Білім

Шағын мектептердің мәселесі қашан шешіледі?

Білімді ұрпақ тәрбиелеу мәселесі кімді де болса толғандырары сөзсіз. Ал ол көз алдымызда құрып бара жатқан шағын ауылдардағы мектептерге қатысты болса, тіпті, ойландырары хақ.

Шағын мектептердің мәселесі қашан шешіледі?Біз осындай елді мекендердегі білім беру туралы, шағын комплектілі мектептерді оңтайландыру жұмыстарының барысын білу мақсатында облыстық білім басқармасының бастығы Мәдениет Ахметоваға арнайы барып, жолыққан болатынбыз. Алдымен айтарымыз, ел көлемінде 2015 жылы 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге және барлық мектептерді заманауи білім беру дағдысына көшіруге байланысты атқарылар шаруаның әлі де ауы мен бауы көп сияқты сезілді.

– Үкіметтің №1256 қаулысына сәйкес ауылды жерлердегі орта мектептердің оқушылар саны 80-нен аз болса, қайта құрылып, негізгі мектепке, 41 баладан төмен болса, бастауышқа түсірілуі, ал бес баладан кем болса ол мектеп жабылуы керек. Амал не, соны көп адамдар түсінбейді. Бұған дейін де айтылғанындай, дәл қазір облысымызда 142 мектеп Үкіметтің осы қаулысына сәйкес болмай отыр. Сондықтан бұл мәселені біз қалыпқа келтіруіміз керек, – деп бастады ол әңгімесін.

Қалыпқа келтіру… Мұны қалай түсінуге және жөнге бейімдеуге болады? Ол алдымен сол мекендерде тұратындардың әлеуметтік жағдайын ойластыруға саяды екен. Сондықтан ондай елді мекендердегі мектептерді ду еткізіп, бірден жауып тастамай, біртіндеп, яғни, амалдап жабу керек. Бұл – Ахметованың сөзінен түйгеніміз.

Сонымен биыл осы 142-нің қаншасының тағдыры түбегейлі шешілмек? «Бұл – бір ғана жылдық емес, 2015 жылға дейін, 12 жылдық білім жүйесіне көшуге дейін созылатын үдеріс. Атап айтсақ, қазір әр аудан бір-екі мектептен жауып отыр. Мәселен, Катонқарағай ауданында бұл мәселе қолға алына бастады. Бұл жерде үш проблема бар, олар: алдымен ата-аналардың, одан кейін сол мектептердегі мұғалімдердің қарсылығы және сол балаларды орналастырудың өзіндік қиындығы. Облыс бойынша әлі де интернаттар тапшылығы бар. Бұған қоса көп ата-ана баласын біреудің үйіне тұрғызғысы келмейді. Десе де, көзді жұмып, оларға ешқандай оңтайландыру жасамайық деу де еш қисынға келмейтін болып отыр. Өйткені, 12 жылдық білім беру жүйесі, яғни, заман талабы оны көтермейді» деген бұл турасында басшы.

Бала болашағын ойлағанымыз
жөн болар

Жөн делік. Сонымен алдымен шағын ауылдардағы ата-аналармен нақты түсіндірме жұмысы жүргізілуі керек екен. Сапалы, жаңа инновациялық тұрғыдағы білім, жаңа оқулықтар, мұғалімдердің жаңалыққа деген ұмтылысты көзқарасы және бәсекелестік қабілеті мол білім орны болу үшін жасалатын қадамдарды дұрыс қабылдау тек ата-аналардың шешімді пайымына тікелей байланысты болса керек. Бірде-бір компьютері, асханасы мен спортзалы жоқ, екі-үш бөлмесі ғана бар мектепте баланы кең ұғымды етіп тәрбиелеу мүмкін еместігін, әсіресе, әр ата-ана жете түсінуі керек болар. Өз баласының өзгеден кем болғанын қалайтын әке-шеше болмайтыны белгілі. Ендеше, шағын комплектілі мектептерді жабудың мәнісі елді дүрліктіру емес, алдымен ел болашағы – балалардың келешегін ойлаудан туған көкейкесті дүние екені өзінен-өзі-ақ айқындалатын сияқты. Қазақстан мектептерін 12 жылдық білімге көшірудің концепциясында басты пункт болып алынған нәрсе әр баланы жеке тұлға етіп қалыптастыру екендігі осы пікірдің тұздығы болары хақ. Қазіргі ата-аналардың кем дегенде орта білімді екендігі бұл мәселенің оң шешілуіне ықпал етері тағы даусыз. Бұлай болуы олармен негізді түрде жүргізілуге тиіс түсіндірме жұмысының ақсауында ма деп тұжырымдағанымыз бар. Ахметова ханым да мұны қостайтынын айтты.

