Шемонайхада қазақ мектебі ашылды
Шемонайхада салтанатты жағдайда тұсауы кесілген 320 орындық жаңа қазақ мектебі бүгінде қаладағы көздің жауын алар ғимараттардың бірегейіне айналып үлгерді. Жаңадан пайдалануға берілген білім ордасының жалпы аумағы тоғыз мың шаршы метрді құрайды.
Мамандардың айтуынша, балаларын қазақ тілінде оқытуға ниет білдірген ата-аналардың қарасы аз емес-тін. Қазірдің өзінде мектепке 350 өтініш келіп түсіпті. Бұл күні де жаңа білім ордасының алдына мерекелік киімдерін киген оқушысы бар, олармен бірге еріп келген ата-анасы бар, бірсыпыра жұрт жиналды.
Олардың ішінде екінші сынып оқушысы Кирилл Квитковский де бар. Оның анасы Викторияның айтуынша, Кирилдың қазақ тілін үйренуге ынта-ықыласы зор. «Елбасымыз үштұғырлы тіл саясатына жете мән беріп келетінін білеміз. Сондықтан ұлымызды мемлекеттік тілде білім беретін осынау мектепке тапсыруды жөн санадық. Артынша ағылшын тілін де үйренер. Бұл жерде тіл меңгеремін деушілерге барлық жағдай жасалған екен» дейді ол.
Мектептің өзіне келер болсақ, бұл оқу кешені шын мәнінде заманауи үлгіде салынып, жабдықталыпты. Бір оқушыға арналған ыңғайлы парталар, соңғы технологиямен жабдықталған сыныптар, бәрі-бәрі мұнда келген жанның назарын еріксіз өзіне аудартады. Сонымен қатар, мектеп жанынан 100 орындық интернат да есігін айқара ашып отыр. Мұнда Қызыл Шемонайха, Волчанка, Октябрь, Березовка, Сугатовка сияқты алыс-жақын ауылдардан келген оқушылар тұрақтайтын болады.
Мектептің артықшылықтары туралы облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ құттықтауын жеткізген аймақ басшысының орынбасары Жақсылық Омар да атап көрсетті. Оның айтуынша, мұндай білім ордасының ашылуы ауданда мемлекеттік тілдің тұғырының беки түсуіне, жергілікті халықтың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыруға зор септігін тигізбек. Аймақ басшысының орынбасары сонымен қатар, қазіргі кезде Шығыс өңірінде апатты жағдайдағы білім ордаларының қатары барынша азайғанын ерекше атап өтті. Бұдан кейін Жақсылық Омар мектеп басшылығына облыс Әкімі атынан су жаңа автобустың кілті мен теледидарды сыйға тартты.
Ал «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков өз сөзінде жаңа мектеп ғимараты президенттік бағдарлама негізінде бой көтергенін ерекше назарға алды.
Салтанатты шара барысында мектеп құрылысын ойдағыдай жүргізіп, уақтылы тапсырған мердігер компания – «ПСК Өскемен құрылыс» ЖШС-нің басшысы Ержан Сқақовқа аудан жұртшылығы атынан иығына шапан жабылып, бірқатар жұмысшыларға белгілі жерлес жазушымыз Анатолий Ивановтың қос томдығы сыйға тартылды. Жергілікті кәсіпкерлер Владимир Акулов пен Николай Воробьев те мектеп ұжымы мен оқушыларға өз сый-сияпаттарын ала келіпті. Мерекелік шараның соңынан қазақы дәстүр бойынша бата беріліп, шашу шашылды.