аптадан соң белгілі болады. Жалпы 3 сағат 45 минутқа жалғасатын емтиханда талапкердің ағылшын тілінде мәтін оқуын, есеп шығаруын және жазбаша білімін тексереді. Ескерте кететін бір жайт, емтихан ақылы түрде өтеді. Сондықтан бір рет өте алмасаңыз, тағы бірнеше рет тапсыруға болады.

АҚШ-та бакалавр бойынша білім алғыңыз келсе, IELTS емтиханынан ең азы 6.0 балл, TOEFL iBT-дан 60 баллдан жоғары баға алуыңыз керек. Ал магистратурада оқу үшін бірінші емтиханнан 7.0 балл, екіншісінен 100 балдан артық жинауыңыз тиіс. Айта кетейік, IELTS емтиханын еліміздегі ағылшын консулдығында немесе сертификатталған халықаралық мектептердің бірінде тапсыруға болады. Мәселен, Өскемендегі «Best» тіл орталығында емтихан тапсыру құны 62 мың теңге тұрады. Ал IELTS емтиханына дайындық курстарының бір сағаты үш мың теңгені құрайды.

– АҚШ-қа оқуға барамын деген адам кемінде 1,5-2 жыл бұрын қамдану керек. Өйткені, ағылшын тілінің емтиханы мен құжат жинау процесіне екі жылдай уақыт кетеді. Өзіңіз таңдаған жоғары оқу орнына бір жыл бұрын өтініш беріп қою қажет. Себебі, Америка университеттерінде халықаралық студенттердің дерегі бір жыл бұрын қабылданады. Содан кейін университет порталы арқылы өтінішіңіздің мәртебесі мен қаралу процесін бақылай аласыз. Шамамен 3-4 айдан кейін құжат тапсырған оқу орындарынан жауап келеді. Біреуі қабылдандыңыз десе, біреуі «Өкінішке қарай, сіз қабылданған жоқсыз. Алайда, тағы бір мәрте емтихан тапсырып көруіңізге болады» деп жұбату хат жібереді. Егер АҚШ-тағы жоғары оқу орнына қабылдансаңыз, сізге жеке куратор бекітіледі. Сіз одан ол жақтағы барлық жағдайды тәптіштеп сұрап аласыз, – дейді «Best» тіл орталығының маманы Ольга Соболева.

АҚШ-та білім алудың артықшылықтары бар. Өйткені, мұнда студенттер қауымы қай семестрде қандай пәнді оқитынын, қай оқытушыдан дәріс алатынын, қанша сағат оқитынын өзі шешеді. АҚШ-тағы білім жүйесі жаһандық үрдістер мен жалпыәлемдік құндылықтарға негізделген. Сонымен қатар, студент кампуста өз бетінше күнін көріп, өмірлік тәжірибе жинақтайды.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқуға болады

Қазақстандық жастардың дені Чехияда білім алуды армандайды. Өйткені, онда гуманитарлық ғылымдар, шет тілдері, халықаралық қатынас, бизнеске қатысты мамандықтар бойынша тегін білім алуға мүмкіндік көп. Тек ағылшын тілі мен мемлекеттік тілді жетік меңгерсеңіз болғаны. Ал Жапонияда өзге мемлекеттен келген студенттер үшін визалық тәртіп жеңілдетілген, тұрмыстық жағдай жақсартылған. Сонымен қатар, онда жас мамандарды жұмысқа орналастыру бағдарламалары да қарастырылған. Алайда, Жапониядағы университеттерде талапкерлерге қойылатын талаптар әртүрлі екенін ескергеніңіз жөн.

Шетелде тегін білім алудың амалдары қандай?

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да академиялық ұтқырлық бағдарламасы қолға алынған. Соңғы жылдары тарих, филология және халықаралық қатынастар факультетімен ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Нәтижесінде студенттер жыл сайын Оңтүстік Корея, Польша, Қытай сияқты мемлекеттерге барып, білім алып қайтуда. Солардың бірі – Дана Нұрекенова. Ол 2015 жылы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Қытайдағы Іле университетінде оқып келген.

