Аймақтар аухалыБілімТОП

Шаңырақ мектебінің мәселесі шешіле ме?

Риддер қаласындағы «Шаңырақ» мектебінің ата-аналары шулы мәселемен жүргендеріне біраз болған.

Бұл жолы ондағы ата-аналардың жан айқайын «RESPUBLICA» партиясының тең төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов тыңдап қайтты, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Шығыс Қазақстан облысына арнайы сапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов Риддер қаласына барып қайтты. Қазіргі таңда 56 мыңнан астам халқы бар қаладағы жалғыз қазақ мектебі өзіне тиесілі құрылыс нысанын ала алмай жүр. Құрылыс нысаны деп отырғанымыз 2022 жылы пайдаға берілген 600 орындық жаңа мектеп. Ол ойламаған жерден аралас мектеп болып ашылған. Ал Риддердегі 1200-ден астам қазақ балаларының  550-ге жуығы екі корпустан тұратын ескі мектепте білім алуға мәжбүр. Мән-жайды ескі мектептің алдына жиналған ата-аналар Парламент Мәжілісінің депутаты Руслан Берденовке баяндап берді.

– Бұл мәселе туралы хат жазбаған жеріміз қалмады. Мектеп мәселесін шешіп береді-ау деген адамдар мен құзырлы органдарға көбіне хат жаздық. ҚР Оқу-ағарут министрлігі жергілікті билік шешіп береді деп отыр. Ал жергілікті биліктің мәселені шешіп берер түрі жоқ. Сондықтан да депутат мырза соңғы үмітіміз сіз болып тұрсыз. Енді шешілмесе шеруге шығуға да дайын отырмыз – деді Риддер қаласының тұрғыны Назар Ерназарұлы.

Жұрттың арыз-тілегіне құлақ түрген Парламент Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов бұл мәселемен алдағы уақытта арнайы айналысатынын айтты. Жұрт тілегіміз жоғарыға жетсе оң шешім болар деген үмітпен тарқасты.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button