Спорт

Шалғайдағы ауылда шайбалы хоккейді дамытып отыр

Бұрын қысқы спорт түрінен дүбірлі додаларда Қазақстан құрамасының басым бөлігін өзге ұлттың өкілдері құрайтын. Қазақтардың қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылығы төмен еді. Кейінгі жылдары осы олқылықтың орны тола бастағандай. Өзге өңірлерді қайдам, тұрғылықты халықтың 98 пайызы қазақ Зайсан ауданында жүректілер мен білектілер ғана ойнайтын шайбалы хоккей спорты тәп-тәуір дамып жатыр. Ал осы Зайсандағы ауыл жастары мен оқушылардан жасақталған, біраз жетістікке жеткен екі бірдей хоккей командасының барын облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы біле ме екен?!

Бұлай деуіміздің де жөні бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Тірек ауылы» жобасы аясында Зайсан ауданының біраз елді мекеніне көңіл бөлініп, экономикалық және әлеуметтік қолдау көрсетілді. Осы тірек ауылдарында хоккей мұз айдындары салынды, салынды деген аты ғана. Алаң қоршалып, жарық тартылды, бітті. Ал анау киім ауыстыратын, ойыншылар отыратын, көрермен тамашалайтын орындардың бірде-бірі жоқ. Содан болар бүгінгі күнде біраз ауылдағы мұндай алаңдардың тоз-тозы шығып, қирап қалды. Тек аудан орталығынан 30 шақырым жердегі Сарытерек ауылындағы хоккей мұз айдыны ғана ел игілігіне жұмыс істеп тұр. Әрине, бұл ауылдың береке-бірлігі мен Сарытерек орта мектебінің денешынықтыру пәні мұғалімдері Қ.Жақыпов пен Б.Үлгібаевтардың спортқа, өз мамандықтарына деген ерекше құрметі мен адалдығының арқасы деп білеміз.

Бақытжанның бастамасы

2014 жылы жаңа хоккей қорабы ашылғанда Сарытерек орта мектебіне аталған спорт түріне қажетті құрал-жабдықтар мен киімдер берілген. Және бұндай құрал-жабдықтар осы аудандағы «Тірек ауылы» жобасына енген елді мекендердің бәріне үлестірілген еді. Бір өкініштісі, ол ауылдарда маман болмаған соң ба, жауапты орындар тарапынан бақылаудың жоқтығы ма, әйтеуір, хоккей спорты ілгері баспады. Ал Сарытеректе бәрі керісінше. Бұл күнде ауылдың әуесқой және ардагер хоккейшілері аудан намысын облыста қорғап жүр. Әрине, бұл  Сарытерек орта мектебінің денешынықтыру пәні мұғалімі Бақытжан Құмарбекұлының еңбегі.

2014 жылы жаз айында ауылдың кіреберісі, мектептен алыс емес орталық көшенің бойына хоккей алаңы салынды. Салынды деген аты болмаса, ешқандай жағдай жасалмаған. Сырты тақтаймен қоршалып, жарық шамдар орнатылды. Сол жылы мектебімізге хоккей формалары мен ойыншыға қажетті құралдар әкелді. Өзім хоккей маманы болмасам да формалардың шаң басып жатқанын қаламадым. Хоккей алаңы бар, форма бар, су тасысақ та мұз құйып аламыз деген оймен оқушыларыма ұсыныс тастап едім, балалардың қызығушылығы бірден оянды. Солай ауылда біраз жыл үзіліп қалған шайбалы хоккей ойынын қайта қолға алдық. Нәтижесі де жаман емес, – дейді Зайсан аудандық шайбалы хоккей құрамасының жаттықтырушысы, жастар арасындағы құраманың капитаны Бақытжан Үлгібаев.

Әрине, ешқандай жағдай жасалмаған қоршауға аязда қар мен су тасып, мұз жасау оңай емес. Бұған үлкен төзімділік пен қайрат керек. Ұйымдастырушылық қабілет пен қызығушылықты арттыратын спортшының болуы, ауылдың қолдауы қажет. Бұл қасиеттер Зайсан ауданында шайбалы хоккейді дамытып жүрген Бақытжан Құмарбекұлының бойынан табылды. «Жас келсе, іске» демекші, ауыл халқы сайлап алған Сарытерек ауылының әкімі Нұржан Сәкенұлы да Бақытжанға қолдау көрсетті. Мұз айдынын жасауға, спортшылар киім ауыстыратын және жылынатын шағын болса да бір бөлмелі ғимарат тұрғызуға көмектесті.

