Қоғам

Шаңырақтарынан шуақ төгіліп тұр

«Отбасы күні» деп аталатын мерекенің қай-қайсымыз үшін де маңызы жоғары болар деген ойдамын. Бәрімізде отбасы бар, оның қуанышы мен қиыншылығынан ешкім де сырт қала алмайды.

Адамның бақытты, бақытсыз болуының өзі осы отбасы жағдайына тікелей байланысты емес пе?! Ал отбасының негізгі қуанышы да, байлығы мен ырысы да – бала. «Балалы үй –  базар» деп бабаларымыз тегін айтпаған ғой.

Мамандардың айтуынша, соңғы кезде отбасындағы бала санының біртіндеп артып келе жатқаны байқалады. Мұның өзі көңілге тоқтық енгізетін жағымды жай екендігі кім-кімге болсын түсінікті. Біз бүгін осындай бір толық та тиянақты отбасының тірлігінен сыр шертпекпіз.

Бүгінде жасы қырық алтыға келіп отырған Мұрат Дүсіпов – Алғабас ауылының тұрғыны. Мұрат зайыбы Гауһармен бірге бес бала өсіріп, осы өңірдегі іргелі бір отбасының иесі атанып отыр. Балалардың алдыңғы төртеуі оң-солын танып қалды десек, кішкентай Әміренің дүние есігін ашқанына небәрі жеті күн болған екен.

dav

– Өзім өнерге тым жақын болмасам да, жарым Гауһардың ұсынысымен сәбиімізге қазақтың күміс көмей, жез таңдай әншісі Әміре Қашаубаев атамыздың есімін бердік, – дейді Мұрат. – Баламыздың ең үлкені Бағлан 9-шы сыныпта оқиды. Кенжеміз жақында ғана туды. «Тәубе» дейміз, үйіміз қашанда бүлдіршіндердің шат-шадыман шуына толы.

Мұраттың өз мамандығы тракторшы екен, бірақ ол темір тұлпардың тізгінін Күршімдегі шекарашылар отрядында келісімшарт жауынгері болып қызмет атқарғанда ғана ұстапты. Ол сонда үш жыл бойы жаяу әскердің әскери көлігін (БМП) жүргізген болатын. Қазір қолынан келмейтіні жоқ шебер азамат құрылысқа ден қойып, көтерме жұмыстармен айналысуда. Ал қазіргі кезде құрылыстың қай жерде болмасын қарқынды жүріп жатқаны бәрімізге белгілі.

– Мен бала жастан өнерге жақын болдым, – дейді Гауһар қысыла жымиып. – Тақыр ауылының тумасымын ғой, кішкентай күнімнен «Әнші балапан», «Жас қанат», «Қыз сыны» байқауларына атсалыстым. Ағайым Бақытбекпен (белгілі әнші Б.Масалиев) қосылып, ән салып үйрендім. Өткен қыста  «Келіндер сынына» қатысып, аудан бойынша 3-ші орынды жеңіп алғанымды білетін боларсыздар…

Аудан көлемінде өнерімен танымал болған Гауһар Мәуітханқызын мәдениет саласының басшылары Алғабас ауылдық клубына меңгеруші етіп тағайындағалы да үш жылдың жүзі болып қалыпты. Тумысынан өнерпаз келіншек домбыра шертіп, ән салады. Аудандық Мәдениет үйінде өтіп жататын концерттерге жиі қатысып тұрады. Қазір ол кішкентайының дүниеге келуіне байланысты демалыста, үйде отыр.

– Адамның артығы бола ма? – деп әңгімеге араласты Мұраттың анасы, 79 жастағы Қатыш әжей. – «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» дейді қазақ. Немеремнің көбейгеніне бек қуаныштымын. Өзім он бала тауып, өсірдім. Бірақ ол кез бен қазіргі кезеңнің айырмасы жер мен көктей ғой. Ол шақтағы балалар бірінің ескісін бірі киіп жүре беретін. Қазір қай-қайсысына болмасын тек жаңа киім қажет. Шамам келгенше бір жақтарына шығып, осы құлыншақтарыма ес болып отырмын. Соған жарағаныма да ризамын, осылардың тек жақсылықтарын ғана көрсетсе екен деген тілегім бар.

Бір қызығы – Мұрат пен Гауһардың екеуі де он балалы отбасынан шыққан екен. Тағы бір ұқсастықтары – екеуінің де әкелері өмірден өтіп кеткен, аналары тілеулерін тілеп, жандарында жүр.

Кең де жарық бөлмелеріндегі әр мүліктен еңбекқор да ұқыпты, жинақы қолдың табы айқын байқалып тұрған еңселі үйдің шаңырағынан ерекше бір шуақ төгіліп тұрғандай. Бұл тату-тәтті, тоқ тірліктің, отбасындағы береке-бірліктің айғағы екендігі даусыз. Осынау шырайлы тұрмысты үйдегі бес бүлдіршіннің сыңғыр күлкілері мен еркелей шыққан шат үндері одан әрі құлпыртып тұрғаны шындық. Бақуатты тұрмыстың, әрине, қажырлы еңбектің, тапқан табысты ұқсата білетін ұқыптылықтың арқасында келетіні даусыз. Бұл жағынан Мұрат пен Гауһарда ешқандай олқылық жоқ.  Ендеше, бақытты отбасының отағасы мен отанасына «Сәбилерің аман-сау өсе берсін, денсаулықтарың мықты, қуаныштарың шексіз болсын!» деген тілек айтқанымыз орынды болар.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button