Руханият

Шеберлігін ауыл сахнасында шыңдап жүр

Шеберлігін ауыл сахнасында шыңдап жүр

Өңірімізде халықтың ықыласына бөленіп жүрген мәдениет саласы қызметкерлері баршылық. Соның бірі – Үржар аудандық мәдениет үйінің қызметкері Серік Шәкенов.
Халыққа мәдени қызмет көрсету саласындағы еңбек жолын 2000 жылы Маңғыстау облыстық куыршақ театрында бастаған Серік 2003 жылдары Семейге қоныс аударып, сондағы «Жастар» ән-би ансамбліне жетекшілік етеді. Еті тірі, өнерді сүйген жас маман өзінің сүйікті мамандығы – актерлігін тастаған жоқ. «Дариға-ай» жастар театрында шеберлігін шыңдаумен болды. Кейіннен Үржар ауданына қоныс аударған ол бүгінге дейін аудандық мәдениет үйінің белді қызметкері санатында. Аудан көлемінде мереке сайын өткізілетін іс-шаралардың бел ортасында жүретін Серік мәдениет үйінде ашылған қуыршақ театрына да жетекшілік жасайды. «Керуен» халық театрының актері. Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде актер мамандығын алған Серіктің актерлік шеберлігі ауыл сахнасында-ақ шыңдалуда және көрерменінің ыстық ықыласына боленіп те жүр. Француз драматургі Ж.Мольердің «Ақымақ болған басым-ай» спектаклінде Данденің рөлін, М.Жолдасбековтің «Бәйтерек» спектаклінде Абылайханның, «Ана-жер Ана» спектаклінде Жекшенқұлдың және тағы басқа да спектакльдердегі рөлдерін тамаша сомдап шықты.
Өнерпаз жігіт аудан көлемінде өткізіліп жататын мәдени шараларды ұйымдастыру жұмысынан шет қалған емес. Өнердегі еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Әртүрлі іс-шараларды ұйымдастыруда белсенділігі, кәсіби шеберлігі үшін аудан әкімінің, аудандағы ірі мемлекеттік мекемелер басшыларының марапаттары мен алғыс хаттары жеке архивінде сақтаулы. Ауыл мәдениетін дамытуда, аудан жұртшылығына мәдени қызмет көрсетуде жан аямай еңбек етіп жүрген мәдениет саласының майталманы Серік Тәңірбергенұлы міне, осындай, әріптестеріне өнерімен өнеге болып жүрген жан.

Гүлжан Қазымова

Осы айдарда

Back to top button