Шағын кәсіпкерлік

Шағын бизнес үшін үлкен мүмкіндіктер

Биылғы жыл Семейдің шағын және орта бизнесі үшін күрделі кезең болды. Белгісіз мерзімге созылған коронавирустық пандемия көптеген кәсіпкерлерді нарықтың жаңа жағдайларына қайта бейімделуге мәжбүр етті. Кейбіреулері шығындарын есептеп, кәсіптің жаңа бағыттарын ашуға мәжбүр болды.

Өмірі әрқашан да сауда операцияларымен байланысты болған Семей өңірінің кәсіпкерлері бүгінде мемлекеттің көмегі мен қолдауына мұқтаж. Ол көмек «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Даму» қорының қолдауымен жеңілдетілген несиелерді қаржыландыру арқылы жүзеге асырылып жатыр.

Семейдегі «Даму» қоры өңірлік орталығының бас менеджері Екатерина Балтабаева атап өткендей, әлемдік пандемия кезіндегі шектеулер шағын және орта бизнес өкілдеріне соққы болып тиді. Ұзақ уақыт бойы ірі сауда орталықтары, мейрамханалар мен дәмханалар жабық тұрды, туроператорлар мен туристік агенттіктер жұмыс істемеді. Іс жүзінде қаладағы кәсіпкерлік саланың барлығы дерлік тоқтап қалды. Кәсіпкерлер өздері үшін мүлдем жаңа жағдайда өмір сүруге, басқа елдер мен аймақтардың тәжірибесіне жүгініп, қызметтің басқа түрлерін игеруге мәжбүр болды.

– Пандемияға байланысты қалыптасқан жағдай барлық қызмет түрлеріне әсер етіп, кәсіпкерлердің бизнес бағытына түзетулер енгізді. Мәселен, мүлдем басқа бағыттағы дүкендерге онлайн-сату форматына көшуге тура келді, мейрамханалар мен дәмханалар алып кетуге тамақ дайындап, жеткізу қызметін ұйымдастыра бастады, спорт нысандары онлайн-жаттығуларға және онлайн-курстарды дамытуға көшті, – дейді Екатерина Балтабаева.

Әрине, мұның бәрі кәсіпкерлердің табысы мен олардың нарықтағы белсенділігіне әсер етпей қоймады. Соның салдарынан сарапшылар бүкіл елдегі экономикалық өсу көрсеткіштерінің күрт төмендегенін айтып отыр. Ал саудасы дамыған, шағын және орта бизнестің кәсіп-керлік бастамалары күшті Семей қаласы үшін пандемия өңірлік экономикаға үлкен соққы болды.

Пандемия зардаптарын жою үшін ел Үкіметі қысқа мерзімде шағын және орта бизнесті қолдау бойынша бірқатар кешенді шаралар, оның ішінде «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізуді әзірлеп, қабылдады. Бұдан басқа, бұрын алынған несиелер бойынша ай сайынғы төлемдер кейінге шегерілді. Жаңа өтінімдер мен жобаларды өңдеу, сондай-ақ бұрын берілген қарыздар бойынша несиелерді өтеу кестесін қайта есептеуге байланысты барлық жұмыс «Даму» қоры қызметкерлерінің мойнына жүктелді.

Басты өзгеріс субсидиялауға жататын экономиканың басым секторларының тізбесін алып тастау болды. Бұл шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету шекарасын кеңейтуде шешуші рөл атқарды.

– Егер бұрын қандай да бір өндіріспен немесе қайта өңдеумен (бұл экономиканың басым салалары болатын) айналысатын кәсіпкерлер ғана несие бойынша пайыздық мөлшерлемені арзандатуы мүмкін болса, биылғы жылғы сәуірден бастап бизнес-құрылымдардың барлық өкілдері субсидия түрінде қолдау ала алады.
Бұл – сауда, жылжымайтын мүлікті жалға беру саласында өз қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлер, мейрамханалар мен дәмханалардың, монша кешендерінің, қонақ үйлердің және қызмет көрсету мен сауданың басқа да бағыттарының иелері. Экономиканың қолдау көрсетілетін салаларының шектеулерін алып тастау жөніндегі осы шара ғана Семей кәсіпкерлері тарапынан түскен өтінімдердің өсуіне елеулі ықпал етті. Жаңа қызықты жобалар түсе бастады, біз оларды қуана қолдадық, – деп түсіндірді «Даму» қорының аймақтық орталығының бас менеджері.

Сонымен қатар субсидияланатын мөлшер-леменің бір бөлігінің ұлғаюы да маңызды болды. Егер бұрын қор банк мөлшерлемесінің 40-тан 50 пайызына дейін субсидиялаған болса, бүгінгі күні кәсіпкерлер жылдық 14 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен несие алып, оның 6 пайызын кәсіпкер төлейді, ал айырмасын мемлекет субсидиялайды.

Кәсіпкерлерді барынша қамту мақсатында қайта қаржыландырылатын қарыздардың бастапқы мерзімі ұлғайтылды. Мәселен, бұрын «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қайта қаржыландыруға және енгізуге төрт жылдан аспайтын уақыт бұрын берілген қарыздар жататын болса, енді бұл мерзім сегіз жылға дейін ұлғайтылды.

