Мәдениет

Үш шың, төрт ойпат

 

Үш шың, төрт ойпат

Анау Арктикадағы ақ аю Өр Алтайда бар десе, сенер ме едіңіз? Әй білмеймін. Оны қойып теріден киім киіп, үңгірлерді мекен ететін жабайы адамдар бар деседі әлі күнге.

Қытай. Алтай қаласы. Кешкі астан кейін қонақ үйге жайғастық. Не заманда есік қағылды. Аштым. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді», деп кірді ширақ жүрісті ақсақал. Алпыс емес, жетпістен асқан Түсіпбек Сламханұлы. Әлемдегі биік шыңдарды қырық жыл суретке түсіріп, төрткүл дүниеге паш еткен профессор, фотосурет докторы. Ел амандығын сұрасқаннан кейін кеңінен әңгімелестік. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ деп осы кісіні айтуға болатын шығар. Ертіске құятын он екі өзеннің басында үш жыл жүріп, Қазақстанға өтер жеріне дейін суретке түсірген.

Адам аяғы баспаған Алтай

– Осы күнге дейін аспанмен астасқан Алтай, Хан Тәңірі, Шөгір шыңдары мен Тарын, Жоңғар ойпаттарын араладым. Өлім мен өмірдің ортасында жүрдім, табиғаттың небір тылсым күштерін көрдім, – деп бастады әңгімесін Түсіпбек аға.

– 1994 жыл. Алтайдың солтүстігінде Қанас көлін маңдайға алдық. Әлемге бұл жерді таныстыру үшін ең биік нүктесі – Достық шоқысын фотоға түсіру керек еді. Көздеген шоқым Қанастың бас жағында. Жолға төрт адам шықтық. Тұрысбек пен Мұратхан жол бастады. Бірі ауданның ауыл шаруашылығын, енді бірі табиғат қорғауды басқарады. Туалардың ішінен де сенімді біреуі бірге жүрді. Туа деп отырғаным тегі моңғол. Үшеуінде үш мылтық. Менің өз «мылтығым» бар.

Қанастың басына жеткенде, сіркіреп жауын құйды. Қарағайдың түбінен аттап баса алмай қалдық. Сол жерде азығымызды алып шығып әлдендік. Ақкөлге қарай ертеңін бірақ жылжыдық. Кешегі соқпақ жоқ. Бұғының жапырып өткен жолы ғана. Көлденең құлап жатқан қарағайлардан аттың аттап өтуі мұң. Сұлап жатқан ағашты қойып, көк майса шөпті жарып өтудің өзі қиын. Ақ көбігін аспанға атып жатқан бірнеше өзендерді кештік. Түс ауа ну орманның арасынан ашық алаңқайға шыға келдік, сона мен маса буып тұр. Аспаннан тоқымдай жер көрінбейді. Шаққанда қаныңды суша ағызады. Жолдың машақатын көріп, төрт күн жүрдік.

Бір белестен асқанда Ақкөл жатты. Айнадай көл. Балығы су бетінде шоршиды. Бас-аяғы тоғыз шақырым. Адам табаны тимеген көркем табиғат. Айналасы ит тұмсығы өтпес қалың жыныс. Ат үстінде отырғанның өзінде балақтарымыз қызылқат пен қарақатқа боялған. Бұғы-марал өріп жүр. Анау жақпар тастардан «аңқиттаған» суырдың дауысы шықты. Аң-құстары үрке қашпайды. Тайыншадай бір аю бізге қайта-қайта қарайды қызықтап. Суретке түсіріп алдым. «Мұнда төрт қауіп бар» деп кілт тоқтады жол бастаушымыз. «Біріншіден, найзағай көп түседі, екіншіден, өткел бермес өзен бар. Содан кейін оппа дейді, жер саз. Байқамасақ сорып әкетуі мүмкін. Төртінші қауіп – аю. Ұйықтап жатқан немесе қонжығымен жүрген аюға кездессек, оңай құтылмаспыз», – деді. Деді де әрқайсымыздың көзімізге тура қарады. Аяңдап келеміз. Жер бетінде осыншалық сұлу жердің барына аң-таңмын. Құстардың сайраған үні, жұпары аңқыған гүлі, бәрі-бәрі шынайы, табиғи.

