Шексіз ризашылығымызды білдіреміз
2016 жылдан бері Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен белгіленген Алғыс айту күні мерекесін атап өтіп келеміз. Айтулы мереке қарсаңында облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының жанындағы этномәдени бірлестіктер өкілдері қазақ халқына деген шынайы ризашылықтарын, риясыз алғыстарын білдірген болатын.
Эльвин Дамирчиев, облыстық әзірбайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:
– Қуғын-сүргін кезеңінде қазақ халқының өзі мүшкіл хал кешіп отырса да, жер аударылып келген 100 мыңдай әзірбайжандықты қабылдап, оларға екінші өмір есігін ашқандай болды.
Депортация жылдары әзірбайжандықтардың біразын Сібірге айдады, көп бөлігін Қазақстанға әкелді. Сібірге кеткендерден тірі қайтқаны кемде-кем. Дені хабар-ошарсыз кетті. Ал қазақ жеріне жеткендері аман қалып, ары қарай тіршілігін жалғастырды. Соның арқасында әзірбайжандар өсіп-өркендеп отыр. Сол үшін мен бүкіл әзірбайжандықтардың атынан қазақ халқына шексіз алғысымды білдіремін.
Елбасының сарабдал саясатының, көреген көшбасшылығының арқасында 130-дан астам этнос өкілдері бір үйдің баласындай, тәуелсіз Қазақстанда бір шаңырақ астында сыйластықпен күн кешіп жатырмыз. Қазақ елі жасай берсін, жайнай берсін!
Альфия Сарипова, облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығындағы татар этномәдени бірлестігінің өкілі:
– Қазақстанда тұрып жатқан татар ұлтының өкілі ретінде қазақ халқына рақметтен басқа айтарым жоқ. Себебі, біздің аталарымыз бен апаларымыз, әкелеріміз бен шешелеріміз, олардың артынан біздер кешегі кеңестік Қазақстанда, соңғы отыз жылдың көлемінде тәуелсіз Қазақстанда ғасырға жуық ғұмыр кешіп келеміз. Аталарымыз өткен ғасырдың 20-шы жылдары Зайсанға келген. Сол жақтан соғысқа аттанған. Осы уақыт аралығында қазақ халқынан тек жақсылық көрмесек, еш жамандық көрмедік. Мен өзім Зайсан жақтың татарымын. Ата-анамыз Зайсан қаласында тұрады. Дініміз де, діліміз де ұқсас болғандықтан, қазақтармен тек сыйластықта, жақын араластықта өмір сүріп келеміз. Өмірлік жолдасым қазақ ұлтынан. Тәуелсіздік алған жылдарда бұл қарым-қатынас тіпті нығайды деуге болады. Бүгінгі күнде ортақ шаңырағымызда тату-тәтті, келісім мен бірлікте, достықта өмір сүріп келеміз. Үйімізде қазақ, орыс, татар тілдерінде сөйлейміз. Қазақстанда өзімізді бақытты сезінеміз. Сол үшін қазақ халқына мыңда бір алғыс!
Хамзат Янгулбаев, облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы жанындағы чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің белсендісі:
– 1944 жылдың 23 ақпанында бес жүз мыңға тарта чешен мен ингушты өз отанымыздан қудалап, Қазақстан мен Орталық Азияға жер аударды. Бұл сәрсенбі күні болатын, жол жөндеушілер кейпінде келген солдаттар күректерін тастап, автоматтарын алып шықты да туған жерімізден бір күнде жер аударды. Басты таққан айыптары – неміс басқыншыларымен ауыз жаласты деген сенімсіздік болды. Қазақстанға дейін мал тиейтін вагондарға салып алып келді, жол бойы адам төзгісіз қиындықтарды бастан кешірдік.
Ал қазақтар бізді өз бауырындай қарсы алды. Басында біз түсінбеген бір жағдай болды. Олар бізді кішкентай ақ тастармен атқылай бастады. Айдауылдар болса, «Көрдіңдер ме, сендерді тіпті жергілікті қазақтар да жақтырмайды!» деп күліп, мәз болды. Ал бұл шындығында қолдан жасалған ақ құрттар болып шықты. Ұлан ауданында тұрдық. Әкеміз Зырянға кетіп, шахтада еңбек етті. Біз қазақтардан өзара түсіністік пен адамгершіліктің үлкен үлісін таптық. Олардың қамқорлығы жүрегімізді жылытты. Қазақстан екінші отанымызға айналды. Бүгінде балаларым мен немерелерім бейбітшіл, әлем таныған қазақ жерінде білім алып, жұмыс істеп, лайықты өмір сүріп жатқанын мақтан етемін. Қазақ еліне барлық чешен мен ингуш ұлтының атынан алғысым шексіз.
Валентина Фрышко, поляк этномәдени бірлестігінің өкілі:
– КСРО аумағындағы поляктарды жер аудару екі толқынмен жүргізілді. Алғашқысы 1936 жылдың сәуір айында болды. Біздің ата-бабаларымызды Қазақстан мен Сібірге жер аударды. Екіншісі 1940-1941 жылдары жүргізілді. Адамдар қиын жағдайда жер аударылды. Аздаған тамақ пен мал алуға ғана рұқсат берді, әкелді де жазық далаға тастап кетті. Жақын маңдағы қазақтар келіп, шамасы келгенше өз нандарымен бөлісті, жер үйлер салуға көмектесті. Шынын айту керек, қазақ елінің осы қамқорлығының арқасында талай отбасы аман-сау қалды, ұрпағын өрбітті. Қазіргі уақытқа дейін поляктардың өз мәдениеті мен салт-дәстүрін, тілін ұмытпауға мүмкіндік беріліп отыр. Осының арқасында мемлекетімізде көптеген ұлттар бірлікте тұрып жатыр деп айта аламын. Елбасының Алғыс айту күнін енгізгені өте дұрыс шешім деп санаймыз. Қазақ халқының бұл қамқорлығын, қонақжайлылығын еш уақытта ұмытпаймыз және шексіз ризашылығымызды білдіреміз.
Вера Правдина, облыстық орыс мәдени орталығының төрағасы:
– Көктемнің алғашқы күнінде келетін Алғыс айту күні мерекесінің Қазақстандағы барша халықтар үшін маңызы зор деп есептеймін. Өткен ғасырда Қазақстанға жер аударылған түрлі халықтардың бүгінгі ұрпақтары сол зұлматты, жергілікті қазақтардың қайырымдылығын ұмытпауы тиіс. Олар қолдарындағы соңғы нандарымен бөлісті ғой. Қазіргі таңда Қазақстан әлем алдында бейбітшілік пен келісімнің бірегей үлгісі болып отырғанын мақтанышпен және еш қорықпастан айта аламын. Мемлекетімізде оның халқының бір бөлшегі саналатын түрлі ұлттарды дініне, ұлтына қарап бөлу деген ешқашан болған емес. Бәрінің құқығы бірдей, қолайлы өмір сүріп жатырмыз. Сол үшін қазақ еліне мыңда бір рақмет айтамыз!
Суреттер Тілеубек Шаяхметтікі
Әзірлеген – Дәурен Аллабергенұлы