Экономика

Шағантоғай ауданымен алыс-беріс артады

Шағантоғай ауданымен алыс-беріс артады

Шығысқазақстандықтар шекаралас Қытай елімен көршілік қарым-қатынастарды тереңдетіп келеді. Өткен аптада Қытайдың ШҰАР Тарбағатай аймағының Шағантоғай ауданында Үржар ауданының күндері өтті. Аудан басшылары, өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары және кәсіпкерлерден құралған ресми делегацияны Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин бастап барды. Шығысқазақстандық меймандарды Шағантоғай ауданы партия комитетінің бас хатшысы Цзы Уы Би бастаған аудан басшылары күтіп алды.
Алдымен тараптар арасында ресми кездесу өтті. Шағантоғай ауданы партия комитетінің бас хатшысы үржарлық меймандардың сапарына сәттілік тілей отырып, көрші орналасқан Үржар ауданымен арадағы екі жақты байланысты дамытуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Өз кезегінде Үржар ауданының әкімі С.Зайнулдин қос аудан арасындағы байланыс Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстан мен Қытай елдерінің арасындағы достық қарым-қатынастардан бастау алатынын, еліміздің Тәуелсіздігін алғанына ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, өте ауқымды жұмыстар атқарылғанын, екі елдің арасындағы 2002 жылы 23 желтоқсанда қол қойылған құжатқа байланысты даму бағдарламасы айқындалғанын атап өтті.
– Бүгінде қос аудан арасында ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, спорт, туризм саласын дамытуда бірқатар жұмыстар атқарылды. Үржар – 2 жарым миллион гектардай жері, Тарбағатайдай тауы, Алакөлдей көлі, Барқытбелдей белі, Барлық-Арасандай шипалы суы бар, табиғаты өте қолайлы үлкен аудан. Былтыр бізде 30 миллиард теңгенің көлеміндегі ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Ауданда негізінен бидай, сүт, ет, бал, күнбағыс және зығыр майы өндіріледі. Сондықтан экологиялық құнарлы таза өнімдерімізді сатып, халықтың игілігіне жаратуды көздеп отырмыз, – деді аудан әкімі Серік Зайнулдин.

Шағантоғай ауданымен алыс-беріс артады

Кездесу соңында қос аудан басшылары екі жақты келісімге қол қойды. Аталған құжатта көрші өңірлердің арасындағы достық қатынасты жандандыру, бауырлас аудандар ретінде сауда-экономикалық, мәдени байланыстарды өрістету көзделген.
Үржардың Шағантоғайдағы күндері аясында «Жақсы дос. Жақсы көрші. Біздер жақсы серіктес» атты көркемөнер мәдениет алмастыру сауық кеші өтті. Шағантоғай ауданының мәдениет сарайында екі күн қатарынан өткен концерттік кешке көрермен қауым көп жиналып, залда инешаншар орын болған жоқ. Қазақ және ханзу тілінде өткен мерекелік кеште екі ел аудандарының өнерпаздары даярлаған түрлі ән мен би, қойылымдар жергілікті жұрттың көңілін көтерді. Әсіресе, М.Ысқақов, М.Кебіспаева, С.Шәкенов, Ә.Қаниев, Р.Шүкенова, Н.Солтабаева, С.Алтынбеков, Г.Темірбекова сынды әншілердің орындауындағы «Ауылым», «Көкпар», «Елім менің», «Үржарым – ақ бесігім», «Қазақстаным» сынды патриоттық әндер шағантоғайлық тыңдарманның құлақ құрышын қандырса, «Сонар» ансамблінің бишілері мың бұрала билеп, кештің көркіне көрік қосты. Қытайлық өнерпаздар да қалыспай, «Балдырған» бүлдіршін бишілер тобы, «Көрікті Шыңжан» аудандық би үйірмесінің бишілері жұңғо жұртына тән қимыл-қозғалыс үйлесімін танытты. Қытай қазақтарының тұрмысы ілгерілегенін «Ақтекше ауылы» комедиялық қойылымы арқылы шебер көрсетті.
Ал Шағантоғай ауданының орталығында өткен жәрмеңкеге он мыңнан аса халық жиналды. Жәрмеңкеде Мақаншы, Бестерек, Бақты, Қаратал және басқа да ауылдардың фермерлері мен кәсіпкерлері өз өнімдері мен тауарларын ұсынды. Бүгінде үржарлық саудагерлер мен туристер Қытай еліне баруға берілетін бір күндік және үш күндік визаны тиімді пайдаланып жүр. Бақты кеден бекеті арқылы өз өнімдері мен тауарларын көрші елге апарып саудалайды. Экологиялық таза өнімдер ретінде қазақстандық тауарға сұраныс жоғары. Ал қайтарда жеміс-жидек пен тұрмыстық техникалар, киім-кешек әкеледі.
Қытай тарабы да жәрмеңкеде түрлі тұрмыстық техникалары мен азық-түлік, қолөнер бұйымдарын саудалады.
Үржарлық делегация Шағантоғайдағы Баспай Бапиннің мұражайын аралап көрді. Баспай Шолақұлы – Қытай қазақтары арасында орасан беделге ие болған әйгілі меценат, Тарбағатай аймағының тұңғыш уәлиі болған мемлекет қайраткері. Атап айтқанда, Америкамен соғысқан Жаушиняға (Корея) бір ұшақ берген, Германиямен соғысқан Кеңес Одағына 400 ат ер-тұрманымен бөлген, Еміл өзеніне жобалау арқылы көпір салдырған, көптеген мектептер ашып, бала оқытқан. Аталған мұражай 2008 жылы жергілікті өкіметтің қолдауымен ашылған екен. Онда Баспайдың жиеншары Жайна Төрехан есімді қыз таныстырушы болып еңбек етеді. Шағантоғайда басқа да үрім-бұтағы тұрады екен. Сондай-ақ, аудан әкімі С.Зайнулдин бастаған бір топ үржарлықтар Шағыр деген жердегі Баспай Шолақұлының зиратына барып, Құран оқытып, құрбандық шалды.
Делегация мүшелері сонымен бірге Шағантоғай ауданында туризмді дамыту мақсатында салынып жатқан алып киіз үйдің құрылысымен танысты. Оның биіктігі – 19 метрді құраса, сыйымдылығы 500 адам екен. Алып киіз үйдің ұлттық жабдықтары жергілікті қолөнершілердің бұйымдарымен көмкерілген. Үржарлық Жанат Андасова киіз үйдің ішінде «Гауһартас» әнін шырқағанда, киіз үйдің болмысы тіпті әсемденіп кетті. Жуырда жанынан бәйге өткізетін ауқымды атшабар салынбақ. Сондай-ақ делегация мүшелері аудандағы қарттар үйімен, жергілікті жұңғо емханасымен және басқа да әлеуметтік нысандармен танысты.

Думан Нұрланұлы

Өскемен – Шәуешек – Шағантоғай.

Осы айдарда

Back to top button