Аттар көк майсаны бырт-бырт жұлып аяңдайды. Жақыннан өзеннің гүрілі естілді. Асау өзен екен. Баяу жылжитын тұсын барлап келеміз. Тереңдігі бір құдайға ғана аян. Өтсек, өтейік деп, Тұрысбек бірінші қойып кетті өзенге. Орта тұсына жетіп үлгірген жоқ, қатты ағыс атымен қоса ағыза жөнелді. Жиырма метрдей ағып барып аты ағашқа ілінді. Көптеп көмектесіп шығарып алдық. Оппасын да көрдік. Атым түсіп кетті. Өзім терекке жармасып, шықтым. Бұлқынып қоймаған атты одан әрі сорып әкетіп барады. Басқан жеріміз былқ-былқ етеді. Қасымдағы жігіттер тәжірибелі әйтеу. Аттың кеудесінен ағаш өткізіп, біраз демалтты да екі атқа арқан байлап суырып алды. Ендігі қауіп – аю. Ақырған аюға кездессек, аман қалуымыз екі талай. Сондықтан Қара шоқының етегіне дейін улап-шулап жүрдік. Жете салысымен аттардың ер-тоқымын алып, маңайға арқандадық. Әбден жауыр болған аттардың үстіне шыбын-шіркей үймелеп мазаларын қашырды.

Түн. Ызғар бар. Аң-құстардың дауысы дәл құлақтың түбінен естіледі. Себелеген жаңбырдан қорғанатын шатыр да жоқ төбемізде. Арқандаулы аттар алаулап жанған оттың маңынан ұзамайды. Әлденеден үрейленетіндей. Таң ағарып атқанша, кірпік іле алмадық. Ертесінде әрі қарай жүруге мүмкіндік жоқ деп кері тартты бәрі. Ондағысы аттың бәрі жауыр. Мен бірақ Достықтың дәл бөктеріне жетіп алып шегіне алмаймын деп кесіп айттым. Еңбектесем де бір биікке шығып, Достықты суретке түсіруім керек. Жол бастаушыларым «біз көріп отыратын бетпен шық» деп қолыма мылтық ұстатты. Достыққа қарсы жатқан Қара шоқыға тігінен тік бес сағат жүрдім. Бес сағат өрге жүруді ойлаңыз… Анандайда Достық шоқысы көрінді. Баурайында жөңкіліп бұлт көшіп барады. Көрініс ғажап. Аяғымның астында саусақтай болып кристалл тастар шығып тұр. Бір-екеуін сындырып алып, түсіп келе жатсам, етектен бір құмай көрінді. Суда жүзіп барады. Әппақ. 500 метрдей жақындап фотоаппаратпен тартып көрсем-ақ аю. Кәдімгі ақ аю. Алтайда ақ аю барын естігенімізбен, сенбейтінбіз. Көнекөздердің айтуынша, Арктикадағы аю емес, кәдімгі қоңыр аюдың азған түрі деседі. Бірнеше рет түсірдім суретке. Адам барын сезді ме, мұзды жағаны жалдай қашты.

Қуанышымда шек жоқ. Бойдағы қорқыныш тарқады. Жол таныс. Құлдилап келемін. Сайға түсе бере аяғымның сіңірі тартылып, орнымда қаттым да қалдым. Амалым қалмаған соң екі рет мылтық аттым аспанға. Тұрысбектер атпен шауып келіп, жатқан жерімнен алып кетті. Он төрт жылдан кейін Достық шоқысына қайта бардық. Бірақ ақ аюды кездестіре алмадық.

Көз алдымда тау көшті

Хан тәңірі. Биіктігі – 7010 метр. Сонау заңғарды суретке түсіретін биік нүктені іздеп алты жылда 5 мың шақырымды артқа тастадым. Жаман көлікті салдырлатып Тағалақ деген фермаға жетіп, Обыл деген бастығымен сөйлестік. Ол жерде қауіп көп деп бұдан әрі жүруімізге үзілді-кесілді қарсы болды. Алған беттен мен қайтам ба?! Алайда, Обыл бір-екі күн тұра тұруымды өтінді. Қайын атасының науқаны, соған көп ұйғырлар келеді екен. Соларды суретке түсіруімді сұрады. Науқанның сауабы тиетінін де айтты. Дегеніндей екі күн күттім. Содан сол таудың сілемдерін бес саусағындай білетін Нұрақын деген ұйғыр аңшымен таныстырып, қолына қағаз жазып берді.

