Экономика

Шағын ауылдардың шаңырағын шайқалтпауға бола ма?

Ауыл жұртының саны жыл сайын азайып келе жатқаны рас. Мәселен, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы агроөндірістік кешен және ауылдық аумақтарды дамыту бөлімінің бастығы Мәрия Жұмақанованың редакцияға ұсынған деректеріне қарағанда, 2011 жылдың басында ауылдық елді мекендерде барлығы 625 800 адам тұрады деп есептелсе, 2012 жылдың басында ол 598 336 болып отыр.

Шағын ауылдардың шаңырағын шайқалтпауға бола ма?Ал алғаш бағдарлама қабылданған 2009 жылы ауылдық жерлерде 644700 адам мекендепті. Тұрғындар санының азаюын елді мекендер қатарының кемігендігінен де көруге болады. Мәселен, 2007 жылдың басында облысымызда 847 ауылдық елді мекен болса, 2008 жылы ол 838-ге дейін кеміп, 2009 жылдың басында 821 ауыл қалған. Биылғы жыл басындағы есеп бойынша ол 785 болып отыр. Алдағы жылдары 62 ауыл көшірілсе, алтын бесігіміздің қатары тағы селдірей түспек. Жалпы, тұрғындар саны елуден аспайтын ауылдар елді мекендер есебінен шығарылатынын да айтқан жөн. 2008 жылы осындай 17 елді мекен облыстық мәслихаттың шешімімен жойылған болатын.

Ғылыми тілде урбанизация аталатын, қарапайым сөзбен айтсақ, ауыл халқының қалаға көшуі заңдылық дейтін болсақ, әлемнің дамыған елдерінде ауылдық елді мекендерде барлық халықтың жиырма немесе тіпті он-он бес пайызы ғана тұратынын ескерсек, біздің елімізде де бұл үрдістің болмай қоймайтыны анық. Дегенмен, ұлан-ғайыр жері бар ұлтымыздың даланы тастап, қалаға немесе оған жақын жерге қарай ағылуының арты аса жақсылыққа әкеле қоймасы және анық. Қазірдің өзінде шекаралық аудандардың алыстағы ауылдарында адам қалмай бара жатқаны зиялы қауымды алаңдатып отырғаны тегін емес. Әрине, халық күнкөріске қолайлы, тұрмысқа ыңғайлы жерді өзі-ақ таңдап алады. Кеңес өкіметі құлаған тұста не жолы, не суы жоқ, тек мал өсіру үшін ғана салынған елді мекендерден халық бір жазда-ақ көшіп кеткені – соның дәлелі. Керісінше, қазір мал өсіріп, егін егуге де мүмкіндік мол, жері кең, күнкөріске қолайлы талай өңірлер қаңырап бос жатыр. Оның себептері сан алуан. Жалпы, әр бұлақтың басында, күре жолдардың бойында ақ шаңқан үйлері көз тартатын, келбеті келісті, көшелері көрікті, сән-салтанаты жарасқан, тұрғындары осы заманғы өркениеттің игілігін пайдаланған, үйлерінің мұржаларынан түтіні будақтаған ауыл отырса, даламыз малға толып жатса, жазда жайқалып егін өсіп, бау-бақша құлпырып тұрса, қанеки.

Ауылдық аумақтарды дамытудың ең басты жолы – ауылшаруашылығын дамыту болып отыр. Осы саладан түсетін пайда болашақта мұнайдан түсетін табыстан да асып түсетіні туралы Елбасының кезінде айтқаны бар. Ауылшаруашылығы еліміздің экономикасын алға сүйрейтін сала болады. Мемлекеттік деңгейде қолға алынып жатқан қазіргі көптеген ауқымды жобалардың көздеген мақсаты да осы деуге болады. Сонымен бірге елді мекендерді өркендетуге салалар бойынша да қабылданып жатқан бағдарламалардың алатын орны ерекше болмақ. Мәселен, білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт, шағын және орта бизнесті дамыту жобалары арқылы да ауылдық аумақтарға қыруар қаржы жұмсалып жатыр. Оның тиімді жұмсалуы ауылдардың әлеуетін көтере түсетіні сөзсіз.

Елді мекендердің даму деңгейі қандай?

