Жаңалықтар

«Шаңырақтың» артықшылығы көп

Енді облыс тұрғындары «Шаңырақ» («5-10-20») деп аталатын жаңа бағдарламаның көмегімен де баспаналы бола алады. Аталмыш бағдарламаның артықшылықтары туралы Өскемендегі аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында белгілі болды.

Брифингке қатысқан «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының директоры Назигүл Аккулова «Шаңырақ» («5-10-20») бағдарламасы бойынша жеңілдетілген пайызбен баспана алудың жолдары қандай екенін айтып берді.

Айта кетейік, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыттарының бірі болып табылатын «Шаңырақ» («5-10-20») қанатқақты жобасын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүзеге асырады. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған. Оның негізгі мақсаты – қазақстандықтарды тиімді займ беру арқылы баспанамен қамтамасыз ету.

Аты айтып тұрғандай, несиенің жылдық мөлшерлемесі бес пайызға тең екен. Ол үшін тұрғын үй құнының кем дегенде 10 пайызын жинау қажет. Ал несиелендіру мерзімі 20 жылды құрайды.

Назигүл Аккулованың хабарлауынша, бағдарлама бойынша жеңілдікпен несие алу жөніндегі өтінішті 1986 жылдан бастап 2015 жылға дейін жергілікті әкімдіктерде баспанаға мұқтаж азамат ретінде тіркелген қазақстандықтар бере алады.

Өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін, банктің «Шаңырақ» жобасын одан әрі несиелендіруге қажетті қаражаты болған жағдайда, бағдарламаның екінші кезеңіне әкімшілік кезегіне кейінгі жылдары тұрған азаматтар да шақырылуы мүмкін.

Сондай-ақ бағдарламаға қатысу үшін соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі 3,1 күнкөріс минимумынан (2020 жылдың 1 сәуірінен бастап КМ – 32 668 теңгеге тең) аспауы талап етіледі. Оған еңбек және кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірісті (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығы мен басқа да міндетті аударымдарды есептемегенде) жатқызуға болады. Демек, 2020 жылы отбасының әр мүшесіне келетін табыс мөлшері 101 271 теңгеден артық болмауы тиіс-тін.

– Бір ерекшелігі, бұл бағдарлама бойынша тек бастапқы нарықтағы, яғни жаңадан салынған тұрғын үйлерді ғана сатып алуға болады. Үміткерлер аталмыш бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлердің тізімін hcsbk.kz сайтынан көре алады, – деп түсіндірді Назигүл Аккулова.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанда «5-10-20» бағдарламасы бойынша алты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Мәселен, Өскеменде 64 пәтерлі төрт үй мен 72 пәтерлі бір тұрғын үй бой көтеруде. Тағы бір үй Ұлан ауданында салынып жатыр. Болашақта онда 80 отбасы қоныстойын тойламақ. Бұл нысан ағымдағы жылдың қараша айында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Ал облыс орталығындағы үйлерге 2021 жылы қоныстануға болады.

Осы ретте жергілікті әкімдіктер салған несиелік тұрғын үйлердің бір шаршы метрі өңір тұрғындары үшін 160 мың теңгеден сатылатынын айтқан абзал. Біздің өңірімізде аталмыш бағдарлама бойынша бой көтерген баспананың бағасы 12 миллион теңгеден аспауы тиіс екен.

– Әкімдік кезегінде тұрған азаматтар оған қатысуға өтініш білдіру үшін hcsbk.kz сайтына тіркелуі қажет. Өтініштерді қабылдау мерзімі 17 қыркүйектен 16 қазанға дейін жалғасады. Егер сайт арқылы өтініш беру қиындық туғызса немесе басқа да сұрақтар мазаласа, банк бөлімшесіне баруға болады. Не болмаса, банктің кеңесшісімен хабарласа аласыздар, – деді Н.Аккулова.

Өтінішті қалай беру керек?

 Бірінші қадам – ​​hcsbk.kz веб-сайтындағы «Қолжетімді баспана»/«Шаңырақ» қанатқақты жобасының бөліміне кіріп, электронды өтінімді беруге болады. Үш күн ішінде өтініш берушіге банк қызметкері хабарласып, несие шарттары, бағдарлама талаптары туралы егжей-тегжейлі айтып береді. Өтініш беруі үшін филиалдың есебіне тіркеп қояды.

Бұдан соң төлем қабілеттігін бағалау үшін өтініш беруші қажетті құжаттар пакетімен банк бөлімшесіне баруы тиіс. Егер оң шешім қабылданса, банктің талаптарына сәйкес келетін құрылысшылардан баспана тауып, келісімді бекітуі қажет.

Келесі қадам – ​​банктен несие алу. Жоғарыда айтқанымыздай, несие өтініш берушінің жинақ шотында қажетті соманың 10 пайыздан кем емес мөлшері болған кезде ғана беріледі.

Еске салайық, әкімшілік кезегіне қай уақыттан бастап есепке тұрғаныңызды eGov.kz сайты арқылы немесе жергілікті атқарушы билік органдарынан білуге болады.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button