Жолға ерте қамдандық. Нұрақынның қобалжулы қимылына қарап, басып өтер жолымызда небір қорқыныштың күтіп тұрғанын сездім. Артық жүк те алған жоқпыз. Ат тұяғы тасты жолға шақ-шұқ тиіп келеді. Ең шеткі отырған малшының қыстағына жетіп тоқтадық. Обылдың жазып берген қағазын әлгі малшыға ұсынып еді, жалма-жан қорадан бір мал алып шығып бауыздап жіберді. Әп-сәтте сойып, етін бөлшектеп, қапқа салды да Нұрақынға ұстатты.

…Иен таудың ішіне кірдік. Биіктігі көз жетпес шың. Жол жиегі терең шыңырау. Төменде буырқанған дария ағады. Аттан түсіп, жартасты жиектен төменге көз тастадым. Ақ көбікті атқылап аққан өзен үйдей тасты ағызып барады. Өне-бойым шымыр етті. Нұрақынның айтуынша, мұндайда үш адам жүру керек екен. Алда-жалда мен бір жазатайым оқиғаға ұшырасам куә болатын біреу болуы керек-ті. Бұл сөзінен кейін Нұрақынның өзінен үрейлене бастадым. Қолындағы мылтығына ұрлана қарап қоямын. Менде 20 келілік аппараттан басқа түк жоқ.

Көз байлана аялдауға тура келді. Қалың қарағайдың түбіндегі бопырға жатайық деп едім, Нұрақын керісінше ашық жерге жайғасты. Найзағайдан сақтанса керек.

– Бұл жерден ит-құстың алты күшігін алған едім. Кекшіл келеді емес пе, от тұтатып қояйық, – деп маңайдағы кепкен бұтақтарды жинастырды. Қызыл жалын қара түнді тілгілеп жана бастады. Кеше жолға шығарда «барған жерден қазан табылады» деген болатын. Сол қазанды үйінді тастың бір қуысынан алып шықты. Түбі тесік. Шапанымнан мақта суырып алып тығындап қойдым. Ұйғыр аңшылықтың қыр-сырын әбден меңгерген ғой, етті сылып-сылып сүйегінен ажыратты да істік темірге тізіп қақтады. Отқа қақталған еттің дәмі қандай, тіл үйіреді. Қалған етке тұз сеуіп, қарағайдың бас жағына ілді. Түн суып барады. Жанған оттың шоғын сиырып, тоқым төсеп сонда жаттық. Тасқа өткен оттың қызуы белді қыздырады. Көз ілініп бара жатқаны сол, төңіректен қасқыр ұлыды. Шырт ұйқыдағы Нұрақын бұл дауысқа елең етпеді. Аңшының мылтығын өз жағыма алып қойдым.

…Шу-шулеп әлі жүріп келеміз. Қорым тастардың арасынан ат тұяғын әзер алып өтеді. Өрлеген сайын қалың қарағай сирей түсті. Күн жүрдік. Айналамызда шағыл тас пен құзар шыңдардан басқа қылтиып өскен өсімдік жоқ. Жүгірген аң, ұшқан құс көрінбеді. Тек аю мен қодастың кепкен тезектері ғана кездеседі аяқ астынан. Кеуіп қалған. Соларды жинап түтін түтеттік. Аю көп екен сөйтсем. Аттарға шабуы мүмкін десті. Сөйтіп, аттарды түтіннің ортасына арқандап қалдырдық та жаяу өрледік. «Денсаулығыңыз бар екен» деп қояды аңшы жігіт ентігін баса алмай. Мен мектепте он шақырымға жүгіру командасында болған едім. Сол шыныққаннан әлі күнге дейін сергектікті сезінемін.

Құз-қиянның арасынан шыға бере үйінді тас кездесті. Үстінде су, арақ, ішіп-жем қойылған екен. Осыдан жей бермейміз бе деп әзілдеп қоямын. «Кәпірдің дүниесі» деп Нұрақын әзілді сап тыйды. Сөйтсек, осы жерде жапонның жігіттері мерт болған екен. Біз басып тұрған жердің беті екі метр ғана тас пен топырақ. Ал асты қалың мұз. Ауа температурасына байланысты мұз атылады екен кейде. Анау жапондықтар мұз жарылған жердің астына жұтылып кеткенге ұқсайды. Нұрақынның айтуынша, алты жапонның төртеуі өліп, біреуінің аяғы сыныпты. Енді бірі жаралы досын алып қайтып, болған жағдайды баяндаған. Араға бір жыл салып мерт болғандардың әке-шешесі осы белгі тасты қойып кеткен. Табан асты сытыр-сытыр етті. Тұра қаштық. Артымызға бұрылып қарауға мұрша болмады. Қап-қара жердің аспанға атылғанын білемін. Әп-сәтте шаң басылып біз тұрған жерден үлкен көл пайда болды. Мұндайды кім көрген?! Алапат күш. Өлімнің табалдырығында жүргенімізге көзім әбден жетті.

