Білім

Шағын жинақты мектептер көбейіп келеді

Шағын жинақты мектептер туралы әңгіме бола қалса, шошына қарайтынымыз шындық. Өйткені шалғай ауылдағы мектепте білім сапасы қаншалықты жоғары дейсіз? Көкейімізде бәрібір күмән тұратыны шындық. Өкінішке қарай, елімізде жыл сайын шағын жинақты мектептердің қатары артып келе жатыр. 2019-2020 оқу жылында Қазақстанда барлығы 7340 мектеп болса, оның  2833-і шағын жинақты мектеп көрінеді.

Негізі еліміздегі шағын жинақты мектептердің тарихы тереңде жатыр. Тұңғыш педагог Ыбырай Алтынсарин ашқан алғашқы білім ордалары  да негізінен шағын жинақты мектептер болатын. Шындап келгенде, шағын жинақты мектептердің негізі сол кезде-ақ қаланған еді. Жалпы, кез келген шалғайдағы  қазақ ауылының болашағы, әлеуметтік-мәдени дамуы мектеппен тығыз байланысты екені даусыз. Өзіміз журналист ретінде іссапарға шыққанда «Мектеп жабылса, ауыл да құриды ғой» деп уайымдаған  ауыл адамдарын талай көрдік. Шынында, талай елді мекеннің құруына осы ауыл мектептерінің жабылып қалуы басты себеп болды. Мектеп жабылған ауылда жұрт та көп тұрақтамайды.  Кейбір зерттеулерге қарағанда, еліміздегі әрбір жетінші оқушы  шағын жинақты мектепте оқиды, ал әрбір төртінші мұғалім осы білім ошақтарында сабақ береді.  Ал біздің Шығыс Қазақстан облысы бойынша  жалпы білім беретін мектептердің жалпы саны  647 болса, олардың 490-ы (76%) ауыл  мектебі. Онда барлығы  76 992 оқушы оқиды,  оларға 12 886 педагог сабақ береді. Жаңағы 490 ауыл мектебінің 344-і шағын жинақты мектеп. Облыстық білім басқармасы «Шығыс» өңірлік орталығының оқыту мазмұны және білім беру сапасының мониторинг кабинеті шағын жинақты мектептерді дамыту бойынша әдіскері Гүлнара Бошаеваның айтуынша, біздің облыста шағын жинақты мектептерде барлығы    24 792 оқушы оқиды, оларға 5491 мұғалім сабақ береді.  Шағын жинақты мектептер көп орналасқан аудандар қатарында Тарбағатай, Күршім, Катонқарағай, Көкпекті, Үржар аудандары бар.  Мысалы Тарбағатайда 34,  Күршімде   34, Катонқарағайда 33, Көкпектіде 29, Үржарда 24, Жарма ауданында  25 шағын жинақты мектеп бар екен.  Гүлнара Манашқызы өңірдегі шағын жинақты мектептердің қатары жыл сайын бір-екі мектепке өсіп отырғанын айтады. Тек өткен жылдың өзінде ғана өңірдегі екі мектеп шағын жинақты мектептердің қатарына қосылған.

Егер оқитын бала саны 5-40 арасында болса, ол бастауыш мектеп, ал 41-80 бала болса негізгі мектеп, 81-180 аралығында болса ол орта мектеп болып саналады, дейді  Гүлнара Бошаева.

Айтуынша,  шағын жинақты мектеп болып қысқарған кейбір мектептер құжаттарын дер кезінде рәсімдемейтін көрінеді.

Талап бәріне бірдей

Әрине, бұл білім ошақтары құрылымына қарай шағын жинақты мектеп деп өзгеше аталғанымен, мұндағы білім сапасы мен тәрбиеге қойылатын талап барлық білім беру мекемелеріне қойылатын талаппен бірдей.

Шағын жинақты мектепте мұғалім бір мезгілде екі сыныпқа қатар сабақ өтуі мүмкін. Мысалы, кейбір мектепте  екі немесе үш сынып біріктіріліп оқытылады. Осыдан келіп түрлі қиындықтар туындайды.  Мұғалім бір сыныпқа тапсырма беріп қойса, екіншісіне жаңа тақырып өтеді.  Екі сыныпта ұқсас тақырып болса, мұғалімге жеңілірек. Мұндай біріктірілген сыныптардағы сабақтар мұғалімнен зор шеберлікті, ізденісті талап етеді, дейді Гүлнара Бошаева.

Облыстық білім басқармасы 2019-2021 жылдарға арналған қолайсыз әлеуметтік жағдайларда жұмыс істейтін шағын жинақты мектептерде білім сапасын арттыру бойынша іс-шаралар жоспарын қабылдаған. Математика, физика, химия, биология пәндерінен кәсіби біліктілікті анықтау мақсатында диагностика жүргізіліпті. Диагностика қорытындысы бойынша ауыл мектептерінің мұғалімдеріне біліктілікті арттыру курстары өткізілген. Курстың мақсаты – әртүрлі деңгейлі есептерді шешуде пән мұғалімдерінің пәндік дағдыларын жетілдіріп, оларға әдістемелік қолдау көрсету.

