Мәдениет

Үш жүзден астам талантты қанат қақтырған «Қайнар» театры

Үш жүзден астам талантты қанат қақтырған «Қайнар» театры

Семей қаласына қарасты Қайнар ауылындағы Әміре Қашаубаев атындағы «Қайнар» халық театрының тарихы ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастау алады.

«Біздің жігіттерден» бастау алған өнер жолы

Үш жүзден астам талантты қанат қақтырған «Қайнар» театры

1928 жылы сол кездегі ауыл жастары Оспан Малқарбаев, Нұрғазы Құсатаев, Рымжан Нұрланова, ал 1957 жылдан бастап Қайнар совхозы өз алдына енші алғанда суретші Кәшжан Туғанбаев, ақын Кәшаф Туғанбаев, мұғалім Әрін Иманақышев, байланыс қызметкері Қайырхан Тілеубеков, есепші Сайлау Зекенов пен Төкен Ибрайымовтар өнер шаңырағының негізін қалайды. Ел ішінен шыққан тума таланттар сол кездері кәсіби актер болмаса да, «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» сынды лиро-эпостық қойылымдарды сахналайды.
1969 жылдың желтоқсан айында Қайнар ауылының Мейрамғали Исатаев, Сайлаубай Қалиев бастаған өнерпаздары Бейімбет Майлиннің «Біздің жігіттер» атты музыкалық комедиясын дайындап, тұңғыш рет республикалық байқауға қатысады. Мейрамғали Исатаев қоюшы-режиссер, Болат Жанболатов пен Сайлаубай Қалиев оның көмекшілері болған қойылымда фельдшер Төлеу Әбдірахманов, Сандуғаш Әлібаева, есепшілер Амантай Бекбаев, Қатшыбек Нұрланбеков, Сайлау Қалиев, Болат Жанболатов, мұғалімдер Әнуар Мұқашев, Кәкім Жұмәділов, Руслан Кенжебаев, кітапханашы Қарлығаш Мұхтарова, әнші Бикен Өмірғалиева, құрылысшы Самат Тоқашбеков рөлдерде ойнайды. Жас ұжым мұндай үлкен өнер додасына алғаш рет қатысса да, айды аспанға шығарып, І дәрежелі дипломмен марапатталып, республикалық фестивальдің лауреаты атанады. Лауреат атанып қана қоймай, «Халық театры» деген құрметті атақты иеленеді. Айтпақшы, осы республикалық байқауда қайнарлық 11 өнерпазға республикалық байқаудың лауреаты, Сандуғаш Әлібаеваға республикалық байқаудың дипломанты деген атақ беріледі.

Бүгінгі актерлерде пікір дәптер бар ма?

Үш жүзден астам талантты қанат қақтырған «Қайнар» театры

Бір жылдан кейін өнер ұжымы Әміре Қашаубаев атындағы «Қайнар» халық театры деген жаңа атауға ие болады. Осы жылы Б.Құрманқұловтың «Айқас күндері» атты драмасы мен М.Дүзеновтің «Қызылжар қорғаны» пьесасын сахналайды.
– «Қайнар» халық театры атағын алмай тұрғанда біздер көркемөнерпаздар байқауына қатысып жүрдік. Мен 1965 жылдан бастап көркемөнерпаздар ұйымының мүшесі болдым. «Жастар, ауылдың интеллигенттері өздеріңсіңдер, сендер ауыл мәдениетін көтеруге тиіссіңдер» дейтін еді бізге үлкендер. Осылайша біз қолымыздан келгенше ауыл мәдениетін көтеруге атсалыстық. Бұл ретте сол кездегі совхоз партия комитетінің мүшесі Орынғали Сәдуақасовтың еңбегі зор болды. Біздер, жастар түні бойы дайындықта жүріп таңертең жұмысымызға баратынбыз. Ешкімге ренжімейтінбіз. Жексенбі күндері жақын совхоздарға өзіміздің дайындаған спектакль, концерттерімізді қоятынбыз. Пікір дәптерімізге сол совхоздардағы көрермендердің пікірлерін жазғызып алатынбыз. Қазіргі кездегідей автобус жоқ. Автоклубтың іші суық. Дайындық аяқталған соң әзірлеген қойылымдарымызды өзіміздің созхоз басшыларына көрсететінбіз. Клуб үйінің сахна перделерін, шиырмаларды өз ақшамызға сатып алып жаңартқан кездеріміз де болды, – деп еске алады өзінің естелігінде осы театрға ерекше еңбек сіңірген өнер ардагері Әнуар Мұқашев.
Театрға 1979-1982 жылдары режиссер болған, өнер ордасының іргетасын қалаушылардың бірі Серік Ақышев «40 жылдық өмірінде осы ауылдың 300-ге тарта жастарын өнерге баулып, Абыралы елінің мақтанышына айналған өнер ордасы» деп пікір білдіріпті.
Осы өнер ордасының белсенді мүшесі болған Сабыржан Төкенов «Театрдың 40 жыл ішіндегі мен білетін мүшелері сахнада еркін, таза актерлік жүрегімен беріліп ойнайтын. Жастығымыз болар, албырттығымыз болар, бірімізден-біріміз озып, асып түсуге асығатынбыз» деп ағынан жарыла лебізін арнапты.
Ойды ой түртеді. «Пікір дәптерімізге сол совхоздардағы көрермендердің пікірлерін жазғызып алатынбыз» дейді Әнуар Мұқашев жоғарыдағы естелігінде. Көрермендердің пікірі демекші, бүгінгі актерлерде пікір дәптер бар ма екен, осы?! Көрермендер пікірі, жанкүйерлер лебізі бүгінгі актерлер үшін қаншалықты құнды? Өнерге деген осындай қылаусыз құрмет, алғаусыз адалдық бүгінгі актерлерде бар ма?