Түндігі түнді сүйген Хан тәңірі әлі көрінбеді. Күннің көзі шақырайып шығып тұр. Мұндайда сәтті сурет шығары сөзсіз. Бірақ қар еріп, көшкін жүру қаупі бар. Жартастардағы анау мұздың бір бөлігі опырылып кетсе де жетіп жатыр. Нұрақын мылтық атып көрді. Дүңк еткен мылтықтың дауысы жақпар тастарды аралап кете берді жаңғырып. Төбеден төніп тұрған мұздар сірескен қалпы. Жүгіре жөнелдік. Қысым жоғары, тез шаршай бастадық. Терең демала алмаймыз. Өкпені қысады. Ендігі көздегенім – Хан Тәңіріне қарама-қарсы қорым бет. Аңшы жігіт «өлесің» деп бұра тартып еді, мен болмадым. Бала-шағасына деп ақша бердім. Құдайдан тілек тілеп, құран оқыды отыра қалып. «Аллаху акбарымды» айтып сонау мұнартқан биікке беттей беріп едім, айғай салып тоқтатты да «қағаз жазып, қолыңды қой» деді. Мен мерт болсам, соның жауапқа тартылатыны анық. Сөзге келместен жазып бердім. «Қағаз жазбайды деп ойлап едім, тас жүрек екенсіз» деген қалпы ұн-жырғасы түсіп отырып қалды.

Қолға бір-ақ аппарат алдым. Оның өзі – 20 келі. Өрлеп келемін. Егіліп жатқан шағыл тастарда жүріс өнбейді. Бір метр көтерілсем, екі метр сырғып түсемін кейбір жерде. Қара тер деген күртінің сыртына дейін шықты. Белгісіз бір ыс бар сонау биіктікте. Тынысты тарылтады. Мұндайда жан қалтама салып алған құрт пен у сарымсақтан жеп отырдым. Көмектесетін сияқты.

Өліп-талып ұшар басына шыққанда жарқ етіп Хан Тәңірі көрінді. Балтырымнан бұлт кешіп аспанда қалықтап тұрғандаймын. Қарсы алдымда – алып шың. Ғажап шіркін. Батып бара жатқан күн Тәңір таудың маңдайынан иіскеп тұрғандай. Одан сайын жарқыратады. Сағатыма қарадым. Анау етектен бері төрт сағат жүріппін. Төккен терімнің ақталғаны осы шығар. Фотоаппаратты құрып жіберіп, сатырлатып суретке түсіре бастадым. Аппараттың түймесін жүз рет басып үлгеріппін. Қуанышымда шек жоқ, етекке дейін сырғанап түстім. Нұрақын далбақ қағып алдымнан шығып құшақтай алды. Дереу жиналып, мұзды шатқалдан өтіп үлгіргеніміз сол, гүрс етіп атылды. Қорғаншақтай басымызды көтеріп ізімізге қарасақ, жаңа ғана сайрап жатқан жол жоқ. Орыны оғыр-шоғыр тау болды да қалды. Сонда көрдім таудың көшкенін.

Хан Тәңірін түсірген суретім мемлекет бойынша төрт рет сыйлық алды. Еңбектің ақталғаны осы емес пе?!

Ортеке биі

Ендігі меже – Кашмир мен Пәкістан шекарасындағы Шөгір шыңы еді. Биіктігі – теңіз деңгейінен 8 мың 611 метр. Оған апарар жолдың да соқпағы көп. Көздеген биігім Қашқарияның аумағына қарайтындықтан, қағаз жұмыстарымды сол жақта реттедім.