2014 жылы Сарытерек ауылының оқушыларынан жасақталған команда алғашқы ойынын жеңіспен бастады. Сол жылы сарытеректік А.Тоқтарханов, Е.Мұратбеков, Ж.Жұмаханов, А.Тілеубердин, А.Ерболат, Т.Тілеубеков, Б.Қабықанов, Ғ.Жақиянов, М.Қуанышбеков Зайсан және Дайыр ауылдарының оқушыларымен аудан құрамасы сапында алғаш рет облыстық «Жұлдызша» турниріне қатысып қайтты. Ал 2015 жылы «Жұлдызша» турнирінің аудандық іріктеу жарысында жеңімпаз атанған Сарытеректің оқушылар командасы облыстық кезеңге жолдама алады. Облыстық жарыста «Төзімділік пен батылдық» аталымы бойынша марапатталды. 2020 жылы ақпанда «Жұлдызша» турниріне аймақтық іріктеу жарысы Көкпекті ауданының Үлгілімалшы ауылында өтті. Оған Зайсан ауданының атынан Сарытерек орта мектебінің оқушылар құрама командасы қатысты. Топтық кездесуде екінші орын алып, финалдық кезеңге жолдама алды. Аталмыш команда құрамында Ж.Мұратұлы, Е.Асқарбеков, Ә.Зарықпаев, С.Жеңіс, Ұ.Білімбек, М.Қабденов, А.Еппаев, Е.Ришатұлы, Н.Мұратұлы, Б.Құмарбеков, Ә.Шәймерден, М.Маратов, А.Миратов, П.Қайнар, А.Асубаевтар керемет ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі орынға қол жеткізді. Осы құрама Жарма ауданы, Бақыршық ауылында өткен аймақтық жарыста бірінші орын алып, шешуші сынға жолдама алған. 2022 жылы оқушылар арасындағы шайбалы хоккейден облыстық жарыста Сарытерек орта мектебінің оқушылар құрамасының ең жас ойыншысы Ералы Русланұлы «Болашағы зор ойыншы» аталымын иеленді. Бұның барлығы білікті ұстаз Бақытжан Үлгібаевтың еңбегі мен оқушылардың табандылығы, сондай-ақ ата-аналардың қолдауының арқасында жеткен жетістіктер. Олай дейтініміз мектепте бүгінгі күнге дейін шайбалы хоккейден үйірме сағаты жоқ. Бақытжан Құмарбекұлына бұл еңбегі үшін бірде-бір тиын төленбейді. Аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінен де жағдай қарастырылмаған. Шайбалы хоккейдің жаттықтырушысы ретінде, аудандық құраманы дамытуда қосымша штат ашу үшін үйірме Зайсан қаласында болуы керек дегенді алға тартады жауапты орындар.

Бір айта кетер жағдай, оқушылар құрамасы 2014 жылы әперген, қазір тозығы жетіп, әбден ескірген формамен әлі күнге аудан намысын абыроймен қорғап жүр. Жетпегенін ата-аналары алып береді екен.

Ал енді Зайсан ауданының намысын әуесқойлар мен ардагер спортшылар арасында қорғап жүрген шайбалы хоккейдің құрама командасы да жүз пайыз қазақ ұлтынан құралған Сарытерек ауылының жастары. Бұл құрама да әрине, Бақытжан Құмарбекұлының бастамасы мен қолдауының арқасында құралған. Команда 2018 жылы құрылған. Құрамында Д.Елжасов, Р.Баймухамбетов, Д.Қайырбеков, А.Байғожаев, Қ.Тоқтасынов, А.Тоқтарханов, Ж.Мұратұлы, Е.Асқарбеков, Б.Үлгібаев, О.Раев қатарлы ойыншылар бар.

Алғашында бұл құраманың да хоккейге қажет киімдері болмады. Оларды қолдайтын жергілікті билікте де адам табылмағаны өкінішті.  Дегенмен спортқа ынтасы ауған ауыл азаматтары барлық керек- жарақты, қорғаныс құралдарынан бастап клюшкаға дейін қолдан жасады. Сатып алғанға қаражат жоқ. Жалпы, шайбалы хоккейде бір ойыншыны толық жабдықтауға 600-1000 АҚШ доллары көлемінде қаражат қажет.

