Білім

Шектеулерге қарамастан оқыту сапасы төмендеген емес

Пандемияға байланысты ауданда 9603 оқушы қашықтан, ал 2012 оқушы қалыпты режимде білім алуда. Мұғалімдер жүз пайыз компьютермен қамтылған, үйлерінде интернет бар.

Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 1320 оқушыны тегін интернетпен қамту үшін жеті айлық тарифі бар 660 роутер уақытша пайдалануға берілді. Барлығы 4524 оқушы үй жағдайындағы интернетпен қамтылды, 1870 оқушы мобильді интернетті қолдануда.

Атап айтсақ, өңірімізде жеткіншектерге білім беретін 51 мектеп болса, оның 46-сы – орта, 5-і – толық емес мектеп. Сондай-ақ осы білім ошақтарының 27-сі толық комплектілі, қалғандары шағын комплектілі болып саналады. Бұл оқу орындарында 12 408 оқушы білім алуда. Биыл бастауыш сынып оқушыларының саны 4769-ға, орта және жоғары сынып оқушыларының саны 7643-ға жетіп отыр.

Пандемияға байланысты оқушылардың денсаулығын сақтау, оларды сапалы оқыту бойынша білім беру жүйесінде көптеген іс-шаралар жүзеге асуда.

– Биыл аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың 4832 баласын тегін мектеп формасымен қамтуға 90527 мың теңге, тегін аяқ киімге 48320 мың теңге бөлінді. Мектеп формасының құны – 18735 мың теңге, жеткізуші мердігер – өскемендік «Isnar» фирмасы. Аяқ киімнің құны – 10  мың теңге. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан 1032 оқушыға кепілдендірілген әлеуметтік пакет негізінде оқуға қажет кеңсе тауарлары берілді. Сондай-ақ демеушілер тарапынан 27 смартфон, екі планшет, 21 «Отау ТВ» құрылғысы, 10 ноутбук табысталды, – дейді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Сәуле Жүнісова.

Пандемияның алдын алуға байланысты ауданның білім саласында іс-шаралар жоспары дайындалып, барлық білім беру ұйымдарында сақтық шаралары ұйымдастырылған. Атап айтсақ, барлық мектептерде «Коронавирус», «Желшешек», «Гепатит» тақырыптарында 9767 оқушы онлайн диктант жазды, 338 санбюллетень мен қабырға газеті шығарылды, WhatsApp әлеуметтік желісіндегі 503 ата-аналар чатына түрлі әлеуметтік бейнероликтер таратылды, созылмалы аурумен ауырған 272 баланың ата-анасына сақтық шаралары түсіндірілді.

Әлеуметтік жағдайы төмен және сәтсіз отбасында тәрбиеленіп жатқан оқушылардың жағдайын анықтау мақсатында мектеп әкімшілігі тарапынан 468 үйге рейд жүргізіліп, аталған отбасылардың жағдайы қалыпты екеніне көз жеткізілді.

«Біз үйдеміз!», «Жақынына жанашыр бол!», «Бетперденің иесі», «Үйде болайық!», «Біз біргеміз!» акциялары ұйымдастырылып, олардың аясында әлеуметтік желі парақшаларына вирусқа байланысты бейнеүндеулер жариялануда. Кешкі уақытта жасөспірімдердің бейсауат көшеде жүруіне тыйым салынған, осыған орай аудандық ішкі істер бөлімімен бірлескен рейдтер ұйымдастырылуда. Аталған жұмыстар жалғасады.

«Antikor.Live» жобасы аясында Фейсбук желісіндегі Үржар ауданы білім бөлімінің парақшасындағы тікелей эфирде білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша атқарылған жұмыс туралы білім бөлімінің басшысы Сәуле Жүнісова сұхбат беріп, келіп түскен сауалдарға жауап қайтарды.

Аудан оқушыларының жетістіктерін атап өтсек, «Бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы!» облыстық эссе байқауында Қаратұма мектебінің оқушылары жүлделі орындарға ие болды. Найманбай мектебінен оқушылар командасы «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының «Жас ұрпақ – Мәңгілік ел тірегі» облыстық слетіне қатысып, Алғыс хатпен марапатталды. Жалпыұлттық «Birgemiz Bilim» жобасы аясында ұйымдастырылған шалғайда орналасқан мектеп оқушыларын ҰБТ-ға дайындау, ағылшын тіліне оқыту, компьютерлік және құқықтық сауаттылыққа үйрету курстарына Жансүгіров мектебінің оқушылары қатысып, ноутбук және планшетке ие болды. Ауыл балаларының 9 сыныптарына арналған IQanat олимпиадасы демеушісінің атынан Т.Қоңыр, Сейфуллин, Науалы мектептерінің оқушыларына планшет табыс етілді. Елбасы кітапханасы ұйымдастырған «Болашаққа жол өзіңнен басталады» онлайн вебинарында Абай мектебінің 10 сынып оқушысы О.Қаскенов белсенділер қатарынан көрінді. Жарбұлақ мектебінің оқушылар командасы «Ұлттық мектеп лигасы» бағдарламасындағы тоғызқұмалақтан республикалық онлайн жарысына қатысып, күміс жүлдегер атанды. «Зерде» республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсының облыстық кезеңінде Найманбай, Абылайхан, Момышұлы, Науалы, Төлеубеков мектептерінің оқушылары жүлделі орындарға ие болды.

Сондай-ақ шағын мектептер арасында «Үздік ауыл мұғалімі – 2020» аудандық онлайн байқауы ұйымдастырылып, Қарабұйрат мектебінің математика мұғалімі байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алып, облыстық байқауда аталған мектеп жүлделі үшінші орын иеленді. «Daryn.online» платформасы шеңберінде қазақ, орыс, ағылшын тілдері, құқық, тарих пәндері бойынша республикалық олимпиадалар ұйымдастырылып, 40 мектеп мұғалімі дипломдарға ие болды.

Аудан педагогтары озық тәжірибелерін тарату мақсатында онлайн форматта ашық сабақтар өткізуде.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button