Мәдениет

Шертпе күйдің шырақшысы

Шертпе күйдің шырақшысы

Ол тарихи Отанынан жырақта, 1936 жылы Қытайдың Дөрбілжін өлкесінде дүниеге келген. Әкесі Әбуғазы өлкеге танымал домбырашы, әнші болыпты. Қазен күйшінің айтысына қарағанда жазиралы салқар даладан нәр алған дарын өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында атажұртына оралады.

Дәнеш Рақышевтан дәріс алған

Ағаштан түйін түйген шебер атанса да, Қазекең қара домбырасын қолынан әсте тастамапты. Кешкісін шай үстінде домбырасына тіл бітіріп, «Саржайлаудан» бастап, оншақты күйдің басын қайырып, «Қосбасармен» көңіл қошын басатын. Үйдегі қара домалақтар да тәтті әуезбен ұйықтап, әсем әуенмен оянатын. Әу баста Қазен аға әншіліктен бастапты. Жетісу ән мектебінің хас таланты Дәнеш Рақышевтан дәріс алған ол әсерлі әндерді алғаш осы өңірге жеткізуші Қазен Әбуғазы болған. Халық әні «Балжан-ай», «Аңшының әні», «Інжу-Маржан» сияқты мөлдір әндерді тыңдарманға жан тебіренісімен сыйлап, алтын қорға жазған да – ауыл қазағы Қазен аға еді.
Бірде осы өңірге этнографиялық сапармен келген белгілі этнограф – ғалым Болат Сарыбаев ел арасындағы күйшілерді іздегенде ауылдағы қарапайым ағаш шебері Қазен Әбуғазыны жолықтырады. Алдымен домбырасымен танысып, қолымен ұстап көріп, шебердің өзін ұзақ тыңдапты.
«Қайыңнан жасалған домбыра үні жанға жайлы, жұмсақ келеді. Ал қарағайдан шабылса, ашық, өткір, күмбір қағып естіледі» – деп, күн қағып тотыққан қоңырқай жүзі нұрланып сала берген Қазен аға әңгімесін әрі сабақтап: «Баяғы күйшілер төре тартыс пен төкпе күйге арнап домбыра жасатқанда, ағаштың осы түрін таңдаған, тіпті, ән әуеніне қимай қастерлеп ұстаған» – дегенде, Болат ағамыз:
– Кәне, домбыраңды алшы қолыңа, – деп қолқа салады. Сүйріктей салалы саусақтары қос ішекке тиюі мұң екен, беу-беулеп қоя береді. Өзі пір тұтқан Тәттімбеттің «Саржайлауы», «Көкейкесті», «Бестөре», Сүгір мен Байжұма күйлері тартылғанда, оның домбырасындағы сиқырлы үн мен сан қилы саз қоймасына енген ғалым аға ұзақ жолдан шаршағанын ұмытып, бір ғажайып ләззат алады. Шабысты, жүйрік атты сейістер белдеуде, жабу астында тұрғанда біледі екен. Оның талантты екенін, тұла бойы тұнған әуез екенін бір дидарласқанда сезген ғалым аға: – Сендей дара дарындар осындай кең жазиралы далада ғана туады. Келер жылы қалай да Алматыға алдырам. Домбыраңды қолыңнан тастама, – деген екен. Дәм тартпады ма, әйтеуір ғалым ағамыз бұл өңірге оралмапты.
1968 жылдың жаз айларының бірінде республиканың басшысы Дінмұхамед Қонаев Семейге келген сапарында ауыл жастарының өнерін арнайы тамашалапты. Сол бір әсерлі кездесу ағамыздың есінде ерекше қалыпты.
– Күн сәл еңкейе бастаған. Жер-жерден келген қатысушылардың барлығын орталық саябаққа жинап, арнайы жасалған сахна қасындағы автобустарға отырғызды. Кезегіміз келгенде шақыратын көрінеді. Алматыдан келген белгілі өнер жұлдыздары да осында екен. Ақсуат өнерпаздары алдыңғы лекте болып, оркестр Құрманғазының «Адай», Огинскийдің «Полонезін» орындады, мен жеке шығып Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйімен аяқтадым.
Сахнадан түсіп келе жатқанда алдымда құлағы қалқиған, қарасұр, орта бойлы жігіт ағасы мені қарсы алып: «Ал солақайым, жайыңды айт, қай өлкенің азаматысың? Оқуың қандай?» – деген едел-жедел сұрақ қойды. Жайымды айттым, елімді таныстырдым.
Бұл – Тәттімбет бастаған арқаның шертпе күй мектебінің өкілі, дәулескер күйші Мағауия Хамзин болатын. Осы бір ұмытылмас кездесуде Мағауияның орындауындағы Сүгірдің, Момбековтің күйлері де тыңдалды. Сол отырыста Мағауия маған: «Тегінде, дәулескер күйшілер солақай болып келеді. Сендей дара талантқа оқу керек» – деп, аманат айтқан.
Бірақ ол табиғат берген ұлы даланың дыбысымен үндесіп өсті. Дыбыс демекші, Қазеннің бойындағы айрықша қасиеті – әуезді үнді бір естігенде қандай күрделі шығарма болсын айнытпай бойына сіңіріп алатын Мұның өзі қас талантқа ғана тән қасиет болса керек. Естен кетпес сол кездесуде Мағауиядан тыңдаған бірнеше күй әлі күнге шейін күйшінің көкірек күй сандығында. Қазен күйші ықылым заманнан келе жатқан шертпе күй мен төкпе күйдің 100-ден астамын өзі орындап, бүгінгі ұрпаққа жеткізуші, күй шырақшысы. Шығыстағы шертпе күй дәстүрін қалыптастырушы.