Ресейлік хоккейшілердің тартуы

Хоккейде оқтай ұшқан шайбаны қайтаратын қақпашының орны бөлек. Ол өте сауатты жасақталуы қажет. Өйткені тастай қатты шайба қақпашының денесі толық қорғалмаса тиген жерін жарақаттайды. Бұл күнде шайбалы хоккейден әуесқойлар құрамасының қақпашысы болып жүрген Руслан Баймұхамбетов жастайынан бұл спорт түріне қызыққан. Руслан Серікұлы тұрмыстық заттарды пайдаланып қақпашының қорғаныш киімін өзі тігіп алды, басына мотоциклдің каскасын киіп, бетіне өзі қолдан қорғаныш бетперде жасады. 2020 жылы Руслан Вконтакте әлеуметтік желісінде «Шайбалы хоккейдің қақпашылары» атты топқа кіріп, Ресейдің ойыншыларымен танысады.

– Әлеуметтік желіде «Шайбалы хоккейдің қақпашылары» атты топқа тіркелдім. Топта Ресейдің ардагер хоккейшілері мен әуесқой хоккейшілері жиналыпты. Бір күні форма жайында әңгіме болды. Менің Қазақстаннан екенімді олар білетін. Барлығы өз формаларының ескіргенін айтып, кейбірі ескісін шатырға тастағандарын жазып жатты. Сол сәтте мен өзімнің қолдан жасаған формамның фотосын салдым. Топтағылар таңғалып, маған форма жіберу үшін кімде қандай артық форма барын сұрастырып, дабырлап кетті. Қажет емес екенін айтсам да, бой бермей ұсынысты қабылдауды өтінді. Сөйтіп, Ресейдің Белгород қаласынан Артем Колочков кеудеше, басқа киетін дулығаның қорғаныш торын, кеуде қорғанышын, Андрей Чернов дулыға, Пенза қаласынан кеуде қорғанышы, екі тізе қорғанышын, Челябі қаласынан Михаил Николаев арнайы футболка мен шорты, Сальск қаласынан Евгений Мирошниченко қорғаныш пен шайбаларды жіберді, – дейді Руслан Серікұлы.

Әлемде музыка бәріне ортақ, музыканың тілі ортақ деген тәмсілді жиі естиміз. Осындай ортақтық пен бауырмалдық спортта да барын Русланның оқиғасынан біліп отырмыз. Ойда-жоқта әлеуметтік желіден бастау алып, соңы екі елдің арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға, бауырмалдылық пен қамқорлықты арттыруға әсер еткен бұл оқиға шынымен де көпке үлгі боларлық.

2018 жылдан бері Сарытерек ауылының ересектер командасы аудан намысын абыроймен қорғап келеді. Әр жылдары өткен облыс біріншіліктерінде жүлделі екінші, үшінші орындарды иеленді. 2022 жылы Сарытерек ауылының мұз айдынында ауыл жастары мен Алтай командасы тұңғыш жолдастық кездесу өткізіп, жарыс иелері 4:2 есебімен басым түсті. Аудан және облыстан тиісті қолдау болмаған соң жастар құрамасы көптеген жарыстан тыс қалып жатады. Әрине, барлығы қаржыға келіп тіреледі. Дегенмен күнделікті күйбең тірлікте уақыт тауып, маңдай терімен келген табысынан үнемдеп, жылына бір рет болса да жарысқа қатысып тұратын сарытеректік хоккейшілердің ерлігі мен спортқа деген адалдығына қайран қалмасқа шара жоқ.

Р.S. Ел Президенті Қ.Тоқаев өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамытуға баса көңіл бөліп келеді. Олай болса неге біз ауылда жүріп-ақ ауыз толтырып айтарлық жұмыс атқарып жүрген азаматтарды қолдамаймыз? Рас, хоккейден аудан намысын қорғап, жетістіктерге жетіп жүрген Бақытжан Үлгібаев пен сарытеректік хоккейшілер қандай марапатқа болса да лайықты. Өкініштісі таланттар тасада қалып келеді. Болашақта ауыл азаматтарының еңбегі мен құлшынысы ескеріліп, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы және аудан басшылығы тарапынан қолдау болады деп сенеміз.

Еркебұлан Зағыпаров

Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button