Аймақтар аухалы

Шетелдік маман шеберлігімен бөлісті

Шетелдік маманның шеберлік сағатына қатысушылар өңірімізде күн санап көбейіп келеді. Осындай көмекке тағы бір мәрте жүгінген алтайлық кәсіпкер Андрей Першин бизнесіне жаңа серпін беріп, ауқымын кеңейте түсті. Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлер палатасы хабарлады.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының төртінші бағыты аясында қолға алынған «Аға сеньор» қосымшасы аймақ кәсіпкерлеріне бірқатар мүмкіндіктер беруде. Бұл жолы облыстық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Украина, Ресей, Әзірбайжан және Польша елдеріне есімі танымал кондитер әрі нан-тоқаш өнімдерін дайындайтын маман Виктор Макаренко шақыртылды. Басты себеп – Алтай қаласындағы отбасылық кәсіптің бойына қан жүгіртіп, тың серпін беру.

Жалпы, Чилимовтар әулетінің кәсібі Алтай өңірінде басталғанына 20 жылдың төңірегі болған екен. Бүгінде бұл отбасы «Золотой рассвет» азық-түлік өнімдері кешенінің жұмысын жүргізіп отыр. Кәсіп негізінен жартылай фабрикаттарды, нан-тоқаш және кондитерлік тағамдарды дайындауға бағытталған.

2014 жылы отбасының үлкен қызы Варвара мен оның жолдасы Андрей өздерінің жекеменшік кәсіптерін тіркеп, ата-аналарының өндірістік ғимаратынан кондитерлік цехқа орын жалдап алады. Жас отбасының кәсіп жүргізуге машығы болмағандықтан, бар істі ата-ананың өздері мойнына алып, бес жыл қос отбасының кәсібін қатар алып жүрді.

– Шетелдік маман бізге теңдесі жоқ көмек көрсетті, – дейді Варвараның анасы Алла Чилимова. – Ол бізге бизнестің көптеген біз білмейтін қырларын үйретті. Жаңа технологиялар мен құрылғыларда жұмыс істеудің жөнін білдік. Әрине, құрылғыларымыз ескі, сол себепті Виктор Григорьевичтің те біздің ескі құрылғыларға сай жұмыс істеуіне тура келді. Заманауи құрылғыларға деген талаптың күшеюіне орай жақын арада осы мәселені «Еңбек» я болмаса «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары арқылы шешуді көздеп отырмын.

Шетелдік маманның 10 күн бойы жүргізген шеберлік сағатының нәтижесінде наубайхана сегіз тағам түрімен толықса, кондитерлік цехта алты түрлі жаңа өнім пайда болды. Алтайлықтар үшін таңсық тағам түрлері саналатын – фитнес-батон, ашытқысыз нан, күнбағыс дәні қосылған қара бидай наны, «Докторский» кебек наны мен сәбіз бен қызылша араласқан «Алтайская» тоқашы пісіріле бастады.

Бүгінде 35 адамды жұмыспен қамтып отырған Чилимовтер мен Першиндер отбасы шетелдік маманның көмегін тағы алуға қарсы емес. Өткен жылы бұл отбасына түрік маманы келіп осындай шеберлік сағатын жүргізген болатын. Алайда оның үйреткен тағамдарының рецепті қымбат болуына орай көпшілігі қолжетімісіз болып қалды.

– Тұрғындар нан мен тоқаш өнімдерінің қымбат болғанын қаламайды. Сол себепті біз украиналық маманмен адам ағзасына жеңіл тиетін асты дайындадық. Келесі жылы да «Аға сеньор» жобасының көмегіне жүгінуге қарсы емеспіз, өйткені бізде бұдан бөлек мұздатқыш цехымыз да бар. Мүмкін, осы салада да көрген-білгені көп мамандар келіп шеберлік сағатын үйретсе, кәсібіміздің ауқымы ұлғая түсер ме еді? – деп қосты Алла Чилимова.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button