2003 – 2005 ауыл жылдарынан бастау алып, ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі 2004 – 2010 жылдарға арналған ауқымды мемлекеттік бағдарламаға ұласқан жобаны жүзеге асыру барысында облысымызда республикалық, облыстық бюджеттен және басқа да көздер арқылы барлығы 49 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. Нәтижесінде көптеген елді ме-кендеріміз сапалы ауызсумен қамтамасыз етіліп, жолдар салынып, байланыс нығайып, білім мен денсаулық сақтау салаларының жағдайы біршама жақсара түскен. Бюджет қаржысының мақсатты бөлінуі, әсіресе, елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік құрылымдарын жақсартуға оң әсер етіпті. Нәтижесінде 2012 жылдың басына қарай облыстағы барлық 785 ауылдық елді мекеннің 36 даму әлеуеті жоғары, ал 680-і орташа деңгейге жетіпті.

Ауылдардың даму әлеуеті жалпы саны 100 балл болатын 21 өлшеммен есептеліп, жоғары, орташа, төмен, ерекше қолайсыз экологиялық жағдайдағы және халқы мүлде жоқ деп саналатын бес топқа бөлінетін болса, оның соңғы екеуі біздің облысымызда мүлде жоқ. Ал әлеуеті төмен ауылдар қатары бағдарлама қабылданған 2004 жылға қарағанда едәуір азайған.

Даму әлеуеті жоғары немесе орташа елді мекендерде негізінен ірі шаруашылық құрылымдары бар, шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндігі мол, әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымдары жақсы дамыған. Олар ірі қалалар мен қатынас жолдарына жақын орналасқан, жұмыс орындары жеткілікті болып келеді. Ал алыстағы шағын ауылдардың көбінде ондай мүмкіндіктер шектеулі немесе мүлде жоқ. Оған қоса жеті елді мекенде халық қалмаған. Қазір облыс аумағындағы әлеуеті төмен, даму мүмкіндігі шектеулі шағын 62 елді мекен тұрғындарын болашағы зор, мүмкіндігі мол қалалар мен ауылдарға қарай көшіру мүмкіндіктері қарастырылуда. Яғни, олардың шаңырақтары шайқала түс-кендей. Олай болған жағдайда қаңырап бос қалған бос жұртқа егін егіліп, мал өсіріледі дегенге сену қиын. Шеткі ауыл көшсе, ортаңғы ауыл шет болады дегендей, күні ертең басқа ауылдар да алдыңғыларының аяғын құшып, кебін кимесіне кім кепіл.

Тірек ауылдарға арқа сүйейтін боламыз

Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ биылғы жылғы халыққа арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес ауылдық аумақтарды дамыту үшін әрбір ауданда тірек ауылдарды анықтап, белгілеу қолға алынып отырғаны белгілі. Ауыл тірлігіне тың серпіліс әкелетін осы жоспарға сәйкес тірек ауылдарда инвестициялық жобалар бойынша шағын өндіріс орындары ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болуы тиіс. Ауылшаруашылығын дамытуға қолайлы мүмкіндіктер жасалуы керек. Тірек ауылдар сырт келбетімен-ақ көз тартып тұратындай болуы үшін абаттандыруға да аса мән берілмек. Оған қажетті қаржылар бюджеттен де, басқа да көздерден де қарастырылады. Әсіресе, «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламалары бойынша бөлінетін қаржыларды осындай ауылдар үшін тиімді пайдалануға болады. Ол үшін аудан әкімдері қолайлы, нақты іске асыруға болатындай, шағын әрі тиімді жобалар жасап, оны іске асыру жолдарын белгілеулері керек.

– Тірек ауылдарды анықтауға қойылатын нақты талаптар бар. Соны ескере отырып, қаржыландыру көздерін нақты анықтаңыздар. Сондай-ақ олар белгіленген мерзімде орындалатындай болуы керек, – деген талап қойды облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ таяуда облыстық әкімдіктің осы мәселеге арналған арнайы мәжілісінде. Тірек ауыл болуға ең бірінші кезекте бұрынғы аудан орталықтары қолайлы.

Қазір осындай ауылдарды анықтау жалғасып, жоспарлар нақтыланып жатыр. Тек оларда іске асыратын шараларды белгілеген кезде әдеттегідей асыра сілтелмесе. Мәселен, жоғарыда аталған мәжілісте мәлім болғанындай, Абай ауданында тірек ауылдарда он шақты өндіріс орындарын ашу жоспарланса, Бесқарағайда жүзге жуық жобаны іске асырмақ екен. Ниет жақсы болғанымен, ол ертең іске аспай жатса, қалай болмағы, сірә, ешкімді ойландырмаған сияқты. Сондықтан да оның нақтылығы ең өзекті мәселе болып қалмақ. Жалпы, Елбасының тапсырмасына орай қолға алынған осы шара ауылдық аумақтарды дамытуға оң әсер етіп, тың серпін береді деген үміт мол.

Еркінбек Асқарұлы

Осы айдарда

Back to top button