Он туындысы ЮНЕСКОНЫҢ алтын қорына енген

Шертпе күйдің шырақшысы

Өнер иесінің бойындағы інжу-маржаны шектелмей, түбі бір төгілетіні белгілі. Толғағы тоқсан тарау шығарманың, жан сарайына қонақтаған саздардың көкке өрлеуіне де бір ықпал болары сөзсіз. Өз көкірегінен туған әуез, алғашқы күйлері жетпісінші жылдардың екінші жартысында келді. Күйшінің бебеулеп кеткен домбырасы, жырақта жүрген ұланның көңіл күйі мен психологиясын дөп басқан. Алыста, бейбітшілік күзетінде жүрген тұла бойы тұңғышы Қанатты сағынғанда шығарған «Бейбіт» күйі болатын. Сан ғасырлар бойы бабалар рухы сарынымен қорғап келген сардар саздың өріне өрмелеп өскен өнерпаздың бүгінде 40-қа жуық күйі бар. Барлығы да арқаның шертпе күйінің дәстүрімен бір-біріне ұқсамайтын күрделі туындылар. «Тор жорғаның бүлкілі», «Жалғыз аққу», «Ана зары», «Аманат» сияқты 30 күйі ұлттық музыка қорынан берік орын алса, 20-ға тарта күйі Құрманғазы атындағы консерваторияның ғылыми лабораториясында жазылып, Қазақ радиосының алтын қорына енген.
«Мәңгілік сарын» сериясына бірнеше күйлері өз орындауында кірген. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Қазақтың мың күйі» антологиясында өз орындауындағы бірнеше күйі қалған, он күйі әлемдік үздік туынды қатарына кіріп, Юнесконың алтын қорына кірген тума таланттың бұл күнде Ақсуаттың орталығында тұратын қоңыр төбел ғана тіршілігі бар. Қара шалдың тапал тамынан әуен мен әуез ұялаған Әбуғазиндердің барлығы шетінен дәулескер күйші, әнші екенін былайғы жұрт біле бермейді. Қазен ағаның кіндігінен өрбіген жеті ұл, бір қыздың бәрі дарынды.
Мұрат, Қайрат, Талғат, Марат, Самат ұлттық музыка өнеріндегі елімізді әлемге танытып жүрген кәсіби өнер мамандары. Осылардың ішінде Қазен ағаның айрықша мән беретіні – Құрманғазы атындағы консерваторияның доценті, дәулескер күйші Мұрат Әбуғазы. Оның зерттеуімен Алтай – Тарбағатай күйлерінің насихатшысы, Қазеннің қазыналы күйлері бүгінде жоғары өнер университеттері мен колледж студенттеріне оқытыла бастады. Өнегелі әкеден өріс алған, өзі сияқты қолына бес жасында домбыра ұстаған Мұрат Әбуғазы – музыка зерттеушісі, ірі ғалым болды. Бұрын бармақ басына ілінбеген талай тағдырлы күй, ел құлағынан қағыс жүрген қызуы бет шарпыған небір туындылар, ұрпағының ұлағатымен нотаға түсіп, таспаға жазылды.
Тұтастай «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының ажырамас бір бөлігі – халықтық күй мұрасының сақталуына, оның жаһандық шарпуға ілінбей, келешек ғасырға жалғануына – қазақтың қара шалы қосқан үлес осындай!
Сол қазақтың момақан Моцарты атанған Қазен күйші бүгінде Ақсуатта тұрады.

Қадырбек Кәкімұлы

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button