Осылайша, егер кәсіпкердің сегіз жыл бұрын алған қолданыстағы несиесі болса, онда оны «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына енгізу арқылы қайта қаржыландыруға және жылдық 6 пайызға дейінгі пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға болады.

Субсидиялауға айналым қаражатын толықтыруға, яғни тауар сатып алуға немесе өзге де мақсаттарға толық берілген 500 миллион теңгеге дейінгі сомадағы қарыздар да жатады. Айта кетейік, бұған дейін кәсіпкерлерде мұндай мүмкіндік болмаған еді.

Осындай нақты қолдау шаралары Семейдегі шағын және орта бизнес өкілдеріне шектеу шараларынан аман қалып қана қоймай, жаңа қызықты жобаларды жүзеге асыру арқылы өз мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасады.

Жалпы, қала мен оның ауылдық округтерін ғана емес, сонымен қатар облыстың жақын аудандарын да қамтитын Семей өңірі бойынша ағымдағы жылдың тоғыз айында «Даму» қоры жалпы сомасы 2,64 млрд. теңгеге 64 субсидиялау шартына қол қойды және жалпы сомасы 1,382 млрд. теңгеге 87 кепілдік берді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 47 пайызға артқан. Тоғыз айда төленген субсидиялардың жалпы көлемі 300 млн. теңгеден асты.

Екатерина Балтабаева айтып өткендей, биыл қор қызмет көрсету, туризм және сауда саласындағы көптеген қызықты жобаларды қолдады. Соның нәтижесінде жақын арада «Даму» қорының қолдауымен Семейде жаңа мейрамханалар мен дәмханалар ашылады.

Алакөл жағалауында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Соңғы жылдары бұл бағыт белсенді дамып келеді және айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Ақшалай қаражат қазақстандықтар мен елімізге келетін қонақтардың жайлы демалуы үшін бірегей көл жағалауының инфрақұрылымын дамытуға бағытталады.

«Атлантида» демалыс базасының иесі, семейлік Зәуреш Өмірханова да бұл іске өз үлесін қосуды ұйғарды. Бұған дейін мұнда тек 30 адамға арналған қонақ үй бөлмелері ұсынылған. Қонақ үйдің аумағын кеңейту үшін қосымша ғимарат салу туралы шешім қабылданды.

Жобаны іске асыру үшін «ЦентрКредит Банкі» былтырғы қазанда Зәуреш Өмірхановаға жылдық 15 пайыз мөлшерінде қаржылай көмек көрсетті, оның ішінде «Басым жобаларға несие беру тетігі» бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы жылдық тоғыз пайызын мемлекет өтейді, осылайша, кәсіпкер несиені жылдық алты пайыз мөлшерлемемен ғана төлейді.

Алакөлдің жағалауында заманауи музыкалық және жарық құрылғыларымен, декорациялармен және үлкен LED-экранмен жабдықталған концерт алаңының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жай ғана сахна емес, эстрада жұлдыздары шақырылатын ірі концерттер мен мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға арналған тұтас кешен болмақ. Оған әкімшілік ғимарат, артистер мен алаң қызметкерлеріне арналған шағын қонақ үй, сонымен қатар мейрамхана кіреді. Бұл жобаны жүзеге асыру облыс әкімі Даниал Ахметовтің бақылауында.

Мұндай жобалар өте көп. Екатерина Балта-баеваның айтуынша, «Даму» қорына Start Up бойынша бизнес-жоспар жасауға кеңес алу үшін болашақта өз ісін ашуды армандайтын жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар көптеп жүгінеді.

– Адамдар өз ісін ашу қажеттігі туралы пікірді әр жерден естиді. Бұл жайлы теледидар мен интернетте айтылып, газеттер де жазады. Мем-
лекет ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге көмек-тесуге дайын, бұл үшін қорда Start Up-жоба-ларды қолдауға арналған арнайы бағдарламалар бар. Бірақ әдетте, бизнестің осы санатын қаржыландыруда екінші деңгейдегі банктердің қолдауы әлсіз. Оның бір себебі – бизнесті жүргізу тәжірибесі мен бастапқы меншікті капиталдың болмауы, – дейді Екатерина Балтабаева.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, банктер өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде аз болса да тәжірибесі бар, белгілі бір тұтынушыларын жинаған, таңдаған саласына біраз бейімделген және бастапқы жарнаны төлеу немесе жобаны іске асыруға үлестік қатысу үшін белгілі бір қаражат сомасын жинаған ісін жаңа бастаушы кәсіпкерлердің жобаларын қаржылан-дырады. Қорда жеке кәсіпкер ретінде тіркелген автобус жүргізушілерінің жобалары қолдауға ие.

– Барлығын шағын кәсіптен бастаған жөн. Егер кәсіпкерлік қызмет тәжірибесі болмаса, қандай да бір ірі жобаны іске асыруды қолға алудың қажеті жоқ. Тіпті бір қарағанда оңай болып көрінетін сауда бизнесінде де тәжірибесіз кәсіпкерді банкротқа ұшыратуы мүмкін көптеген қиыншылықтар бар. Сондықтан жаңа және бейтаныс істі қолға алмас бұрын, нарықты мұқият зерттеп, таңдалған саланың қыр-сырын меңгеріп, сонымен бірге бастапқы капиталды да жинақтаған дұрыс, – деп кеңес берді Екатерина Балтабаева.

Софья Соболевская

 Семей.

Осы айдарда

Back to top button