Мәдениет

Үш мың жылдық тарихы бар қазан табылды

Үш мың жылдық тарихы бар қазан табылды

Зайсан ауданының тұрғыны Бақытхан Тілеужанов ойда жоқта қола дәуіріне жататын 3 мың жылға жуық тарихы бар құнды жәдігер тауып алды.
– Біз достарымызбен Жарлы өзенінде суға шомылып жүргенбіз. Өзеннің жағалауы опырылып құлап жатқан болатын. Бір кезде жағалаудағы жардан белгісіз бір заттың қылтиып шығып тұрғанын көзіміз шалды, барып, қазып алдық. Ежелгі заманнан жеткен дөңгелекше келген қазан екен, – дейді Бақытхан Тілеужанов.
Анықталғандай, табылған олжа мыстан жасалыпты. Ыдыстың ішіне түрлі құрал-саймандар салынған. Қоладан жасалған балта, балға, тағы басқа құрал-жабдықтар, сонымен бірге әртүрлі сақиналар толтырылған.
Бұл заттардың өте көне заманнан жеткен құнды дүниелер екендігін түсінген Бақытхан жәдігерді қалада тұратын ұлы арқылы Өскемендегі мұражайға жөнелтіпті.
– Біз бұл олжадан қандай да бір пайда табу ойымызға да келмеген, мұражайға өткізгеніміз үшін ақша да сұрамадық. Себебі, бұл – тарих. Бұл – біздің ата-бабаларымыздан жеткен жәдігер. Оны кейінгі буынның білгені абзал, – дейді Бақытхан Тілеужановтың ұлы Берікхан Тілеужанов.
Ал ежелгі дүниеден жеткен олжаны көрген мұражай қызметкерлерінің таңданысында шек болмапты. Олар мұндай сыйлыққа қатты қуанғандарын айтады.
– Табылған зат шамамен біздің дәуірімізге дейінгі сегізінші ғасырда жасалған. Менің білуімше, бұл аталған дәуірден жеткен Қазақстандағы үшінші қазан. Бұл олжаны ел тарихы үшін үлкен мәні бар өте сирек кездесетін жәдігерлер қатарына жатқызуға болады, – дейді мұражайдың ғылыми қызметкері Галина Куш.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button