Спорт

Шаңғы тебуден жарыс өтті

Алты ай алқабын қар басып жататын Шығыс жұртына шаңғы тебу жат емес. Ал Алтайдағы шаңғы спортының тарихы аңызға айнала бастаған деуге де болады. Сондықтан қызығы көп қысқы спортты қызықтаушылардың көп болуы заңдылық. Сол заңдылықты жалғастырып жүрген зайсандықтар кәрі-жасы түгелдей жарыс жолына шықты.

Қыстың күні қысқарып, көктемнің шуағы сезіліп келеді. Аяқтан шаңғы шешілер күн де алыс емес. Сондықтан дер кезінде қысқы спорттың қызығын көріп қалған жөн. Осыны ескерген зайсандықтар түгел жиналып жарыс өткізді.

– «Балағазы» шаңғы тебу жолында шаңғыдан мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер, жастар және жасөспірімдер арасында аудан біріншілігі өтті. Жарыс жас ерекшеліктеріне байланысты классикалық жүгіру әдісімен 15-20 жас, 20-30 жас, 30-40 жас, 40-50 жас, 50 жастан жоғары ерлер 1500 метр қашықтыққа жүгірсе, әйелдер 500-1500 метр қашықтыққа жүгірді. Жарысқа төрешілік еткен Ю.Гагарин атындағы орта мектептің денешынықтыру пәні мұғалімі Ержан Нұғымановқа алғысымызды білдіреміз, – деп жазды Зайсан ауданы әкімдігі  әлеуметтік желідегі парақшасында.

Аяққа шаңғы байлаған ардагерлер де аянып қалмай 60 жастан жоғарылардың арасынан С.Серікбаева 1 орынды иеленді, ал 60 жастағылар арасында өткен жарыста Н.Қалиева, А.Дуанбек қатарлы ардагерлер жеңімпаз атанды. Сондай-ақ жастар арасында Ә.Тұрысбекова, А.Оспанов, Б.Мұрзаханов, Н.Саматов, А.Кәкиев, Д.Қуанышбеков, Р.Дүйсенбек қатарлы спортшылар тұғырдан көрінді. Ал жасөспірім қыздар арасында Д.Қадырова, Т.Мақсұтхан, Р.Нұрланбек, Б.Даниярқызы жеңіске жетсе, ұлдар арасында А.Әмірбекұлы, Н.Асқарғалиев, Х.Қанжархан, К.Бауыржанов, С.Асқатұлы, Н.Оразбаев, Б.Сағиев  жеңімпаз атанды. Өнерімен өзгеден озық шыққандар Зайсан аудандық бұқаралық спортты дамыту орталығының мадақтамасымен және медальдарымен марапатталды.

Осылайша, қыстың қысқа күндерінің бірін қызықты өткізген зайсандықтар өзара жеңімпазды анықтап, бір күнін бұқаралық спортқа арнап қайтты.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button