Мәдениет

Шалғайдағы ауыл тұрғындарын шаттыққа бөледі

Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында Марқа өңіріндегі Ақжайлау мен Төсқайың ауылдарында айтулы мерекелер өтіп, шалғай шетте томаға-тұйық тірлік кешіп жатқан елді мекендердің тұрғындарын бір серпілтті.

Қарасы мол қауым Ақжайлау ауылына кіреберіске орнатылып, өзінің ашылуын күтіп  тұрған салтанатты арканың жанына жиналды. Жиынды ашқан аудан әкімі Дулат Қажанов алдымен шалғай шетте жатса да еліміздегі әр өзгеріске мұқият құлақ түріп, белсенділікпен атсалысатын ауыл жұртын келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Бұдан соң Дулат Зайсанбекұлы алдағы жылы қолға алынуға тиіс игі шараларды тізбелеп өтіп, ауданға бөлініп отырған қомақты қаржының арқасында жолдардың талапқа сай реттеліп, ауылдардағы көптеген нысандарға күрделі жөндеулер жасалатынын айтты.

Бұл салтанатты шара өз мәресіне жеткен соң, жиналған қауым Ақжайлау ауылдық клубын бетке алды. Осы мереке қарсаңында мұқият әзірленіп, жылытылып қойылған клубқа лық толған ауыл тұрғындары мен қонақтары алдына әйгілі «Ғибрат-шоу» ұжымының өнерпаздары шығып, осы шығармашылық тобының жетекшісі, белгілі өнерпаз Ғибрат Азубаев өзінің нағыз дарын екендігін тағы бір мәрте паш етті.

Жұрт алдына шыққан осы ауылдың түлектері, елге тұтқа болып жүрген тұрғылықты азаматтар дәл мұндай мерекенің бұл өңірде соңғы жиырма жылдан астам уақыт ішінде болмағанын айтып, шынайы ризалықтарын білдірді. Осы іс-шараға атсалысып, еңбек сіңірген ауыл тұрғындары Мұхтар Алпысов, Кенжехан Жайылмысов, Ринат Нұрбеков, Құмаш Баймурзиндерге аудан әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Сондай-ақ Марқакөл ауылдық округінің жаңадан тағайындалған әкімі Рүстем Кемешовке де бірқатар аманат артылып, келешекте атқарылар жұмыстарға тиянақты басшылық жасайды деген сенім білдірілді.

Аудан әкімі бұрынғы асарлық тәсілмен салынған ескі клубқа алдағы жазда заманауи күрделі жөндеу жасатып, құлпыртып беретінін айтып, уәде етті.

Мерекелік іс-шараның бұдан кейінгі дүрмегі Төсқайың ауылында жалғасты. Ондағы ескі ауыл клубына жаз бойы күрделі жөндеу жүргізіліп, бұл жауапты жұмыс жақында ғана аяқталған болатын. Осы мәдени ошақтың ашылуына бүгінгі айтулы мереке себепкер болып, ауыл тұрғындарының ерекше желпінісін тудырған еді. Көп ешкім келе бермейтін шеткері ауылдың жұрты дәл бүгін айрықша шаттанып, өзгеше бір көтеріңкі көңіл-күйде жүрген-ді. Аудан әкімі Д.Қажанов ауданның қазіргі жағдайынан, алдағы уақытқа межеленіп отырған ауқымды шаралардан құлағдар ете келе, Марқа өңірін, оның ішінде Төсқайың ауылдық округін дамытуға бағытталған іс-шаралардың жоспарын ортаға салып, күні ертең қол жететін игілікті  қадамдардың жобасын баяндап өтті. Әкім сөзінің қай кезде де «шетке қағылып, елеусіз қалып жатамыз» деп реніш білдіріп жүретін Қаба өңірі халқының көңіліндегі пернені дөп басқаны айқын байқалып тұрды.

Бұдан кейін «Ғибрат-шоу» тобының дүбірлі концерті басталды. Көптен бері осынша халық жиналмаған Төсқайың ауылдық клубының ән мен күйге, жыр мен биге бөленгенін, залды лық толтырып отырған ауыл тұрғындарының қуаныштан бал-бұл жанған жүздерін көзбен көрудің өзі бір ғанибет еді. Ерекше дарын иесі Ғибрат бауырымыз мұнда мүлде басқа қырынан көрініп, көрерменді бірден баурап алған болатын. Ары қарай шебер даярланған бағдарламаға елтіген жұрттың бір жарым сағатқа созылған концертті қыбыр етпей отырып тамашалағаны айтпаса да түсінікті. Жұрт алдына ауылдың байырғы тұрғындары Болысов Қандарбек пен Аракишева Қалампыр шығып, ел атынан Ғибраттың иығына шапан жауып, шын жүректен шыққан алғыстарын айтты.

Осылайша, Тәуелсіздіктің 28 жылдық мерекесі қарсаңында шалғайдағы шағын ауылдарда мерекелік шаралар өтіп, тұрғындарының шынымен жадырап, бір жасап қалғанына куә болдық.

 Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button