ҚоғамТОП

Шерхан ұстаздық жолын туған ауылында бастады

Катонқарағай ауданында жас мамандар тұрақты жұмыспен жүйелі қамтылып жатыр. Жоғары, орта арнаулы оқу орындарын тәмамдаған жастар өз мамандықтары бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу үшін жыл сайын «Жастар іс-тәжірибесі» жобасы ұйымдастырылады.

– Жастар іс-тәжірибесі барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен мекемелерде ұйымдастырылады. Бұл жоба бойынша берілетін жұмыс уақытша сипатқа ие, ұзақтығы – 12 айға дейін, жалақысы – 30 айлық есептік көрсеткіш (103 500 теңге). Бүгінде ауданда «Жастар іс-тәжірибесіне» 37 адам қатысып отыр. Олардың екеуі қазір әскери борыштарын өтеп жүрсе, 16 адам тұрақты жұмысқа орналасты, ал 19 адам «Жастар іс-тәжірибесімен» жұмыс атқарып жүр. Олар да мерзімі аяқталған соң тұрақты жұмысқа орналастырылады. Жастарға қойылатын басты талаптың бірі – Катонқарағай ауданында тұруы қажет, – дейді аудандық мансап орталығының директоры Сәуле Зарлыққызы.

Жастарды жұмыспен қамту мақсатында ауданда «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары да жүзеге асып келеді. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына жоғары оқу орнын немесе колледж бітірген жұмыссыз жастар қатыса алады. Олар мемлекеттік мекемелер мен жекелей секторларға 18 айға дейінгі мерзімге жіберіледі. Қос жобаның қатысушыларына жұмысқа тұрған жағдайда 30 АЕК мөлшерінде жалақы төленеді.

«Жастар іс-тәжірибесі» жобасы бойынша ауданда еңбек етіп жүрген жастардың қатарында Жаңаүлгі ауылының тумасы, Катонқарағай ауылындағы Рыков атындағы орта мектептің дене шынықтыру мұғалімі Шерхан Мұратов та бар. Ол өткен жылы Аманжолов университетін дене шынықтыру мұғалімі мамандығы бойынша аяқтап келген. Бірден аудандағы жұмыспен қамту орталығы арқылы «Жастар іс-тәжірибесі» жобасына қатысып, мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.

– Бұл мектепке осы оқу жылының басында келдім. Жоба аясында осында 12 ай еңбек етемін. Университетте қоян-қолтық ұрыс спортымен шұғылданғам. Мұғалімдік мамандықты өз қалауыммен таңдадым. Жұмысым өзіме ұнайды. Мектеп ұжымы да жан-жақты қолдауын көрсетіп келеді. Тәлімгерім, тәжірибелі ұстаз Азамат Бауыржанұлы әдістемелік көмек береді. Алдағы уақытта да қызметімді туған жерімде жалғастыра беремін. Қалаға жұмысқа ауысу жоспарымда жоқ, – дейді Шерхан Мұратов.

Мектеп директоры Әділ Бердібеков жас маманның жұмысына оң баға беруде.

– Шерхан жұмысына тиянақты, іске жауапкершілікпен қарайды. Жас маманға ұжым болып барынша қолдау-көмегімізді көрсетіп келеміз. Осы бастан тынбай еңбек етіп, ізденсе, мықты маманға айналары сөзсіз. Шерханға толайым табыс пен сәттілік тілейміз! – дейді мектеп басшысы.

 

Тимур Смағұлов

 

Осы айдарда

Back to top button