ШАҒЫН ШАҺАРДА МӘДЕНИЕТКЕ МӘН БЕРІЛІП КЕЛЕДІ
Тәуелсіздігімізді жариялағалы ширек ғасырға таяп қалса да, осы күнге дейін Өскемен мен Риддердің аралығындағы 12 елді мекеннің мұрты бұзылмаған қалпы, тегіс орыс атауларымен аталады.
Кеңес деген қызыл империяның түкірігі жерге түспей тұрған шағында бірен-саран қыз-жігіттеріміз сол кездегі Лениногор орман техникумынан білім алғандары болмаса, Риддерге барып, ел қатарлы жұмыс істеп, баспаналы болу, балаларын балабақшаға немесе мектепке беру деген жергілікті қазақ үшін ертегінің елесіндей болатын. Бір сөзбен айтқанда, үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін.
Тәуелсіздіктің арқасында Риддердегі қазіргі жағдай біршама жақсарып, ғасырдан астам уақыт сіресіп жатқан тоң сәл де болса жіби бастапты. Осыған ішіміз кәдімгідей жылып, тәубешілік еттік. Сөз парқын білетін халқымыз: «Сабыр түбі – сары алтын, сабырлы жетер мұратқа» дейді мұндайда. Сабырымыз сарқылмаса, мұратқа да жетерміз…
Ең бастысы – Риддердің қай саласының болмасын тамырына қазақы қан жүгіре бастапты. Орталық алаңдағы зәулім сарайдың маңдайына айқайлатып тұрып «Мәдениет сарайы» деп мемлекеттік тілде жазылуының өзі осы сөзімізге дәлел бола алады.
Мұндағы 22 үйірменің 600-ге тарта мүшесі бар ұжымы күнделікті дайындықтарын жүргізіп, қалалық, облыстық, тіпті, республикалық дәрежеде өткізіліп тұратын мәдени шараларға өз үлестерін қосып жатқан көрінеді. Олардың бесеуі хореографиялық студия болса, үш вокалдық ансмабль, бірнеше би топтары мен жас көрермендерге арналған (ТЮЗ) театр, ардагерлер хоры, қолөнерге бейімдеу үйірмелері, тағы басқалар бар. Қаланың бірде-бір мәдени шарасы осы ұжымдардың концертінсіз өтпейді екен.
«Орақ пен балғаны неге алып тастадыңдар?» деп тулағандар да болыпты
Төбеміз көрінгеннен құрақ ұшып қарсы алған мәдениет үйінің директоры Алмас Нұрғалиев қазақы тәрбие көрген, бойында ұлттық намысы бар өткір жігіт екен. Қайсыбіреулер секілді мәдениет саласына тамыр-таныс арқылы келіп қалған көлденең көк атты да емес. Өзі де өнерпаз, 2001 жылдан бері халықты өнерімен тәнті етіп жүрген «Мұзтау» тобының белді мүшесі болып шықты.
Амандық-саулықтан соң көкейдегі сауалдарымызды суыртпақтай бастағанбыз.
– Риддерге келіп, осы салада қызмет еткеніме үш жылға таяп қалды, – дейді Алмас. – Алғаш келген бетте біраз қиындықтар мен кедергілер болды. Басқасын айтпағанда, бұрын-соңды бұл ғимаратта «әу» деп ән салып, «беу» деп би билейтін бірде-бір қазақ ұжымы болмапты. Ұжымды айтасыз, бертінге дейін «кіреберістегі күзетшілер мұнда қазақ ұлтының өкілдерін кіргізбейтін» дегенді естіп, жағамызды ұстағанбыз.
Мен сізге бір қызық айтайын. Былтырдан бері жергілікті кәсіпорындар мен әкімдіктің қолдауымен ғимаратымыздың іші-сыртына күрделі жөндеу жүргіздік. Сосын әкімдікпен, осындағы ұжым мүшелерімен ақылдаса отырып, ғимараттың маңдайында көненің көзіндей болып тұрған орақ пен балғаны алып тастап, қазақша «Мәдениет сарайы» деп жазғызғанбыз.