Үш шың, төрт ойпат

1997 жылдың жазы болатын. Ат басын Қағылық ауданына тіредік. Мен мінген көлік ары бара алмайтын болды. Сол жерде басшылары жиын ашып, шопырымен қосып биік көлік берді. Тоқтамаған күйі зуылдап «Жунго» мен «Инста» шекарасындағы «Маза далаға» тарттық. Өздері «Мазалы» деседі екен. Байланыс мүлдем жоқ ол жақта. Жанды шүберекке түйіп, өліммен бетпе-бет келуіміз мүмкін екенін қайта-қайта ескертті. Мен ол кезде 20 келі жүкпен күніне 20 шақырымды оп-оңай басып өтер едім.

Бұдан әрі көліктің жүрісі баяулап, мотор үні ышқына-ыңырана берді. Бауыры жерден биік болғанымен, қорым таста қозғалуы қиын. Жаяулатып келеміз. Екі әскер жол бастады. Сөйлесуге мұрша жоқ. Ырс-ырс етіп, шатқалдың аузына таядық. Төбеден қазандай тастар ұшып келіп алдымызға түседі. Табан астың дір ете қалады. Төбеңе түссе… Біткен жерің сол. Не де болса тар шатқалда мысықтабандап келе жатырмыз. Сол жүргеннен тоқтаусыз Рескем қыстағына жеттік. Бір күн демалып, ауасы мен суына үйреністік. Тақыр тау. Тым құрығанда бір бұлақ жоқ. Өздері суды 27 шақырым жерден тасып ішеді екен.

Ертесінде жер бетіне жарық түсе сала жолға шыққамыз. Күн жүрдік. Анау иықтан адамдардың қарасы көлбеңдейді. Қыстақ па деп қоямын. Ұқсамайды. Жақындап келеміз. Бір-екеуі маған үрейлене қарады. Киген киімдері аңның терісі. Тас дәуірі елестеді. Үңгірлерді паналайды. Жол бастап бара жатқан Тұрды «жабайы қырғыздар» деп таныстырды. Заманның дамуынан әлдеқайда қалыс қалыпты. Тіпті, менің көзілдірігімді көріп, таңғалған кейіп танытты. Ертеден бері 21 отбасы, 122 адам тұрақтап қалыпты бұл маңда. Сорайып өскен ағаш жоқ. Үңгірлерді мекендейтіні де сол. Топырағы қорым, керпіш жасауға да жарамайды. Үңгірлердің кіреберістеріне тері, киіз жаба салады. Әр үңгірдің маңында қашыр, есек байлаулы тұр. Мініске пайдаланатын шығар. Негізгі азықтары ет пе деп қалдым. 

Мал көп. Шоқылардың маңайы толған көк ешкі. Еркіндікте жайыла береді. Жайыла беретіндей шөп те жоқ. Сай-салада ғана. Үңгірлердің маңайында қолдан өсіріп отырған кептерлерді көзім шалды. Малдың еті жалықтырып бара жатса, соларды да азық ете ме деп қалдым. Ең шеткі үңгірлердің біріне жайғастық. Буы бұрқырап ет келді. Қақтап пісірген екен. Арнайы ала шыққан үш келі кәмпитті таратып бердім бәріне. Әңгімелері түсініксіз, шүлдір сөйлейді. Түсінгенім, дәрияның бетіне мұз қатқаннан кейін етектегі елге барып сауда жасайды. Оның өзінде де ақша айналымы деген жоқ. Затпен зат алмастыру. Үш-төрт күнде тұрмыстарымен етене жақын таныстық…

Күн шығар-шықпастан сапарымызды одан әрі жалғастырдық. Екі әскер кері қайтып, осы жердің тау-тасын жақсы білетін қос қырғыз алда жүрді. Біреуінің есімі Зиядан екені есімде. Ерттегеніміз есек. Үстінде сырғып отыра алмадым. Үзеңгілестерім байқады ғой деймін, қодасқа ауыстырды. 4 мың метр биіктікте келеміз. Күн тас төбеге шыққанда керіштен шыққан жалын бетті шарпиды. Алаңсыз аяңдап келеміз. Бір кезде гүр етіп өзен ақты алдымыздан. Тасқыны қатты.

