Шұбартаудың түлектері – шетінен жүргізуші
Иә, дәл солай. Биыл 90 жылдығы мерекеленетін тарихы терең Оспанқұл Меңаяқұлы атындағы орта мектеп түлектерінің әрдайым заман талабына сай білім алуына ерекше көңіл бөліп келеді.
Мәселен, биылғы соңғы қоңырау салтанатында мектеп түлектері орта білім туралы аттестатпен бірге «В», «С» санатты автокөлік жүргізу куәлігін де алды.
2011 жылы Аягөз ауданы әкімінің тікелей тапсырмасы бойынша Баршатастағы орта мектепте көлік жүргізушілерін даярлайтын автосынып ашылған-ды. Оны ашуда өзіндік қиындықтар болмай қалған жоқ. Дегенмен, мектеп мұғалімдері мен ауыл азаматтары оны оңды шешуге атсалысты. Атап айтқанда, автосыныптың ашылуына мектеп түлегі Нұрлан Жоламанов, Шұбартау өңірінің азаматы, үнемі іргелі істердің көшін бастап жүретін Нұржан Нұрсипатов автосыныптың лицензиясын алуға үлкен көмек көрсетсе, осындай жаңашылдықтың жандануы үшін мектеп мүдірі Сағым Барлықбайқызы да аянып қалған жоқ.
Сондықтан ата-аналар қауымы мектепте аттестатпен бірге автокөлікті жүргізу куәлігін алып шыққан балалары үшін ерекше қуанулы.