Экономика

Шаруа қожалықтары жалақыны көтере бастады

Шаруа қожалықтары жалақыны көтере бастады
Әлеуметтік жауапкершілік

Мемлекет басшысының тапсырмасын бір ауыздан қолдаған Шемонайха ауданының шаруа қожалықтары мен өңдеуші кәсіпорындары кешеден бастап жұмысшыларының еңбекақысын 10 пайызға көтерді.
Ұлттық валюта бағамының өзгеруіне байланысты жергілікті тұрғындарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау үшін аграрлық сала өкілдерінің жалақысын көтеруге аталған ауданның жеті шаруашылық құрылымы: «Камышинское», «Воробьев және К» қожалықтары, «Конкорд», «Выдрихинское», «Сугатовское», «Востоксельхозпродукт», «Убинское-Ш» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Исток» акционерлік қоғамы белсенділік танытып, бастама көтерген.
– Жалпы, біздің шаруашылық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын 10 пайыз көлемінде көтеріп отырады. Дегенмен, Елбасы әртүрлі салада еңбек ететін жұмыскерлердің жалақысын көтеруді тапсырды, біз бұл ұсынысты бірден қолдадық. Себебі, мұны уақыт талап етеді. Біздің еңбеккерлердің әл-ауқаты жақсы болса, шаруашылықтың жұмысы сапалы жүреді. Өндірілген өнімдерімізді тұтынушылар, яғни, сатып алушылар қатары да көбейеді. Нәтижесінде қазынаға қосымша қаржы түседі. Ол өз кезегінде елдің экономикасына оң ықпалын тигізеді, – деген «Выдрихинское» ЖШС директоры Александр Белкин бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында да ауыл жұртына тиісті қолдау-көмектер көрсетіп тұратынын айтты.
Мәселен, өткен жылы серіктестік жалпы сомасы 20 млн. теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіпті. Оның ішінде ауылдық мәдениет үйін жөндеу, жолдарды тазалап, ұстап тұру, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға демеушілік жасау сияқты игілікті істер көп.
Жалпы, шемонайхалық кәсіпкерлер мен аграрлық сала өкілдерінің Елбасы ұсынысын қолдап, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге белсенді атсалысуы түсінікті жайт. Өйткені, облысымыздағы мемлекеттен ең көп мөлшерде субсидия алып отырған аудандардың бірі – осы Шемонайха. Кейінгі екі жылда ауданның агроэкономикасына 2 млрд. теңге қаржы құйылып, жаңа техникалар, қосалқы бөлшектер, тыңайтқыштар, гербицидтер, жанар-жағармай, сапалы тұқым мен басқа да тауарлық-материалдық құндылықтар сатып алынған.
Былтырдың өзінде ауданның ауылшаруашылық саласына 743 млн. теңге субсидия бөлінсе, оның 432 млн. теңгесі асыл тұқымды мал өсіруге бағытталған. Сол сияқты өсімдік шаруашылығына шамамен 311 млн. теңге субсидия бөлінген.
– Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай қомақты қолдауды көре тұра аудандағы шаруа қожалықтарының жетекшілері мен өңдеуші кәсіпорындардың басшылары Елбасы тапсырмасынан шет қала алмады. Сөйтіп, ауылшаруашылық саласында да жұмысшылардың жалақысын 10 пайызға көтеруге шешім қабылдады. Бұл алдағы уақытта ауданның экономикасына тың серпіліс береді деп сенемін, – деп атап өткен аудан әкімі Амангелді Тоқтаров сондай-ақ, жергілікті өндірушілер азық-түлік бағасының көтерілмей, тұрақты ұсталуына да оң ықпал тигізіп отырғанын жеткізді.
Бүгінде кәсіпкерлер азық-түлік өнімдерімен азаматтардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобын қамтамасыз етуде. Мектептерге, шағын орталықтар мен балабақшаларға, өзге де әлеуметтік маңызды нысандарға ауыл шаруашылық тауарларын арзандатылған бағамен ұсынуда.
– Бүгінгі күнге дейін біздің жұмысшылар орташа есеппен алғанда 60 мың теңгенің үстінде жалақы алып келген. Әрине, ауданымызда 80-100 мың теңгенің үстінде жалақы беретін ірі шаруашылық құрылымдары бар. Алайда, 60 мыңның өзі ауыл жұрты үшін аз ақша емес. Енді 10 пайызға көтерген соң, олардың айлық табысы 65-66 мың теңгеге жетті. Бұл менің еңбеккерлерім үшін тұрмыстарын жақсартуға жасалған қолдау болса, мен үшін еңбек өнімдігін арттыратын тетік. Өйткені, материалдық жағынан қамтылған азаматтар жұмысты алаңсыз әрі сапалы істейді. Сондықтан біздің бастаманы облыстағы басқа әріптестеріміз де қолдайды деген сенімдеміз, – деп түйген «Воробьев» командиттік серіктестігінің директоры Николай Воробьев өңірдегі өзге де ауылшаруашылық құрылымдары басшыларын жұмыскерлер жалақысын көтеруге шақырды.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button