Шәкіртақы өседі
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандық жоғары оқу орындары студенттері мен докторанттардың шәкіртақысы жыл сайын өсуде. Біздің өңірде де бакалавр, магистратура және докторантура студенттеріне төленетін шәкіртақы көлемі тұрақты түрде өсіп отыр.
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың хабарлауынша, 2016 жылдан бастап бакалавр студенттерінің шәкіртақысы 60 пайыздан жоғары өсіпті. 2016-2019 жылдар аралығында бакалавр студенттері 20 949 теңге көлемінде шәкіртақы алса, 2020 жылы оның көлемі 25 пайызға өсіп, 26 186 теңге болды. Өткен жылдың 1 қыркүйегінен тағы 20 пайызға артып, шәкіртақы 31 423 теңгеге жеткен. Биылғы 1 қыркүйектен бастап бакалавр студенттерінің шәкіртақысы тағы 16 пайызға өсіп, 36 мың теңгеден аспақ.
Сондай-ақ магистранттардың да шәкіртақысы 40 пайызға өскен. 2016-2019 жылдары олардың шәкіртақысы 53 530 теңге аралығында болса, 2020 жылы 67 мың теңге, өткен жылдың күзінен бастап 76 мың теңгеге өскен. Ал биыл ол 87 мың теңге болмақ. Докторанттардың шәкіртақысына келсек, ол 50 пайызға дейін артқан. 2016-2019 жылдары небары 82 мың теңге болса, 2020 жылы 102 мың теңге, кейін 150 мың теңгеге жетіпті. Өткен жылдың күзінен бастап докторанттар 172 мыңнан артық шәкіртақы алып келеді. Ал биылғы 1 қыркүйектен бастап олар 195 мың теңге шәкіртақы алмақ.
Мейрамтай Иманғали