– Бір семестр бойы білім алдық. Негізі теорияны оқи бергеннен гөрі тәжірибемен ұштастырған дұрыс екеніне көзім жетті. Бастапқыда Қытайға оқуға барғанда біздің университет қабырғасында үйренген біліміміз жеткіліксіз екенін түсіндік. Өйткені, тіл үнемі қолданыста болмаған соң аздап қиынға соғады. Бірақ Қытайда оқу, тұру мен тамақтану ақысы Қазақстанға қарағанда әлдеқайда арзан. Орта қолды бюджетпен сіз еш қиындықсыз оқи аласыз, – дейді Дана Нұрекенова.

Екі жыл бұрын «Екі шет тілі» мамандығы бойынша диплом алып шыққан Дана Өскемендегі «Оксфорд» тіл орталығында жұмыс істейді. Биыл бойжеткен Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетіне оқуға құжат тапсырмақ. «Әрбір адам алға қойған мақсаттарына жету үшін тынбай еңбек етіп, білім алуы тиіс», – дейді ол.

Қаражатын екі есе етіп қайтарып алған

Бүгінде арман қуып, шетел асқан жастар көп. Алайда, оларды өзге елде не күтіп тұрғаны белгісіз?! Психолог маман Меруерт Башикованың айтуынша, мектеп бітіруші түлектердің дені бізді онда құшақ жая қарсы алып, еңбекақысы жоғары, мәртебесі зор жұмыс береді деген аңғал сенімде болады.

– Балаларды мектеп жасынан бастап әр нәрсенің байыбына барып, ойлануға үйрету қажет. Әйтпесе, оларға есейген шақтарында оң мен солын ажырату қиынға соғады. Маман ретінде айтарым, өз елімізде болсын, мейлі шетелде болсын өз-өзіңді көрсетіп, үлкен жетістіктерге жету үшін күресе білу қажет. Өйткені, кез келген дүниеге қол жеткізу оңай шаруа емес, – дейді Меруерт Башикова.

Шетелде тегін білім алудың амалдары қандай?

Осыдан бес жыл бұрын талаптанып, шетел асқан жастардың бірі – Әсел Серікбаева. Ол Глубокое ауданындағы орта мектептердің бірінде білім алған. Кейін Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде оқыған. Әсел жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, аудармашы болып жұмысқа орналасады. Арада біраз уақыт өткен соң бойжеткен Римдегі Ла Сапиенц атындағы университетке оқуға түсуге бел буып, қамдана бастайды.

– Алға қойған мақсатыма жету үшін екі жыл бойы итальян тілін меңгердім. Кейін Римге оқуға тапсыру үшін құжат жинап, виза жасату сияқты жұмыстарға 1,5 миллион теңге жұмсадым. Есесіне, тегін оқып қайттым. Шыны керек, тіл үйренуге жұмсаған қаражатымды екі есе етіп қайтарып алдым, – дейді Әсел Серікбаева.

Оқуын бітірген бойжеткен елге оралып, Өскеменде экономист маман ретінде жұмысқа орналасқан. Кейін тұрмыс құрған соң, Астанаға қайта қоныс аударған. Қазір ол бала күтіміне байланысты үйде отыр. «Жеті түрлі ілім біл, жеті жұрттың тілін біл» деген мақалды өмірлік ұстанымы етіп алған Әсел шетелде оқып, сол жақта тәжірибе жинақтаған жастар елге оралуы тиіс деп санайды.

– Соңғы жылдары талабы таудай талай жастар жат жұртта қалып, еңбек етіп, бизнесмен болуды армандап жүр. Алайда, бәрінің мақсаты орындала қоймайтыны анық қой. Өйткені, білім іздеп кеткен кей жастар келеңсіз жағдайларға ұшырап жатқандары жөнінде де дәлелдер жеткілікті. Сол себептен, қатарластарымды туған жеріміздің гүлденуіне үлес қосуға шақырамын, – дейді Әсел Серікбаева.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button