Ымырт үйіріле аялдап от жағып отырдық. Күндізгі ыстық жоқ. Түн күрт суытып, қапалақтап қар жауды. Далада жатырмыз. Мызғып бара жатсаң, өне бойыңнан өткен суық ұйқыны қашырады. Одан қалса тастың өткір қыры арқаға батады. Кейде осынау биікке қай құдай айдап келді деп қоямын. Ұлттық намыс. Басқа не?! Ертеректе Қытайда фотосурет көрмесі өтіп, біреудің екі суреті жүлделі болады. Сондағы бір суретте шылауыш, оның сыртынан шыт тартқан әйел өгізге мініп келеді. Тақырыбы – «Қазақ әйелі». Е-е-ей, әйелді қазақ қашан өгізге мінгізіп еді?! Суреттің авторы – өзге ұлт. Намыстан жарыла жаздадым. Содан бастап мойныма фотоаппарат ілдім. Көркем көріністің бәрі қазақ тұрған жерде. Шетелдіктер қаңғып келіп біздің жерлерді суретке түсіріп, әлемге әйгілеп жатады. Осыны өзіміз неге танытпаймыз? Салт-дәстүрімізді сақтап қалу үшін де суреттің маңызы зор еді. Мысалы, қыз қууды қазақтың махаббаты деп шатастырып жатады. Шындығында, бұған махаббаттың еш қатысы жоқ. Қазақтың дәстүрі демекші ортеке билететін біреу бар ма қазір?! Баяғыда бір Манастың асуындағы қыстаққа жолшыбай соққам. Жалғыз үй отыр. Киіз үйде шай ішіп отырсақ, түндігінен тау ешкінің лағы қарап тұр. Сөйтсек, сол үйдің баласы ортекені билетеді екен. Бала ысқырып, айқайлап еді, ортекең билей жөнелді. Кейін сол түсірген суретімді үлкен бір бастық көріп бейнеге түсіріп бер деді. Он жылдан кейін барсам бала да, теке де жоқ.

Екінші күн. Малшылардың отбасына жолықтық. Төрт түтін екен. Мынау таудың басында тіршілік етіп не күн туды бастарына?! Бұлардың мекені үңгір де емес, іргесін таспен жиып, төбесін терімен тартып тастаған қос. Құрақ ұшып күтті. Бой жазып бір түнедік.

Шөгір шыңы күншілік жерде ғана. Дәл түбіне таяғанда буырқанған өзен өткел бермеді. Тонна тартатын қодастың өзін жұта салардай. Межелеген шыңым көрініп тұр. Қарама-қарсысындағы биікке шықсам, сәтті сурет түсерін сезіп тұрмын. Нар тәуекел. Күн шығыс жақ бетпен өрлеп кеттік. Тынысымыз тарылып келеді. Бір биігіне шыққанда ми атылып кете жаздайды. Бастың тамыры солқ-солқ соғады. Ұйытқыған жел өкпенің тынысын одан сайын тежейді. Ұшар басына шықтық. Шөгір менмұндалайды. Фотоаппаратты жартастың жиегіне құрып, кештің батуын екі сағат күттік…

Аппаратым сәтті суреттерге толып, түсіп келеміз. Төменге түссек, хансу жігітіміз ыс тиіп ес-түссіз қалыпты. Зияданның беті көгеріп кеткен. Терісі сыпырылып түсіп жатыр. Түн ортасында әлгі малшылардың қосына келдік. Қодастың сүтінен ұйытылған ашты айраннан ішіп, бетімізге жақтық. Таңертеңінде сергектік сезілді…

Керек дерек

Түсіпбек Сламханұлы 1946 жылы Үрімші ауданы, Ерентау қойнауында туған. Әке-шешесі 1916 жылдары Катонқарағай өңірінен Қытайға өткен. Мәдениет төңкерісі кезінде әкесі Тарымға айдалып, 1952 жылы қайтыс болған.

Кішкентайынан әкесінен айырылған ол суырдың терісін сатып, білім алады. Қазақ орта мектебінен оныншы сыныпты тәмамдағаннан кейін Қытай астанасы Бейжіңде 6 жыл оқиды. Қытай тілін еркін меңгереді. Қолға диплом алып, алыс қыстақта бір жыл жұмыс істеп көреді. 1968-70 жылдары ұсталық өнердің де басын бір шалған. Таға соққан, балбал тастар жасаған. Кейіннен қытай, қазақ тілінде биология сөздігін жазып шықты. Ауыл атауларын да бір кітапқа жинақтаған. 1971 жылдан бастап халық баспасында жиырма жылға жуық редактор болып қызмет атқарған. Бүгінде Үрімші қаласында тұрады.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button