Шағын ауданда әлеуметтік нысандар салынады
Өскемендегі 28-ші шағын ауданда мектеп, емхана және үш бірдей балабақша салу жоспарланған. Бұл жөнінде аталмыш ауданға барып, жағдайды бақылап қайтқан аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.
Мұнда ауқымды жеке үй құрылысы жүріп жатыр, 54 жобалық үй пайдалануға берілген. Сондай-ақ 1 мыңнан астам жер учаскесі дайын. Барлық инженерлік инфрақұрылым – жолдар, балалар алаңдары, басқа да абаттандыру нысандары қарастырылған.
Көктемде жерасты суының көтерілуіне байланысты мәселе туындаған. Қазір арнайы құжаттар дайындалуда, қажетті жөндеу жұмыстары басталады. Бұдан басқа, жағдай қайталанбас үшін қосымша геологиялық зерттеу де жүреді. Қажет болса, суларды бұру технологиясы қолданылады.
– Шағын ауданда мектеп, үш балабақша, жүз орындық емхана салу жоспарланған. Сонымен қатар аудандағы үйлер әртүрлі болуы үшін өзге жобаларды дайындауды тапсырдым. Қазірдің өзінде салынған 54 үй ыңғайлы әрі заманауи. Жақында бұл облыс орталығындағы ең перспективті аудандардың біріне айналады, – деді аймақ басшысы.
Ержан Кеңесұлы