Кәсіптік қиындықтарды диагностикалау және мемлекеттік қорытынды аттестаттауға дайындық нәтижелері негізінде 2019 жылдың тамыз-қазан айларында ауыл мектептерінің   математика, физика, химия, биология пәндерінің 350 педагогіне  біліктілікті арттыру курстары өткізіліпті. Біліктілік арттыру курстары мұғалімдердің білім сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз ететін қиын есептерді оқыту әдістемесі туралы білімдерін терең және жүйелі түрде қалыптасуына ықпалын тигізеді. Сондай-ақ биыл Семей қаласы Электротехникалық колледж базасында «Junior training» жобасы бойынша облыстың шағын жинақты мектептерінің  бастауыш сыныптардың, информатика, физика және математика пәндерінің 573 мұғалімі                        ІТ-сыныптарында оқыту бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен.

Сондай-ақ биыл 20 шілде мен 28 тамыз аралығында облыстың шағын жинақты мектептерінің 493 мұғалімі «Қашықтан оқыту тәсілдері мен құралдары» біліктілігін арттыру курстарынан өтіп, ағымдағы жылдың 24-29 тамызында шағын жинақты мектептердің мұғалімдері 40 сағаттық «Қашықтан оқытуды үйренемін» асинхронды онлайн-курстарында даярлықтан өтіпті.

Облыста  Күршім, Көкпекті, Катонқарағай, Глубокое аудандарында          алты ресурстық орталық бар, олардың базасында 26 магниттік мектеп жұмыс істейді.

Облыстық білім басқармасы өткен оқу жылында «Үздік ресурстық орталық» облыстық конкурсын өткізген. Байқауға алты ресурстық орталық түгел қатысыпты. Конкурстың нәтижесінде «Күршім №3 гимназиясы»  ресурстық орталығы жеңімпаз болып танылған.  Аталған орталық  Білім және ғылым министрлігі мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жыл сайын тұрақты түрде өткізетін «Үздік ресурстық орталық» республикалық байқауына да қатысып, онда да ІII дәрежелі дипломмен марапатталыпты. Сондай-ақ жыл сайын облыстық деңгейде «Үздік ауыл мұғалімі», «Шағын жинақты мектептегі үздік сабақ» байқаулары өткізіліп, жеңімпаз педагогтер арнайы дипломдармен марапатталып отыратын көрінеді.

«Мобильді мұғалім» қандай болады

Облыстық білім басқармасы «Шығыс» өңірлік орталығының оқыту мазмұны және білім беру сапасының мониторинг кабинеті шағын жинақты мектептерді дамыту бойынша әдіскері Гүлнара Бошаева шағын жинақты мектептерде пән мұғалімдерінің жетіспеу мәселесі бар екенін жоққа шығармады.  Бұл мәселенің түйінін тарқату мақсатында жаңа жылдан бастап өңірде «Мобильді мұғалім» жобасын жүзеге асыру мүмкіндіктерінің қарастырылып жатқанын жеткізді. Иә, «Мобильді мұғалім» бұл қандай жоба? «Мобильді мұғалім» жобасы ауыл мектебінде педагогикалық қызметкерлердің қажеттілігін төмендету, ауылдағы шағын жинақты мектептердің кадрлық әлеуетін дамыту, шалғайдағы ауылдарда білім алушылардың білім сапасын арттыруды көздейді. Мобильді мұғалімге қойылатын талаптар: жоғары білім, педагогикалық өтілі үш жылдан кем болмау, білім алушылардың оқу пәні мен сабақтан тыс қызметі бойынша оқу жетістіктерінің жоғары нәтижелері. Мобильді мұғалім шағын жинақты мектептердің әкімшілігімен бірге жүру маршрутын жасайды, кестені келіседі, оқу бағдарламасына сәйкес оқу процесін жүзеге асырады. Шағын жинақты мектеп сабақ кестесін жасайды, сабақты кедергісіз өткізуге жағдай жасайды. Қашықтан оқыту қажет болған жағдайда білім алушыларды компьютерлермен және әдістемелік материалдармен қамтамасыз етуге ықпал етеді, мобильді мұғалімнің қызметін және оқыту сапасын бақылауды жүзеге асырады.

Сондай-ақ қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасы бойынша алшақтықты қысқарту бойынша министрліктің қолға алып жатқан тағы бір тың жобасы бар. Ол – «Уақытша отбасы» жобасы. Бұл – шағын елді мекендерден келген оқушыларды оқыту мен тәрбиелеудің интернаттық жүйесінің балама түрі. Мектеп жасындағы балаларды бір оқу жылына қабылдайтын уақытша отбасы оларға толық жауап береді, қамқорлық танытып, тәрбиелейді. Бүгінгі таңда бұл қанатқақты жоба Солтүстік Қазақстан облысының үш ауданында сәтті жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Нәтижесі де жаман емес. Уақытша ата-аналардың назарында болғандықтан оқушылардың мектепке бармау, ауырып қалу жағдайлары бірнеше есе азайған. Балалардың оқуы да түзелген. Бір атап айтарлығы, уақытша ата-аналар мемлекеттен ай сайын жәрдемақы алады. Бұл  көрші ауылдарға барып-келіп оқитын немесе  интернатта жатып білім алуға мәжбүр оқушыларға арналған жоба. Гүлнара Бошаева алдағы уақытта бұл жобаның біздің өңірде де жүзеге асырылуы мүмкін екенін айтты. Қалай десек те, шағын жинақты мектептердің мәселесі еліміздің барлық өңіріне ортақ екені сөзсіз. Осы орайда шағын жинақты мектептерді дамыту, қолдау мәселесі  мемлекеттің әрқашан назарында болуы тиіс.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button