Содан көп уақыт өтпей өздерін осы жердің жергілікті әрі байырғы тұрғындары санайтын, жастары егде тартып қалған, қабақтары қатулы бір топ адам кабинетіме сау ете қалсын. Олар:
– Ана орақ пен балғаны неге алып тастадыңдар? Халыққа ортақ мәдениет сарайының атауын неге бір тілде ғана жазасыңдар? Сендерге ондай құқықты кім берді? – деген сарында әңгіме айта келіпті. Олармен айтысып-тартысып береке таппасымды білдім де, шамамның келгенінше сабырлылық сақтап, біз тәуелсіз мемлекет екендігімізді, оның мемлекеттік тілі қазақ тілі екендігін және тағы біраз дүниелерді түсіндіріп бердім. Алмастың жас та болса ұлтымыздың өнері мен мәдениетіне, тіліне жанашырлық танытып, шыр-пыры шығып, білдей бір қаланың мәдениетіне бас-көз болып отырғанына біз разы болдық.
«ТОЛҒАНАЙ» – РИДДЕРДЕГІ ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ ТОБЫ
– Әлгінде айтып өткенімдей, алғаш келген уақытта бұл жерде бірде-бір қазақ ұжымы болған жоқ. Содан осында «Күршімнің тумасы Самал Сәтпаева деген өнерлі қарындасымыз бар» дегенді естіп, қазақтың вокалдық ансамблін құруға ұсыныс жасадық. Қазір сол Самалдың жетекшілігімен жұмыс істеп жатқан «Толғанай» атты қазақ ансамблі бар. Шығармашылық жетістіктері жаман емес. Өнерпаздардың музыкалық аспаптары мен киім-кешектерін жаңартып тұру үшін жергілікті әкімдікке тапсырыс береміз. Олар өз кезегінде қалалық бюджеттен азын-аулақ қаражат бөліп отырады. Ал киімдерді тігетін өзіміздің тігіншіміз. Ол кісінің тіккен костюмдері ұжымдағылардың көңілінен шығады, – деп мәдениет саласына қатысты, өзге де ойларымен бөліскен жас директор мәдениет сарайының бірқатар бөлмелері мен жалпы көрермен залын аралатып шықты.
– Болашаққа нендей жоспарларың бар? – деген сауалымызға:
– Жастарды өнерге тарту мақсатында жыл сайын мектеп оқушылары арасында түрлі байқаулар өткізіп тұрамыз. Жалпы, ел іші болған соң, өнерлі жастар жоқ емес, бар. Болашақта соларды ұлттық өнерге баулып, тәрбиелеу мақсатында қазақтың дәстүрлі әндерін орындаушылар концертін ұйымдастырсақ, сондай-ақ, мүмкіндігіміз болып жатса, ақындар айтысын өткізсек деген де ойымыз бар. Ондағы мақсатымыз, осында жыл сайын ауылды жерлерден көшіп келіп жатқан қазақ отбасылары көп. Солардағы жас жеткіншектердің бірінің болмаса бірінің бойында әншілік, ақындық өнер болса, соның бұлақ көзіндей болып ашылуына септігіміз тие ме деген ой. Әрине, мұның бәрі айналып келгенде қаражатқа тірелетінін білесіз. Бәрі бірден бола қоймайды ғой, жайымен қазақыланып келеміз. Соның аздаған нәтижесі болар, осында өткізіліп тұратын мәдени шаралар бағдарламасының 60-70 пайызына ұлттық басымдық беруге қол жеткіздік, – деп жауап қатқан Алмас бүгінгі таңда әсіресе, жергілікті халық үшін аса өзекті болып саналатын баспана мәселесіне де тоқтала кеткен.
– Өнер саласында бірге жүрген біраз азаматтар осында келіп, ұзақ жылдардан бері кенжелеп қалған қазақ мәдениетін жаңғыртуға өз үлестерін қосуға әзір екендіктерін білдірген. Бірақ, «Жомарттың қолын жоқшылық байлайды» дегендей, олардың алдарынан ең бірінші болып баспана мәселесі кес-кестей берді. Ал үй-күйі жоқ адамның жұмысқа деген ынтасының қандай болатындығы айтпаса да түсінікті емес пе. Оларды қойып, өзім де міне, бірнеше жыл болды біреудің екі бөлмелі пәтерін жалға алып, тұрып жатырмын. Әзірге баспана мәселесі шешім таппай тұр.
Жалпы, соңғы екі жылдан бері Риддер моноқалалар тізіміне енгендіктен, республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттен арнайы қаражат бөлініп, жас мамандарға арналған тұрғын үйлер салына бастады. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» демей ме, мүмкін осы бағдарлама бойынша бір жөні болып қалар. Әйтеуір үмітімізді үзбейміз.
Иә, Алмас дұрыс айтады. Біз болашақтан, әрі оның міндетті түрде жарқын болатындығынан үмітімізді үзбеуіміз керек.
Серік Құсанбаев