Аймақтар аухалы

Шағын саябақтар салынып жатыр

Облыс орталығындағы Назарбаев даңғылының бойында үш бірдей шағын саябақ салынып жатыр. Құрылыс «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының аясында жүзеге асырылады.

Бірінші саябақ Электротовар ауданында болады. Жұмыс барысымен «МК-CORPORATION» компаниясының өкілі Бекзат Тұрдыбаев таныстырды.

– Бұл скверде спортпен айналысу үшін Street Workout, балалар алаңы және оларды қадағалап отыратын ата-аналардың алаңы болады. Балалар алаңында сырғанақ тебуге арналған кеме орналасады. Бұл жер ата-аналардың отырған жерінен анық көрініп тұрады. Сонымен қатар қауіпсіздік үшін сквердің айналасы қоршалады, себебі жақын маңда даңғыл бар, – дейді мердігер Бекзат Тұрдыбаев.

Оның сөзінше, алаңда өсіп тұрған ағаштардың ешқайсысы кесілмейді. Саябаққа биіктігі үш метрлік шамдар қойылады, ал кіреберісіне үлкен арка жасалады.

– Алаңға жұмсақ төсемелер төселеді. Ешбір ағашты кеспейміз, олардың айналасына да резеңке тақталар қоямыз, – дейді ол.

Қаладағы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі маманының айтуынша, даңғыл бойындағы өзге екі сквер де дәл осындай болады. Олар «Металлургтер» саябағы мен Мостовая көшесінің қиылысында салынып жатыр.

– Үйіміздің жанында демалыс орны ашылатынына қуанып тұрмыз. Барлығы жоспарға сәйкес тамаша болып шығады деп сенеміз. Кешкілік бала-шағамызбен серуендегенге жақсы-ақ болар еді, – дейді Гүлнұр есімді қала тұрғыны.

Мердігер мекеменің өкілі шағын саябақтар, шамамен, 1-шілдеде ашылатынын айтады.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button