Мәдениет

Шертердің шебері

  Шертердің шебері

Жақында Астанада «Праздник лета – 2015» атты халықаралық байқау өткен болатын. Оған Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің 3-курс студенті Баян Мырзабекова шертер аспабында шығармалар орындаудан қатысып, жүлделі І орынды жеңіп қайтты. Баянның оқытушысы осы училищеде тұңғыш рет шертер сыныбын ашқан, өз ісінің шебері, білікті ұстаз – Арай Букеева. «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» дегендей, қызымның осындай өнер иесінің шәкірті болып жүргеніне қуанамын. Шәкіртінен үлкен үміт күтетін ұстазы осынау ауқымды сынға дайындаған кезде Баянның жүлдемен оралатынына сенімді болған. Бұл байқауға еліміздің түпкір – түпкірінен бірінен – бірі өткен көптеген өнерлі жастар қатысты. «Мыңнан – тұлпар, жүзден – жүйрік шығады» дегендей, Баянның бұл жеңісі – оның оқытушысы екеуінің ортақ жеңісі. Баян училищеге түскелі бері бірнеше байқауларда жеңімпаз атанды. 2012, 2014 жылдары Алматы қаласында өткен Ахмет Жұбанов атындағы халықаралық байқаудың дипломанты болса, 2013 жылы Астана қаласында өткен халықаралық «Астана – Мерей» байқауында ІІ, осы жылы Алматыда өткен халықаралық «Ғұмырдария» байқауында І орын алған-ды. Баян тек шертер аспабында ғана ойнап қоймайды, домбыраны да жақсы меңгерген, ән салуға да жаны құмар.
Әр орындаушының бағын ашатын бір әні болады дейді. Әрине, бұл ретте Баянның бағын ашқан – Ш. Қалдаяқовтың «Отырардағы той» әні. Сонымен қатар Баян «Қорқыт қобыз», «Қанеки, тілім сөйлеші» әндерін де нақышына келтіріп орындайды.
Баянның өнердегі жетістіктеріне И.Ткач, Қымбат, Құралай, Арай сынды ұстаздарының қосқан үлестері үлкен. Осы ұстаздарына айтар алғысым шексіз.
Баян училищені бітіргеннен кейін Астана қаласындағы Ұлттық Өнер университетіне түсуді армандап жүр.

Сайраш Тоқпаева

Ұлан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button