Талайды тамсандырған Темірханов

Үш жүзден астам талантты қанат қақтырған «Қайнар» театры

Бүкілодақтық және республикалық фестивальдердің лауреаты Хасен Темірханов осы өнер ұжымында әлі күнге дейін табан аудармай еңбек етіп келеді. Өзі актер, өзі режиссер Хасен Темірханов театрға қалай келгенін тебірене еске алады:
– 1969 жылы Қайнарда оқу бітірдік. Бітіргеннен кейін оқуға барып, оған түсе алмай ауылға қайтып келдім. Өзім жасымнан суретке бейім болатынмын. Абайдың 150 жылдығында аудандық газетке хабарландыру шықты. «Абайдың өлеңдеріне байланысты кім жақсы сурет салса, соны «Қайнар» театрына суретшілікке аламыз» деген. Содан кейін Абайдың жайлаудағы кейпін бейнелеген суретін салдым да «Софхоз туына» қоя бердім. Содан не керек, әлгі байқауда бірінші орын алып, 1970 жылы мамыр айында «Қайнар» халық театрына суретші болып орналастым. Содан бері міне, қырық жылдан астам уақыт болды, осында жұмыс істеп келемін. 1991 жылға дейін, яғни, Абыралы ауданы құрылғанға дейін суретші болып жұмыс істедім. Одан бері режиссер болып еңбек етіп келемін. Осы уақыт аралығында көптеген қойылымдар қойылды. Ш.Айтматовтың «Жәмила», С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер», М.Ибраевтың Шәкерім туралы драмасын сахналадық.
1970 жылдан бері театрдың ыстығына күйіп, суығына тоңып, бейнеті көп, берекесі аз демей, ерінбей еңбек етіп келе жатқан өнер иесінің осы жылдар мұғдарында ойнамаған қойылымы, сахналамаған спектаклі аз. Театрдың іргетасы қаланған 1969 жылдан бері 60-тан астам қойылым көрермен назарына ұсынылса, соның 10-ға жуығы Хасен Темірхановтың авторлығымен сахналанды.
-Мен Әміре Қашаубаев атындағы «Қайнар» халық театрын үш қырынан танимын, – дейді өнер иесі. – Біріншісі, аты аңызға айналған «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» спектакльдерін сахналаған ардагер ата-апаларымыз арқылы. Екіншісі, театрдың іргетасын қалаған алғашқы қарлығаштар, бүкілодақтың фестивальдің лауреаттары, 22 өнерпаз. Үшіншісі, өнерде өзіндік өрнегі бар театр әртістері мен алдыңғы буынның жолын жалғаған бүгінгі «Қайнар», «Мейзек» ән-би ансамбльдері арқылы.
Көптеген өнер додаларына қатысып, сандаған шәкірт тәрбиелеген өнерпаз білгенін, түйгенін жастарға үйретуден әсте жалыққан емес.
– Ауылда «Жас қанат» драма үйірмесі жұмыс істейді. 1991 жылы Абыралы ауданы ашылған кезде өзім құрғанмын. Сол үйірмеге 4-сыныптан бастап қатысқан Бисат Сабыров, Ұлан Ысқақов сынды оқушыларым Семейде оқу бітіріп, туған жерлеріне оралып, қазір осындағы театрда қызмет істеп жатыр. Бисат Шағыров – әнші әрі актер. Ұлан Ысқақов – Қайнар ән-би ансамблінің жетекшісі, – дейді Хасен Темірханов.
Театрдың соңғы сахналаған қойылымдарының бірі – С.Балғабаевтың «Құдағилары». Өнер ұжымы былтыр осы қойылыммен Семейдегі Абай атындағы театрдың 80 жылдық мерейтойына орай өткен халық театрларының фестиваліне қатысып қайтыпты. Театрдың бір актрисасы «Ең үздік әйел образы» аталымы бойынша марапатталыпты.

Керек дерек

1974 жылы Қайнар халық театры республикалық фестивальдің лауреаты атағын екінші мәрте жеңіп алды. 1976 жылы театр бүкілодақтық фестивальға қатысып, Қ.Сатыбалдиннің «Махаббат машақаты» пьесасын сахналап, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Осы байқауда Серік Ақышев, Нұрғайша Оспанова, Хасен Темірханов, Аманжол Бекбаев, Қатшыбек Нұрланбеков, Сайлаубай Қалиев есімді театр өнерпаздары «Халық театрының әртісі» деген куәлік иеленді.

Азамат Қасым

Осы айдарда

Back to top button