Облыс Әкімі аймаққа келгелі, үш жыл бойы білімге байланысты он үлкен тапсырма берген. Олар білім сапасы, оқушыларды тамақтандыру, шағын мектептерді оңтайландыру, қосымша білім беру, балалардың жазғы демалысы, тағы-тағылар. Бірақ сол айналдырған он тапсырманы аудандық білім бөліміндегі басшылар жаттай алмайтыны, нақты жұмыста басшылыққа алмайтыны түсініксіз.

Сонымен облыстық білім басқармасының берген дерегіне қарағанда, қазір Аягөз, Бородулиха, Жарма, Зырян, Катонқарағай, Күршім, Көкпекті және Тарбағатайда оннан астам мектепті оңтайландыруға жатқызу керек көрінеді. Бірақ, бұл үш жылға созылатын үдеріс екен. Ал мысалға жүгінсек, ол былай көрініс береді. Қазір Бородулиха ауданы, Орловка негізгі мектебінде 40 баланың орнында 11 баладан, Зырянның екі мектебінде 16, 11 баладан, Катонқарағайдың үш негізгі мектебінің әрқайсысында 16, 15, тіпті, 6 баладан отыр. Яғни, оларда 1-4, 5-7, 8-9 сыныптарды біріктіріп, үш сыныптық комплектімен 20 мұғалім қызмет етуде деген сөз. Өйткені, қанша шағын комплектілі болса да, оларда барлық пән оқытылуы керек.

Осынау мәселеге байланысты тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін Мәдениет Ахметова өзі айтты.

– Мен шағын комплектілі мектептердегі мұғалімдерді жақсы түсінемін. Олардың кейбірі зейнеткерлікке таяп қалғандар. Дегенмен, біздің бәріміз (әсіресе, ата-аналар!) баланың болашағын алдыңғы қатарға қоюымыз керек қой…

Ғафура Сәрсенбайқызы


Пікір

Оқушы қатарынан қалмауы керек

– Менің өз басым бес-он балаға бола мектепті ұстап тұрғанның ешқандай мәні жоқ деп білемін. Менің балаларым Жылытау негізгі мектебі жабылғанда ең соңғы түлектердің қатарында Қаратоғай орта мектебіне ауыстырылған болатын. Мұның біз үшін қолайсыз болғаны рас, әлі оң-солын танымаған жас баланың бөтен ауылда оқығаны оңайға түспейді. Оның үстіне бұрын үйден ұзап көрмеген баламыздың аулақта жүргені көңілімізді алаңдатқаны шындық.

Дегенмен, байыппен ойласақ, бұдан баланың ұтары көп екен. Өйткені, ауылда қалған төрт сыныпта оқитын бір бөлмедегі алты-жеті балаға бір-ақ мұғалім сабақ берді. Бұдан баланың қандай білім алуы мүмкін? Өзімізді-өзіміз алдаған деген осы емес пе?

Ал Қаратоғай орта мектебіндегі ахуал мүлде бөлек. Ондағы төрт құбыласы түгел, интернетке қосылған заманауи білім ордасында білікті, жоғарғы санатты ұстаздар дәріс береді. Интернатта барлық жағдай бар. Ең бастысы, балалар қатарынан қалмай, заман ағысына сай білім алуда. Сондықтан да мен жас ұрпақтың келешегі үшін әлгіндей шағын мектептерді қысқартып, балаларды талапқа сай оқу орындарына қоғамдау керек деген пікірдемін.

Құматай Дүсіпов,
Жылытау ауылының тұрғыны

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button