Шаңырағым – шаттығым

Осындай тақырыпта аудандық мәдениет үйінде орталық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған дөңгелек үстел отырысы өтті.
Елбасымыз «Отбасында адам бойындағы қасиеттер жарқырай көрініп қалыптасады. Отанға деген сезім, жақындарына, туған-туыстарына деген сүйіспеншіліктен басталады», – деп отбасының қоғамдағы рөлін жоғары бағалады. Елімізде иманды ұл, ибалы қыз өсіп-өнсе, болашағымыз нұрлы болмақ.
– Әдепті де мейірімді, парасатты да жауапты отбасылар бүгін біздің ортамызда. Олай болса, ақ сүтін беріп мәпелеп өсірген ардақты аналар, тәрбиенің үлгісін көрсеткен қамқор әкелер үшін қошемет көрсетейік. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен дегендей, сіздерге қарап көзіміз тойып отыр, – деп ұрпақтар сабақтастығына дәнекер, кездесудің жүргізушісі Роза Кенжеханова Нұрсадықовтар, Мәденовтер және жас отбасы Жұмағалиевтарды үлгі тұтып келген, дені жоғарғы сынып оқушылары, жастарды бір-бірімен таныстырды.
Бала болашағына жауапкершілікпен қарап, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, көпке үлгі бола білген отбасылардың бірі Нұрсадықовтардың жанұясы –көпшілік танитын, қадір тұтатын шаңырақ. Отағасы Қабдыкәрім, отанасы Нағима – «Салауатты отбасы – салауатты қоғам» атты бірінші облыстық форумының «Үздік жанұя» аталымының І дәрежелі дипломының, «Бақытты шаңырақ, бақытты ел – 2015» аудандық форумының «Мерейлі отбасы» атағының иегерлері. Ағамыз жиһангер, абыз Асан қайғының «Бақыт, қайда барасың? Береке-бірлігі жарасқан елге барамын» пәлсапалық тұжырымдамасын үнемі айтып жүреді. Бұл жолы да осы ой-пікірді ортаға салды. Жастарға аманат артып, өсиет етіп өнегелі сөздер айтты. Білім мен еңбекті ұштастырған ұтады қағидасын алға тартты.
Қонақтарға түрлі сұрақтар қойылып, әрқайсысына тұщымды жауаптар қайтарылды. Мәдениет үйінің белгілі әншілері тақырыпты аша түсетін әндерді орындап отырды. Үлкендермен ере келген немерелері ата-апаларына арнап тақпақ айтса, слайдтан қадірлі қонақтардың өмір белестерінен деректі бейнекөріністер көрсетілді.
Малшы отбасында дүниеге келген, 44 жыл ұстаздық еткен, арасында оқу ісінің меңгерушілігі бар, «Нұр Отан» партиясының, аудандық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі, әрі медиатор Шаурахмет Мәденов бар еңбек жолын бастауыш сынып балаларына арнаған қосағы Гүлжанат Қылышпайқызы екеуі де келісті әңгіме өрбітті. Майдангер әкеден, тыл ардагері шешеден үш ұл, екі қыз өсіп-өрбіген. Екі апайлары тұрмысқа шыққан соң ұлдың ортаншысы Шаурахмет үйдің де, түздің де шаруасын атқарып өскен. Жастайынан шалғы тартып, ширады. Қарт анасының қолын жеңілдетіп, сиыр сауып, құрт қайнатқан. Осындай көрген-түйген тәрбиенің арқасында адам болғанын, күні бүгін сүйіспеншілік, сенім, сыйластық – «3С» формуласын ұстанып келе жатқандарын отағасы тарқатып айтып берді.
Сонымен бірге Шаурахмет Мәденұлы медиатор ретінде шаңырағы шайқалған талай отбасыларды сақтап қалу үшін, мазасыз күн, беймаза күй кешкенін тілге тиек етті. Нәтижесі де жаман емес, қайта табысқан жұбайларды көріп, өзіне-өзі тәубе дейді.
– Бізге таңдау түсіп шақырғандарыңызға көп рақмет, – деп қонақкәде ретінде «Өлеңім – өмірімнің жалғасы» атты жақында жарыққа шыққан тұңғыш кітабын кітапханаға тарту етті.
Біз жастарға сенеміз, болашағынан зор үміт күтеміз. Бұған дейін Тұңғыш Президент күніне орай өткізілген облыстық фестивальде «Жас отбасы» номинациясын жеңіп алған Жұмағалиевтардың жанұясының өнеге тұтар қасиеттеріне жастар тәнті болды. Айдында жүзген қос аққудай қол ұстасқан қос ғашықтың бір-біріне деген махаббат-сезімдерінің пәктігін бейнесюжеттен айқын аңғарасың.
Досым Алтайұлы жастардың бүгінгі таңда, қоғамда алар орны туралы ойымен бөлісті. Білім мен еңбектің арқасында талай асудан асып, діттеген межеге жететінің ақиқат екенін еске салды. Индира Нұрсағатқызы осындай отбасылармен қатар отырғандарын құрмет тұта отырып, сәбидің іңгәлап жарық дүние есігін ашқаннан тал бесікке бөленіп, ата дәстүрін ұстана өсіп-жетілсе, қор болмайтынын алға тарта сөйледі. Ауылды жерде де еңбекпен көгересің деген қағиданы ұстанған екеуі де есепші, өздері желкілдеген екі бүлдіршінді жеткізіп келеді.
– Үлгілі отбасы – қоғамның мықты тұғыры, берік тірегі. Олай болса, осы ұстаным әрбір отбасынан орын алса екен деп тілейміз, – деп Роза Манапқызы шараны қорытындыласа, мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Гүлжанат Оралбаева ұрпақтар сабақтастығын саралаған, рухани жаңғыруымызға себепші болған маңызды шараға қатысқан үлкен-кішіге алғыс айтты.
Кәдірбек Айдарханов
Күршім ауданы.