Білім

Шәкірттері топ жарып жүр

Айжанат Бақытқызы

Оқушыларына білгенін үйретіп қана қоймай, білімге деген қызығушылығын оятып, шабыттандыра білетін ұстаз кемде-кем. Сондай ұстаздардың бірі – Өскемендегі №43 мектеп-лицейінің информатика пәнінің білікті мұғалімі Гүлайым Абсейітова.

Гүлайым Жүнісханқызы Тарбағатай ауданына қарасты Шілікті ауылында 1971 жылы дүниеге келген. 1988 жылы Жамбыл атындағы мектеп-интернатын бітірген. Кейін Өскемен педагогикалық институтының физика-математика пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түсіп, оны 1993 жылы тәмамдады. Алғашқы еңбек жолын Тасбастау орта мектебінде физика-математика пәндерінен сабақ беруден бастады. Бір жылдан кейін Өскеменге қоныс аударып, №43 қазақ орта мектебі, қазіргі Құмаш Нұрғалиев атындағы мектеп-лицейіне математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты.

– Ол кезде информатика пәні 7-кластан бастап оқытылатын, одан кейін 5-сыныптан басталды. Биылғы оқу жылынан бастап бастауыш сыныптың оқушыларына арналған цифрлық сауаттылық пәні енгізілді, – дейді Гүлайым Жүнісханқызы. – Ғаламторда қажетті-қажетсіз ақпараттар өте көп. Соның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін ажырата біліп, өзіне қажетті ақпаратты ғана алатындай сауатты болуға үйретеді. Білім деңгейі қарапайымнан күрделіге қарай жыл сайын көтеріліп отырады. Қазіргі цифрлық технологиялар заманында балалар ересектерге қарағанда техника тілін тез меңгеріп алады. Олар зерек және интеллектісі де жоғары. Қазір тіпті ойыншықтың орнына смартфон, планшет сияқты түрлі гаджеттерді жиі пайдаланады.

Заманның осы ағымына байланысты мұғалімдер де бір деңгейде тоқтап қалмай, күнделікті дамуды, білімдерін жетілдіруді қажет етеді. Бұрын біліктілікті арттыру курсы бес жылда бір рет болса, қазір жылына екі курсты оқып, білім алып отыру қажет. Мәселен, қазір информатика пәнінің мұғалімдері Python, Java, C++ сияқты бағдарламалау тілдері мен роботтық техника, 3 Д модельдеу, бағдарламалау курстарынан өтіп отырады. Мұндай курстарды «Өрлеу» және өңірдегі біліктілікті арттыру орталықтары ұйымдастырады.

Кейіпкеріміздің айтуынша, Жамбыл мектебінде 10-сынып оқып жүргенде ең алғашқы компьютерлер орнатыла бастап, қазіргі «Өрлеу» орталығына барып, компьютер тілінің әліппесін үйреніп, бағдарлама жасайтын. Сол кезден бастап информатика саласы қызықтыра бастаған. Кейін өзі қызмет ететін №43 қазақ мектебі де компьютерлермен жабдықталғаннан кейін содан бергі 27 жыл бойы математика, информатика пәндерінен білім беріп келеді. Лицей оқушыларының білімі жылдан-жылға нығайып келеді. Оған облыстық, республикалық олимпиадаларда топ жарып, жүлделі орындар алып жүрген шәкірттері дәлел бола алады.

Соңғы жылдардағы жетістіктеріне ғана тоқталсақ, 10-сынып оқушысы Санжар Жұмағалиев «Дарын» орталығы өткізген информатикадан пән олимпиадасында топ жарып, жүлделі 1-орынды жеңіп алды. Санжар осындай білім сайыстарына 8-сыныптан бастап қатысып, пән олимпиадаларынан үнемі жүлделі орындар алып келді. Білім ордасының биылғы түлегі Ілияс Шаймардан да облыстық пән олимпиадасында жүлделі орындарға ие болып, лицейден алған білімін дәлелдеп, биыл мемлекеттік грантты жеңіп алды. Республикалық ғылыми жобалар сайысына қатысып, мектептің абыройын асқақтатып жүрген тағы бір шәкірті – 5-сынып оқушысы Мақсат Советхан. Оқу жылы бойы қашықтан өткен республикалық, халықаралық байқаулар мен білім сайыстарында топ жарып жүрген шәкірттері де аз емес. Осыншама дарынды балаларды білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп отырған ұстаз Гүлайым Жүнісханқызының өзі облыстық «IT-мұғалім» ұстаздар сайысында жүлделі 2-орынға ие болып, қала әкімі мен облыстық білім басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.

– «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ал ұлы мұғалім шабыттандырады» деген тамаша тәмсіл бар. Қазіргі заманның мұғаліміне қойылатын талап күшті. Мұғалім жан-жақты, терең білімді, жауапкершілікті болумен қатар тәрбиеге де баса мән беруі керек. Өз ісіне, мамандығына, ұстаз атына лайық, жаңалыққа жаны құмар болуы керек. Балалардың әрбір жетістігін қолдап-қолпаштап, жігерлендіріп отыруы тиіс, – дейді Гүлайым Абсейітова.

Ұстаздың тағы бір жетістігі – «Үштұғырлы тіл» бағдарламасы бойынша ең алғашқылардың бірі болып «Өрлеу» орталығы ұйымдастырған 4,5 айлық ағылшын тілі курсын оқып бітірді. Соның нәтижесінде соңғы үш жылдан бері жоғары сынып оқушыларын CLIL әдістемесімен, яғни пәнді ағылшын-қазақ тілдерінде жүргізеді.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен, мектеп-лицейдегі IT-сыныбы мен информатика кабинеті барлық қажетті компьютерлермен, интерактивті тақтамен, роботтық техникамен, 3 Д принтермен,  жаңа жиһаздармен, заманауи үлгідегі құралдармен жабдықталған.

– Мемлекет тарапынан мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында бірқатар кешенді шаралар атқарылып жатыр. Жалақымыз біршама өсті. Бұрын есептер, қағаз жұмыстары көп болса, қазір едәуір азайды. Сонымен қатар мұғалімдерге қойылатын талап та күшейіп жатыр. Мектеп директорлары үш жыл сайын ауысып отыратын болды. Әлемді жайлаған індетке байланысты оқушыларымыз былтырғы оқу жылының біршама бөлігін қашықтан оқыды. Сол кезде лицейге жаңа компьютерлер, ноутбук, планшеттер алынды. Қашықтан оқытудың алғашқы кезеңінде болған кейбір қиындықтарды да еңсердік, – дейді Гүлайым Жүнісханқызы.

Өскемен.

    

 

Осы айдарда

Back to top button