Шешуші ойындар әлі алда

Әне-міне дегенше, Семейдегі құрлық мықтыларының басын қосқан волейбол додасы да белортасына жетіп қойды. Алғашқы үш ойын күнінен кейін жарыстың айқын фавориттері мен аутсайдерлер де анықталып қалғандай.
Жалпы, биылғы біріншілікте топтық кезеңнің өзінде-ақ мамандар да, жанкүйерлер де күтпеген бірнеше нәтиже тіркелді. Соның ішінде бірінші кезекте петропавлдық «Қуаныштың» Тай елінің мықтысы «Diamond Food Fine Chef Sport Club» командасынан басым түсуін айтуға болады. Сол сияқты, биылғы жарысты Иран чемпионы «Kashan» да тәп-тәуір бастаған.
Ал турнирдің басты фавориті саналатын «Алтай» әзірге сенімді ақтап тұр. Чемпионаттың алғашқы күнінде Семейдегі спорт кешеніне жиналған жанкүйер алдында Петропавлдың «Қуанышын» 3:1 есебімен жеңген «алтайлықтар» келесі ойындағы қарсыласын тіптен оңдырмады. Бұл жолғы қарсыласы «Kyrgyzstan VC» клубы болатын. Айыр қалпақты ағайындардың үкілеп қосқан командасы Қазақстанның алты дүркін чемпионына еш қауқар көрсете алмады. Алғашқы партияда 25:9 есебімен жеңіске жеткен аруларымыз қалған екі кезеңді де айқын басымдықпен өз пайдасына аяқтады. Есеп 25:5 және 25:13. Қорытынды нәтиже 3:0!
Дәл осындай есеп «Алтай» мен Өзбекстан чемпионы «Jizzakh State» командалары арасындағы ойында да тіркелді. Дегенмен, қырғыздарға қарағанда, өзбекстандық команда тіптен ауыр соққыға жығылды деуге болады. Бұл сөзімізге матч кезеңдерінің нәтижесі дәлел бола алады, 25:4, 25:11 және 25:11.
Осылайша, өскемендік ұжым Семейдегі біріншілікте әзірге жеңілістің кермек дәмін татпаған жалғыз команда болып тұр. Енді сәл үзілістен кейін сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын команда Тайланд және Иран чемпиондарымен шеберлік байқаспақ. Атап айтсақ, алдымен «Алтай» «Kashan» волейболшыларымен кездеседі. Қазақстандық және ирандық ұжымдар арасындағы бұл ойын бүгін, 28 сәуірде сағат 14.00-де басталуы тиіс. Ал ертеңіне жерлестеріміз «Diamond Food Fine Chef Sport Club» командасымен өзара мықтыны анықтайтын болады. Еске салайық, чемпионат алдында волейбол мамандарының дені «Алтайдың» басты қарсыласы дәл осы тайландтық команда болады деген болжам айтқан еді. Біріншілік фавориттері арасындағы аталмыш кездесу 29 сәуір, жұмада сағат 11.00-де басталмақ.
Айта кетейік, биылғы құрлықтық додада барлығы алты команда сынға түсуде. Айналмалы форматта өтіп жатқан жарысқа қатысушылардың әрқайсысы топтық кезең барысында бес кездесуден өткізетін болады. Бұл ойындардың нәтижесі бойынша ең көп ұпай жинаған екі ұжым финалға шығып, Азия чемпионына берілетін кубокты сарапқа салады. Ал топтық кезеңде үшінші және төртінші орынға ие болған екі команда жарыстың қола жүлдесі үшін таласпақ.
Осы ретте, чемпионаттың алғашқы үш күнінен кейін көпшілік күткендей көш басына өскемендік «Алтай» көтерілгенін айту керек. Дәл қазір жерлестеріміздің қоржынында тоғыз ұпай бар. Бір қызығы, одан кейінгі үш команданың ұпайы бірдей екен. Атап айтсақ, тайландтық «Diamond Food Fine Chef Sport Club», ирандық «Kashan» мен Петропавлдың «Қуанышы» алты ұпайдан жинаған. Ал соңғы екі орында орналасқан қырғыз және өзбек елдерінің командалары әзірге бірде-бір ұпайға қол жеткізе алмаған.
Нұржан Кенжеұлы